ТЕАТРДЫҢ 50 ЖЫЛДЫҒЫ ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ЖАҢҒЫРТТЫ

Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театры өзінің 50 жылдық мерейтойын ел есінде қалатын үлкен рухани оқиғамен атап өтті. Жарты ғасырлық тарихы бар өнер ордасының мерейтойы аясында 12 қыркүйек күні халықаралық деңгейдегі айтулы мәдени шара – «BIKEN FEST» III Халықаралық театр фестивалі салтанатты түрде ашылды. Бұл фестиваль тек Жетісу өңірінің емес, тұтас қазақ театр өнерінің мерейін үстем еткен маңызды мәдени белеске айналды.
Фестивальдің ашылу салтанатына Қазақстанның халық әртістері, Еңбек ерлері, мәдениет қайраткерлері, шетелдік меймандар мен еліміздің әр өңірінен келген театр ұжымдары қатысты. Айтулы кеште Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев театр ұжымына су жаңа жүк көлігінің кілтін тарту етсе, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы құттықтау хат жолдап, өнер ұжымының ұлттық мәдениетке қосқан үлесін жоғары бағалады.
Театр фестивалі шымылдығын осыдан тура 50 жыл бұрын алғаш сахналанған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясының жаңа қойылымы ашты. Бұл тарихи шешім театрдың өзінің бастауына қайта оралып қана қоймай, ұлттық мұраға деген заманауи көзқарасты паш еткен тағылымды қадам болды. Түркі дүниесіне ортақ рухани құндылықтарды жаңғыртуды көздеген бұл қойылым көрерменнің зор ықыласына бөленіп, театрдың рухани миссиясын айшықтап берді.
Фестиваль барысында театр қабырғасында өткен ғылыми-танымдық конференцияда театр тарихы кеңінен сараланды. Театртанушы, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс театр репертуарының жанрлық және мазмұндық байлығын, режиссерлік ізденістер мен актерлік шеберлікті жан-жақты талдап, театр ұжымының кәсіби деңгейіне жоғары баға берді.
Кеш барысында сөз алған еліміздің халық әртістері Асанәлі Әшімов, Нұржұман Ықтымбаев, Лидия Кәденова, Алмахан Кенжебекова театр ұжымын жарты ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, өнер жолындағы табандылық пен адалдықты ерекше атап өтті. Театр директоры Ерлік Жуасбек келген барша қонақтарға алғысын білдіре отырып, ұжымды жаңа шығармашылық белестерге жетелейтін жоспарларымен бөлісті.
13–17 қыркүйек аралығында өткен халықаралық фестивальге елімізден және шет мемлекеттерден тоғыз театр ұжымы қатысты. Атап айтқанда, Грузиядан Георгий Ратиани атындағы Сухуми жастар театры, Әзірбайжанның «М» театры, Қырғызстаннан Т.Абдумомунов атындағы ұлттық академиялық драма театры, Өзбекстанның Бұхара мемлекеттік музыкалық драма театры, сондай-ақ Абай облыстық драма театры, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры мен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры өз репертуарларындағы таңдаулы қойылымдарын ұсынды.
Бес күн бойы күніне екі спектакльден тамашалаған халықаралық қазылар алқасы қатысушылардың шығармашылығына әділ баға берді. Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте иегері Досхан Жолжақсынов бастаған кәсіби мамандар құрамында профессор Бақыт Нұрпейіс, Татарстан Республикасының мәдениет қайраткері Нияз Игламов, Тбилиси мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры Георгий Цкитишвили, Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының доценті Айбек Копадзе болды.
Фестивальдің басты жүлдесі – Бас жүлде мен 1 миллион теңге ақшалай сыйлықты Абай облыстық қазақ музыкалық драма театры «Абай айтқан Еңлік-Кебек» спектаклімен жеңіп алды. «Үздік пластикалық режиссура» номинациясы бойынша 600 мың теңге Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры қойған «Чарли Чаплин» қойылымына берілді. «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша 500 мың теңге сыйақымен Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық драма театрының актері Төлеубек Көңбай «Киотоға жол» спектакліндегі «Қожажас, Актер, Әмір, Капитан» рөлдері үшін марапатталды. Әзірбайжанның «М» театрының актрисасы Оксана Расулова «Бейтаныс әйелдің хаты» спектакліндегі рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленіп, 500 мың теңге ақшалай сыйлық алды.
Сондай-ақ, Өзбекстан-ның Бұхара мемлекеттік музыкалық драма театры «Чор Дарвеш» спектаклімен «Үздік актерлік ансамбль» ретінде 500 мың марапатталды. «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» — номинациясы бойынша — 300 мың теңге ақшалай сыйлықты Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының актері Нұрлан Салидинов «Әділет» рөлімен алса, «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі» номинациясы бойынша 300 мың теңге ақшалай сыйлықты «Кормилица» рөлін сомдаған Георгий Ратиани атындағы Сухуми жастар театрының актрисасы Кристине Беруашвили қанжығалады. Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театры «Тастамашы ана» қойылымымен «Үздік музыкалық безендіру», ал Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры «Қар қызы» қойылымымен «Үздік сценография» номинациясына және 200 мың сыйақыға ие болды.
Бикен Римова атындағы драма театрының 50 жылдығына арналған бұл фестиваль ұлттық мәдениет пен өнердің шекарасын кеңейтіп, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайтты. Ел мен елді, жүрек пен жүректі жалғаған бұл мерекелік шара қазақ театр өнерінің жаңа биікке көтерілгенін айқын көрсетті.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ