ДИПЛОМ АЛДЫҚ, ЖҰМЫС ҚАЙДА

0
40

Бұл – әр түлекті ойландыратын ең алғашқы сұрақ. Ұзақ жылдық еңбектеніп оқып, нәтижесінде қолына диплом алған жас маман, алдымен қуанады. Бірақ сол қуаныштың артында алаңдаушылық та жатыр. Себебі оқу бітті, енді жұмыс істеу керек. Қайда жұмысқа тұрам? Мамандығым бойынша орын бар ма? Енді не істеймін? – деген сансыз сұрақтар мазаны алады. Бір ай бұрын ғана болашағы жарқын, үмітке толы түлек болсақ бүгінде жұмыссыздар тізіміне еніп кетуіміз әбден мүмкін.

Жыл сайын елімізде мыңдаған жас оқуын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады. Бірақ олардың бәрі бірдей өз орнын таба ала ма? Бұл – үлкен мәселе. Біреуі оқуын әрі қарай жалғастырғысы келеді, біреуі басқа салаға ауысып жатады, енді бірі шетел асып, «ақша табамын» деген үмітпен кетіп жатыр. Жыл сайын бітіруші түлектердің саны азаймайды, керісінше көбейіп келеді. Биылғы жылдың өзінде І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті бойынша жоғары оқу орның 218 студент аяқтап, қолдарына диплом алды. Әрине, бұл – үлкен жетістік. Бірақ қуанышпен бірге жаңа бір кезеңнің басталатынын ұмытпаған жөн. Енді алда – жұмыс іздеу, өмірлік жолын нақтылау секілді үлкен сындар тұр.
Бұл – әр бітіруші түлектің көкейінде тұрған ең үлкен сұрақ. Жоғары оқу орнын тәмамдап, қолына дипломын алған жас – енді сол білімін іске жаратып, жұмысқа орналасуды мақсат етеді. Бұл орынды. Себебі бірнеше жыл бойы тер төгіп оқыған еңбектің өтеуі – өз саласында қызмет ету. Дегенмен, барлығы бірдей бірден жұмысқа орналасып кете алмайды. Бірі дипломды алған бойда жұмысқа тұрып жатса, енді бірі әлі күнге дейін жұмыс таба алмай жүр. Міне, оқу жылы аяқталып, диплом алғанымызға бір айдан асты. Бірақ түлектердің көпшілігі қайда баратынын, қандай жұмыс істейтінін білмей әуре. Бірі оқуын ары қарай жалғастырсам дейді, екіншісі басқа мамандыққа ауысуды ойлайды. Ал кейбірі жай ғана үйінде жұмыс туралы хабар күтіп отыр. Жұмыс жоқ емес, бар. Бірақ іздеуші де көп. Бәсеке де күшейді. Әр салада мамандар көбейіп, бос орындар азайып барады. Сол себепті көптеген жастар шетел асып, жұмыс істеуді дұрыс көреді.
Жетісу облысы еңбек мобильді орталығының деректері бойынша Жетісу облысында 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмыс іздеу мақсатымен 25 794 адам жүгінген. Оның ішінде 24 609 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелген. Бұл азаматтардың 20 263-і жұмыссыз статусын алған. Ал 4 346 адам ұсынылған жұмыстардан бас тартқаны үшін тіркеуден шығарылған. Қазіргі таңда 14 226 адам жұмыссыз ретінде ресми тіркеуде тұр.
Бұл – тек Жетісу облысы бойынша көрсеткіш. Ал республика көлемінде нақты қанша адамның жұмыссыз жүргені белгісіз. Бірақ жағдай мәз емес екені анық. Жұмыссыз жүргендердің басым бөлігі – 40 пен 55 жас аралығындағы азаматтар.
Осы мәселені азайту үшін 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмыспен қамту саласы түрлі белсенді шаралар жүргізген. Нәтижесінде 15 895 адам қамтылып, оның 12 395-і жұмысқа орналастырылған. Алайда, соның тек 4 047-сі ғана тұрақты жұмыс тапқан. Қалғандары уақытша жобалармен шектелген.
Атап айтсақ:
Жастар практикасына – 334 адам,
Әлеуметтік жұмыс орындарына – 510 адам,
Қоғамдық жұмыстарға – 6 222 адам,
Алғашқы жұмыс орнына – 164 адам,
Ұрпақтар келісімшартына – 13 адам,
«Күміс жас» жобасына – 1 105 адам,
Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 335 адам,
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға – 630 адам,
ЭБТ онлайн оқытуға – 2 437 адам жолданған.
Сонымен қатар, 400 АЕК мөлшерінде 98 адамға грант берілген.
Дегенмен барлық шараларға қарамастан, жұмыссыздық мәселесі әлі де шешілмей келеді. Сол себепті де көп жастар шетелге кетуді таңдайды. Мысалы, ресми дерекке сүйенсек, 2023 жылы 191 мың, ал 2024 жылы 140 мыңнан астам қазақстандық шетелге жұмыс істеуге кеткен. 2025 жылы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін 218 түлек бітірсе оның 20-сы журналист мамандығын бітірген өзімнің әріптестерім. Олардың ішінде қазіргі уақытта бірі жұмыс тауып үлгерсе, енді кейбірі не істерлерін білмейді. Бірақ мен өз әріптестеріме сенемін. Сондай-ақ 4 жыл білім берген ұстазымыз Бибігүл Жұмашқызы «Білім берген әрбір студенттің бойынан тек жақсы қасиеттері мен жеке мінездерін көруге тырысамын. Болашақта олардан алған білімдерін тек өз пайдасына емес, қоғам игілігі үшін де жұмсайтын, адамгершілігі мол, жауапкершілігі жоғары, елін сүйетін, өз ісінің кәсіби маманы болатын жеке тұлғалар шығарына сенемін. Мен үшін ең үлкен арман – олардың үздіксіз дамуға ұмтылып, өмір бойы білім алуға жалықпаулары. Қазіргі заманда тек диплом алу жеткіліксіз, нағыз табысқа жету үшін адамның ой-өрісі кең, жаңашылдыққа бейім, сын тұрғысынан ойлай алатын, кездескен қиындыққа төзімді болуы маңызды. Шын жүрегімнен бітірген түлектердің әрқайсысы өз жолын тауып, адал еңбегімен ата-анасының, білім берген ұстаздарының үмітін ақтап, елімізге қызмет ететін тұлғаға айналса екен тілеймін. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Болашақта араларынан біреуі жаңа ғылыми жаңалық ашар, бірі мұқтаждарға көмек берер, енді бірі ел басқаруға атсалысар», — деп үміттенеді. Себебі ол студенттеріне білім беруде тек теориялық білім беріп қана қоймай, адами қасиеттеріне өзіндік пікірін еркін білдіруіне ерекше мән береді. Сондықтан шығар журналист мамандығын бітірген түлектер жұмыс таппай ұзақ уақыт қиналмайды. Ол ұстаздардың осындай білімінің арқасында ғана емес, «ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың», — деп Абай айтқандай, білімгерге тек білім ғана беріп қоймай, адам бойындағы құндылықтарды да сіңіре білген дұрыс.
Қазіргі жастардың білім деңгейі жақсы. Бірақ өз саласында жұмыс таба алмаған соң, басқа бағытқа кетіп жатады. Мысалы, қыздар тырнақ әрлеу, шаш үлгісін жасау, тәтті тағам пісірумен айналысса, ер балалар көлік жөндеу, құрылыс жұмыстарына кетеді. Бұл да – еңбек. Бірақ бізге кәсіби мамандар қажет. Елдің ертеңі білімді жастардың қолында десек, оларды өз саласында ұстауға тиіспіз. Алайда, шынайы өмірде мамандығы бойынша жұмысқа тұру үшін тек білім аздық етеді. Таныс, ақша, бос орын керек. Қаншама жас кадрлар бар, бірақ оларды ешкім орнын босатып қарсы алмайды. Барлық жерде «орын жоқ», «тәжірибең жоқ» деген жауап.

Осы мәселеге байланысты біз 28 маусым күні Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің бітіруші түлектерімен тілдескен едік. Олар болашаққа қатысты өз ойларымен бөлісті:
– «Алдағы уақытта магистратураға түсіп, білімімді тереңдеткім келеді. Әзірге жұмысқа орналаспадым, бірақ болашақта өз мамандығым бойынша биік белестерді бағындырамын», – дейді Талшын, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының түлегі.
– «Әзірге нақты жұмыс таппадым. Бірақ мүмкіндік болса, жұмыс істеп көремін. Әйтпесе, білімімді әрі қарай жалғастырғым келеді», — дейді Алмас, шетел тілі мамандығының білімгері.
– «Мен өз салам бойынша жұмыс істегім келеді. Қазір бір мекемемен сөйлесіп қойдым. Жақын арада жұмысқа кірісемін деген үміттемін», – дейді Ақжол, дене шынықтыру және спорт мамандығының иесі. Осы пікірлерден байқағанымыз – жастардың көпшілігі болашаққа сеніммен қарағысы келеді. Бірақ нақты жоспар жасай алмай, екі ойлы болып отырғандары да бар.
Осы тұста тағы бір ой мазалайды: неге бізде жұмыс табу қиын? Кең-байтақ елде тұрып, халқының саны көп те емес. Бірақ соған қарамастан жастар жұмыссыз жүр. Бұл жүйедегі кемшілік пе, әлде сала мен сұраныс арасындағы сәйкессіздік пе? Тағы бір қызығы, дамыған елдерде халық саны бізден әлдеқайда көп бола тұра жұмысшы жетіспейді. Ал бізде керісінше. Әрине, шетелдегі жалақы жоғары. Бірақ өмір сүру деңгейі де соған сай. Жалақы жақсы болғанмен, ол жақта күнкөріс те арзан емес. Тұрғын үй жалдау, көлік, тамақ, күнделікті шығын – бәрі ақша. Яғни, көп табамын деген мақсатпен кетіп, керісінше өмір сүруге кеткен қаражатты жинай алмай қайтатындар да бар. Әрине бәрі бірдей демеймін ақша жинап, жағдайын жақсартып, қыдырып, бәрін жасап алғасын еліне жөнеледі.
– «Шетелде жалақы жоғары. Сол жаққа барып жұмыс істеп, ақша жинап, елге қайтып келіп жағдайымды жасап алғасын, өз еліме келіп, мамандығым бойынша жұмыс істеймін», – дейді журналистика мамандығының бітірген Мұрат.
Бұл – көптеген жастың ойы. Расында, бұл жоспар жақсы естілгенімен, шын мәнінде бәрі ойдағыдай бола бермейді. Шетелге кетіп, жағдайын жасап алғандар да бар, бірақ адам саудасының құрбанына айналып, қайтып оралмағандар да жетерлік. Жоғалып кеткендер, жұмыссыз қалғандар туралы да мысалдар көп.
Жастарда арман да, мақсат та көп. Тек сол армандардың жолында шынайы қолдау керек. Бізге нақты шешімдер қажет: жұмыс орындарын көбейту, жас мамандарға жеңілдетілген тәлімгерлік жүйелер енгізу, тәжірибесіз түлектерге мүмкіндік беру секілді нақты істер керек. Әйтпесе әрбір шет елге кеткен жас – еліміздің болашағынан айырылу.

Зарина МАНАРБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ