ОҚУШЫЛАРҒА «ОҢАЙ» КАРТАСЫ ОҢАЙ БОЛМАЙ ТҰР

0
266

Өйткені осы карта берілетін «Атамекен палатасының» ғимаратындағы «Оңай» картасын алатын дәліз бойындағы ата-ананың ұзын-сонар кезегі азаймай тұр. Ол нені білдіреді?

Біріншіден, оқушылар арасында әлі де картасы жоқтар аз емес екендігін, екіншіден мектепте ұстаздар немесе сынып жетекшілер каникул алдында ата-аналарға дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген. Оңай картасына қатысты ақпаратты түсінбеген кей ата-ана картасы бола тұра жаңасын қайта алып қателесуде. Аталған тақырыпта оқырмандар сұрақтарын жолдағасын, оларға нақты түсінік беру үшін Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Шәріпбаевадан сұхбат алған едік.
– Қала бойынша қоғамдық көлікте тегін жүру үшін оқушыларға «Оңай» картасы қай уақытта беріледі?
– Жалпы алғанда, карталар белгілі бір күні немесе кезеңде емес, оқу жылының басында және жыл бойы оқушылардың өтінішіне сәйкес беріліп отырады. Оқушыға «Оңай» картасын алу үшін ата-анасы немесе заңды өкілі мектептегі жауапты тұлғаға тиісті құжаттарды тапсыруы қажет. Сонымен қатар, оқу орнынан берілетін анықтамамен бірге «Бірлік» көшесі, 2А мекенжайындағы арнайы орталыққа барып, картаны дербес алуға да болады. Бұл ата-аналар үшін ыңғайлы және қолжетімді жолдардың бірі.
Алғашқы рет карта жасату құны – 800 теңге. Бұл сома – картаны дайындау және тіркеу қызметтеріне жұмсалатын қаражат. Жалпы, ата-аналар тарапынан үлкен сұраныс бар және біз бұл жұмысты жүйелі түрде ұйымдастырып отырмыз.
– Өткен жылы карта алған оқушыларға қайтадан жаңа карта беріле ме?
– Жоқ, былтыр немесе алдыңғы жылдары алынған карталар жарамсыз болмайды. «Оңай» картасы – бір реттік емес, оқу мерзімі аяқталғанға дейін, яғни оқушы мектепті немесе колледжді бітіргенге дейін жарамды болып қала береді. Бұл ата-аналарға да, балаларға да ыңғайлы.
Алайда, бір ескеретін жайт бар: жазғы демалыс кезеңінде балалардың қоғамдық көлікпен жүру ақысына 50% жеңілдік қана қарастырылған. Бұл – Қалалық білім бөлімі тарапынан жолданған арнайы хатқа сәйкес енгізілген уақытша тәртіп. Алайда көптеген балалар бұдан хабарсыз болғандықтан, карталарын жазда пайдаланғанда, 40 теңге жолақы ұсталып, картаның балансы минусқа түсіп кетіп жатады. Мұндай жағдайда карталар автоматты түрде бұғатталып, оқу жылы басталған соң да жұмыс істемей қалуы мүмкін.
Осы себепті ата-аналарға ескереріміз – 1 қыркүйектен бастап оқушылар үшін қоғамдық көлікте жүру қайтадан 100% тегін болатынын есте ұстаған жөн. Ал егер карта бұғатталып қалған болса, оны міндетті түрде толтырып, қарызын өтегеннен кейін ғана қайта қолдануға болады.
– Егер карта жарамды болып, бірақ жоғалтып алған оқушылар не істейді?
– Мұндай жағдайлар, әрине, болады. Картаны жоғалтып алған немесе техникалық тұрғыдан зақым-даған оқушылар үшін оны қайта шығару мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жағдайда картаны алу үшін 1800 теңге көлемінде төлеп, жаңасын алуға болады. Қайта картаны алу үшін де сол баяғы мекенжай – «Бірлік» көшесі, 2А орталығына бару қажет. Біз ата-аналарға балаларға картаға ұқыпты қарауды түсіндіруді ұсынамыз. Себебі карта оқушының жеке деректерімен байланысты құрал, және оны жоғалтып алған жағдайда белгілі бір уақыт пен қаражат жоғалады.
– Биыл қанша оқушыға «Оңай» картасы беріледі деп жоспарланып отыр?
– 2025 жылы біз Талдықорған қаласын-дағы барлық мектеп оқушылары мен колледж студенттерін «Оңай» картасымен толық қам-тамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Бұл бағытта нақты бір санмен шектелу көзделмейді, өйткені жыл бойына оқушылар ауысып жата-ды, жаңа балалар келеді. Сондықтан басты мақсатымыз оқушылардың қоғамдық көлікте тегін қатынауы үшін толық қамтылуын қамтамасыз ету.
Осыған байланысты әр мектепте жауапты мамандармен тұрақты жұмыс жүргізілуде. Егер ата-аналар немесе оқушылар тарапынан сұрақтар туындаса, өз мектебіне немесе білім бөліміне тікелей жүгінуге болады.
– Шынар ханым берген жауабыңызға рахмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз!

P.S. Оқушылардың қоғамдық көлікте тегін жүруі – бұл әлеуметтік тұрғыда маңызы зор қолдау. Қалалық білім бөлімі мен тиісті органдар бұл мәселені жан-жақты қадағалап отырса дегіміз келеді. Керек болған жағдайда, ата-ана мен оқушылардың картасын жоғалтқан немесе сындырып алған уақытта қандай әрекетке баруы керектігі жайлы ақпараттық тақтайшалар жасалып, автобус ішіне ілінсе нұр үстіне нұр болар еді. Сонда картаны алатын ғимарат алдындағы кезек пен ақпаратты жаңсақ түсінген ата-ана саны да азаяр ма еді…

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ