ЖЕТІСУДА АМАНАТТЫҚТАР ЖОЛДАУДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

0
137

Жетісу облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге және талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті.

Алқалы жиынға партияның облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері, партия жанындағы кеңестер мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері қатысты. Сонымен қатар аудандық, қалалық филиалдардың партиялық активтері Zoom платформасы арқылы онлайн режимде 120  аумақтық спикерлер  қосылды.

Жолдаудың басты ерекшелігі – цифрлық дәуірдегі Қазақстанның даму стратегиясын айқындауы. Мемлекет басшысы жасанды интеллектті ұлттық экономиканың қозғаушы күші етіп, цифрландыруды жаңа сапалық деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуға тиіс.

Сонымен бірге биылғы Жолдау жаһандық бастамалардан бастап, әлеуметтік мәселелерге дейінгі барлық тақырып қамтылды. Олардың қатарында – бір палаталы Парламентке көшу жөніндегі саяси реформа, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету сынды маңызды міндеттер бар.

Алғашқы сөзді алған облыстың құрметті азаматы, партия ардагері Жомартқали Жексембінов Президент ұсынған парламенттік реформаға тоқталды. Оның айтуынша, бір палаталы Парламент құру бастамасы – елдің саяси жүйесін жетілдіруге бағытталған тарихи қадам.

–  Мемлекет басшысы бұл мәселені халықтың талқысына ұсынып, референдум арқылы шешуді ұсынды. Бұл – биліктің ашықтығы мен халық пікіріне деген құрметтің айқын көрінісі. Қоғам қолдайтын болса, бұл қадам еліміздің демократиялық даму дәстүрін нығайтады, – деді ол.

Жетісу облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева Парламенттің бір палаталы жүйеге көшуінің тиімділігін нақты мысалдармен түсіндіріп өтті. Оның пікірінше, бұл өзгеріс заң шығару процесін жеңілдетіп, артық бюрократиялық кедергілерді азайтады.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Жангелдіұлы Темірбаев жасанды интеллекттің мемлекеттік басқарудағы рөлін атап өтті. Ол цифрлық шешімдердің халыққа қызмет көрсетуді жеңілдетіп қана қоймай, жемқорлық тәуекелдерін азайтатынын, сонымен бірге бизнес пен білім саласында жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

«Jetisu IT-Hub» директоры Талғат Абылаев жасанды интеллекттің жастар үшін жаңа кәсіби мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Жетісу жастары цифрлық технологияларға бейімделіп, ІТ саласында өзіндік бастамалар көтеруде.

Сонымен қатар, облыстық партия филиаланың төрағасы Арыстанғали Арын  жиын қорытындысында бұл кездесу Жолдаудың мазмұнын терең түсіндіруге ғана емес, аймақтағы нақты жұмыстардың бағытын айқындауға сеп болғанын атап өтті.

– «Президент Жолдауындағы жасанды интеллект пен цифрландыруға басымдық беру – елді жаңа технологиялық дәуірге жетелейтін стратегиялық бастама. Ал саяси реформалар, экологиялық жобалар мен әлеуметтік қолдау шаралары – елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған», — деп атап өтті Арстанғали Арын.

Жетісу жұртшылығы Мемлекет басшысының бастамаларын қолдап, оларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуға дайын екенін білдірді.