ҚАРТТАР АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ

Қария — өткеннің куәсі, болашақтың ақылшысы. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, адал еңбек еткен қарттар — ұрпаққа үлгі, елге тірек. Алда келе жатқан қарттар күніне орай өңіріміздегі қариялар жайлы қалам тербемесек айыпты болармыз. Осы ретте еліне еңбегі сіңген ардақты жандардың бірі — Қабдолда Жұмағожаұлымен сұхбаттасудың реті түскен екен. Өмір жолы өнегеге толы, маңдай терімен мәртебе тапқан қарапайым еңбек адамының тағдыры — бүгінгі жастарға тағылым, ертеңгі тарихқа өшпес мұра болып қалары анық.
Қабдолда Жұмағожаұлы — бір ғасырға жуық ғұмырында маңдай терімен ел еңсесін көтеруге үлес қосқан абзал жан. Ол 1936 жылы 15 ақпанда бұрынғы Алматы облысы, Гвардия ауданы, Тастыөзек ауылында дүниеге келген. Көзін ашқалы кең даланың құшағында, табиғаттың тынысымен біте қайнасып өскен Қабдолда ақсақал жастайынан еңбекке ерте араласқан екен. Қара жұмыстан қашпай, қайыспай, маңдай терін төгіп, елге қызмет етуді өмірлік мұратым деп санадым дейді ол кісі өз сөзінде.
Білімге деген ынтасы бала кезден ояу болған жас Қабдолда Шоқан ауылындағы орта мектептен сауатын ашты. Өмірдің өз мектебінен де өтіп, талай сыннан сүрінбеген қайсар азамат еңбек жолын қарапайым моторист болып бастаған. Сауын фермасындағы ауыр еңбектен де шет қалмай, таңмен таласа тұрып, ауылдың тіршілігіне жастайынан кіріскен азамат. Уақыт өте келе, ақыл тоқтатқан Қабдолда ұзақ жылдық қара еңбектің арқасында өз ісінің шеберіне айналған.
Мақала кейіпкерінің айтуынша, 1954 жылы Талдықорған қаласына барып, жүргізуші курсын тәмамдапты. Бұл кезең — ел еңсесін тіктеп, ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан уақыт еді. Қабдолда Жұмағожаұлы сол үдерістің бел ортасында жүріп, ауылдағы «колхоз» тіршілігіне белсене араласты. Жүк көлігін тізгіндеп, талай қиындықты еңсеріп, елдің қажетіне жарады. Көптің көңілінен шығып, адал еңбектің нәтижесінде алғысқа бөленді.
1960 жылдан бастап механизатор болып, темір тұлпармен жер жыртып, егін еккен Қабдолданың еңбегі жерге жан бітіріп, халықтың ырысын теріп алатын ауыр да абыройлы жұмыс деп есептейміз. Ақсақал бұл міндетті де адал атқарып, ауылдастарының арасында зор сый-құрметке ие болды.
Өмірлік серігімен тату-тәтті ғұмыр кешіп, 8 баланың әкесі ретінде еш нәрседен тарықтырмай өсірген асқар тауға айналды. Балаларын еңбекпен тәрбиелеп, әрқайсысына адалдық пен жауапкершілікті үлгі етіп көрсетті. Қазір де ұрпағы өсіп-өніп Қабдолда атаның шаңырағында немере-шөберелерінің сылдыр күлкісі жұбайының бос қалған орнын жоқтатпай атайдың көз қуанышына айналып отыр.
Қабдолда Жұмағожаұлының ерен еңбегі ел арасында ескерусіз қалмады. Ол түрлі ордендер мен медальдарды кеудесіне таққан еңбек ері. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда төккен маңдай тері — бүгінгі бейбіт күннің іргетасы іспеттес. Сол қажырлы еңбегі үшін жақында, жеңістің 80 жылдығына орай арнайы төсбелгімен де марапатталды.
Бүгінде Қабдолда ақсақал зейнеткерлік демалыста. Алайда оның өмір жолы — тек өткен күннің тарихы емес, бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын шынайы еңбектің көрінісі. Осындай арда азаматтарамыз арамызда күн өткен сайын санаулы болып барады.
Қария — елдің шежіресі, ұрпақтың тәрбиешісі. Өткен өмірдің өрнегін жүрегінде сақтап, келешекке өнеге етіп жеткізетін — осындай абзал жандар. Қабдолда Жұмағожаұлы сынды ардақты ақсақалдардың өмір жолы — тек бір адамның тағдыры емес, тұтас бір дәуірдің тарихы. Адал еңбекпен аты танылған, ұрпағына парасат пен өнегені мұра еткен осындай қарияларымыз — елдің рухани тірегі. Оларға құрмет көрсету — болашаққа құрмет көрсету деп есептейміз. Қариялар күні құтты болсын, оқырман!
Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ
Кербұлақ ауданы