МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ЖҮЙЕСІНДЕ ЖЫЛҚЫ ЕТІ НЕГЕ ЖОҚ?

0
137

«Бүгінде барлық қоғамдық тамақтану орындарында, әскери бөлімдердің, мектеп пен балабақша, өндіріс орындарындағы асханаларда сиыр еті бірінші орында тұр. Мемлекеттік сатып алу жүйесінде де сиыр еті ерекше сұраныста.
Біз жылқыны төрт түліктің төресі дейміз. Жылқы мен қазақ егіз ұғым дейміз. Дейтұрғанмен жылқының еті мемлекеттік сатып алу жүйесіне енгізілмеген. Неліктен? Қазір осы мәселені күн тәртібіне қойдым. Бұл деген мыңдаған ауылда мал ұстап отырған шаруалар үшін жақсы мүмкіндік болар еді», — деген еді «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров.

 

Осы мәселені өз Фейсбук парақшасын-да жариялаған әріптесіміз Гүлназ Мұстапа «Республика» партия төрағасы Айдарбектің сөзін құптайды.
«Рас-ау! Ол кісінің сөзіне менің де қосарым бар. Жылқы еті құнды да, құнарлы, пайдалы, жеңіл, сіңімді тағам. Жылқы етінің физикалық, химиялық, биологиялық қасиеттері жөнінде көптеген ғылыми мәліметтер жетерлік.
XIX ғасырдың өзінде Г.Архангельский деген дәрігер бір мақаласында «Жылқы етіне аса бағалы және арзан дәрі ретінде қараған жөн», — деген дәлелдерімен бөліскен екен.
Мекемелер тек сиыр етін ғана сатып алуы керек деген мәселе қайдан пайда болған және жылқының еті неге жарамсыздардың қатарында қалып қалған? Ходжаназаров көтерген мәселені қолдау қажет!!! Жылқының етін жақсы көрмейтін қазақ жоқ. Олай болса, жоғарыдағы аталған мекемелердегі адамдарға оны неге бергізбейміз? Парадокс. Оңды шешім шығады деген сенімдемін», — дейді автор.

Қазақстандағы жылқы саны Соңғы 5 жылда екі есеге көбейген

2025 жылдың алғашқы алты айында ірі қара мен жылқы саны айтарлықтай артты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, сиыр 8,8 млн, ал жылқы 4,7 млн басқа жеткен деп хабарлайды Juzmedia.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап. Бұл нені білдіреді? Жылқы етіне деген сұраныстың төмендігі емес пе? Сұраныс аз болған соң жылқы еті бағасының да қымбаттамағаны ма? Көпшілік бұл сұрақтың пайда болу себебі, сиыр еті бағасының өсуі болып табылады, – деген уәж айтады.

Сараптаушылардың айтуынша жылқы басының өсуі бойынша біз ішкі нарықты жылқы етімен өзіміз толықтай қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткіздік. Осы қарқын сақталатын болса, жылқының көптігінен бұл сала дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Ол дегеніңіз ішкі нарықта өнім өтпей қалса, түрлі шектеулер салдарынан экспортымыз аз болса, жылқы етін өндіру жөнінен дағдарыс болуы мүмкін деген сөз. Демек, жылқы етін молынан экспортқа шығарудың жолын қазірден бастап қарастырмаса тағы болмайды дейді. Бірақ, біз жылқы санының көптігінен әлемде алғашқы ондыққа енсек те, ет өндіруден жетекші елдердің қатарына кіре алмай келеміз. Кейбір деректер бойынша, елдегі жылқылардың 50-ге жуық пайызы жекелеген адамдарда, 45%-ы шаруалардың қорасында болса, 7,2%-ы ғана үлкен шаруашылықтардың қолында тұр. Яғни, үлкен шаруа қожалықтарға қарағанда жеке шаруалардың ет экспорттауға мүмкіндігі аз. Қазірдің өзінде жылқы етінің көрші елдерге экспортқа шығатыны белгілі. Мәселен, Орталық Азия елдеріндегі көршілерімізде шамамен 825 мыңдай бас жылқы бар. Соның жартысы бір Қырғызстанға тиесілі. Ал, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдерінде 57 млн халық тұрады. Яғни, олар да өздерін жылқы етімен толық қамтамасыз ете алмайды, әрі олар жылқы етін қазақтар сияқты тағамға пайдаланбайды.

Жылқы санының көптігінен шығыс пен солтүстіктегі көршілеріміз де әлемде алғашқы ондықта тұр. Дейтұрғанмен, Қытайда 1,4 млрд, Ресейде 146 млн халық тұратынын ұмытпайық. Қос көрші де өзін жылқы етімен толық қамтамасыз ете алмайды. Содан екі алып держава жылқы етін Құдай қосқан көршілері Моңғолиядан тасымалдайды. Жылқы еті экспортындағы біздің басты бәсекелесіміз де осы Моңғолия. Неге десеңіз, 3,2 млн халық тұратын елде 4,2 млн бас жылқы бар. Жылқының көптігі соншалықты, мыңдаған тонна етін Моңғолия солтүстік пен оңтүстіктегі көршілеріне сатып жатыр – дейді, ғаламтор материалдары(STUD.KZ сайты)

Ішкі нарықтағы жылқы еті

Біздің ішкі нарықтағы жылқы еті, негізінен, базарда тұр. Базарда бәсеке көп болғандықтан ол қазір сиыр етінен арзан. Ал жылқы етінен жасалатын өнімдер жасайтын шағын цехтар саны аз деуге болады. Жылқы етін консервілейтін ет комбинаттарының да саны мен қуаты бола тұра, жылқы еті өнімдер ішінде аталынбайды. «Қазақстанда жасалған» деген маркамен жылқы еті консервіленген банкалар ілуде бір кездеседі, тіпті жоққа тән деп айтсақ та болады.
Соған қарамастан, GOV.KZ сайтындағы деректерге сүйенсек, Қазақстанның ет өңдеу саласы оң даму динамикасын көрсетуде. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 213 ет өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді екен, оның ішінде 34-інде сою цехтары бар, ал 179-ы – шағын және ортакәсіпорындар.
Өткен жылы жаңа және салқындатылған ет өндірісі 5%-ға өсіп, 79,9 мың тоннадан 83,8 мың тоннаға жеткен. Шұжық өнімдері өндірісі 5,2%-ға артып, 68,4 мың тоннадан 71,9 мың тоннаға дейін көбейген. Ет консервілері өндірісі 4,9%-ға өсіп, 5,9 мың тоннадан 6,2 мың тоннаға жеткен. 2025 жылы да бұл өсім жалғасуда. Жылдың алғашқы үш айында: барлық түрдегі ет өндірісі — 2,8%-ға, қосалқы өнімдер — 20%-ға, шұжық өнімдері — 12,6%-ға, ет консервілері — 34,6%-ға артты. Бұлардың ішінде жылқы малы аталынбайды. Сойыстағы малдар негізінен сиыр мен қой етінен жасалған өнімдер. Негізгі экспорт бағыттары: Өзбекстан — 20,7 мың тонна сиыр еті және 13,9 мың тонна қой еті, БАӘ — 1,2 мың тонна қой еті, Иран — 1,2 мың тонна қой еті. 2025 жылдың алғашқы екі айында: сиыр және қой етінің экспорты — 2 есеге, шұжық өнімдерінің экспорты — 2,7%-ға, ет консервілерінің экспорты — 3,6 есеге артты.

Жылқы етінің пайдасы

Қазақ үшін жылқы етінің пайдасы көп. Оның еті де, қазы-қартасы да, жал-жаясы да, қымызы да, саумалы да қазақ дастарханының төрінен орын алады. Білгіштердің айтуынша, жылқы еті 17 түрлі ауруға ем. Қысқаша айтқанда, жылқы етімен қоректенгенде өт айдау әсері бар. Қандағы холестеринді төмендету мүмкіндігіне байланысты жылқы еті ағзадағы зат алмасу процесін реттейтін өнім ретінде тиімді, ал төмен майлылығы диета үшін, салмақ тастау үшін тамаша қолайлы етеді. Жылқы еті құрамында бірқатар дәрумендер мен микроэлементтер бар, олардың арасында ерекше А, Е, В тобындағы дәрумендерін және темірді атауға болады.
Осыған қоса, жылқы етінде көмірсулар өте аз, бір проценттен көп емес. Бұндай орта көптеген бактериялардың дамуына қолайлы жер, ал еттің өзін сақтау оңай емес, ол тек соғымға ғана қажетті азық – дейді білгіштер. Сіз не дейсіз?

 

Баян ТАҢАТАРОВА

«Алатау»