ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІНЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНДІ?

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен жиында Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапар Сатайұлы Шайкенов елімізде 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіндегі түбегейлі өзгерістерді таныстырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған құжат (2025 жылғы 18 шілдедегі ҚР Заңы №214-VIII) салық жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған дегенді айтады маман.
Реформаның басты жаңалығы – қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеріледі. Бұл соңғы 20 жылда алғаш рет жасалып отырған қадам. Қазіргі есеп бойынша, егер 2025 жылы Қазақстанда ҚҚС түсімі шамамен 5,4 триллион теңгені құраса, мөлшерлеме көтерілгеннен кейін бюджетке қосымша 1,5 триллион теңгеден астам кіріс түсуі мүмкін екен. Сонымен бірге тіркеу шегі екі есеге төмендеп, 20 мың АЕК-тен 10 мың АЕК-ке дейін қысқарады. Бұл дегеніміз, бұрын ҚҚС төлемейтін шамамен 40 мыңнан астам кәсіпкер енді осы санатқа қосылады деген сөз.
Әлеуметтік маңызы бар сала-ларға қолдау күшейтілді. Мысалы, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке 2026 жылдан бастап 5 пайыздық ҚҚС енгізіліп, 2027 жылы ол 10 пайызға дейін өседі. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін қайтарылатын ҚҚС көлемі 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылады. Бұл саладағы кәсіпкерлерге жыл сайынғы үнем 200 миллиард теңгеге жуық болуы мүмкін деп күтілуде.
Жеке табыс салығында (ЖТС) прогрессивті шкалаға көшу – ең маңызды өзгерістердің бірі. Жылына 8 500 АЕК-тен (қазіргі шамамен 33,5 миллион теңге) төмен табысқа 10 пайыздық салық сақталса, осы сомадан жоғары табысқа 15 пайыздық мөлшерлеме салынады. Сарапшылардың есебінше, бұл жүйе ең жоғары табыс табатын 5–7 пайыз халықтың салық жүктемесін арттырады, ал орташа және төмен жалақы алатындардың жағдайына әсер етпейді.
Әлеуметтік әділдікке бағыт-талған тағы бір қадам мүгедектігі бар азаматтарға жеңілдіктің кеңеюі. Бұрын І және ІІ топтағы мүгедектер үшін жылдық шегерім 882 АЕК болса, енді ол 5000 АЕК-ке дейін көбейтілді. Бұл өзгеріс шамамен 350 мың адамды қамтиды. Сонымен бірге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы ЖТС-тан толық босатылады.
Корпоративтік табыс салығында да саралау бар. Банктер мен құмар ойын бизнесіне мөлшерлеме 25 пайыз болып бекітілді. Есесіне ауыл шаруашылығы компаниялары үшін ставка 10 пайыздан 3 пайызға дейін төмендеді. Бұл 70 пайыздық қысқаруға тең. Сарапшылар мұны агросекторға жыл сайынғы ондаған миллиард теңге көлемінде салықтық демеу болатынын айтады.
Салық есептілігін жеңілдету де назардан тыс қалған жоқ. Бұған дейін кәсіпкерлер 39 түрлі есептілік нысанын тапсырып келсе, енді олардың 12-сі қысқартылып, жалпы саны 27 есептік нысан ғана қалады. Бұл шағын бизнеске айтарлықтай жеңілдік береді. Сонымен бірге, егер салық декларациясы уақытылы тапсырылмаса, ол автоматты түрде «нөлдік» көрсеткішпен қабылданады. Яғни, кәсіпкерлер әкімшілік айыппұлдан босатылады.
Сонымен қатар, жаңа кодекс «сән-салтанат салығын» енгізіп отыр. 2026 жылдан бастап құны 75 миллион теңгеден асатын көліктерге, 100 млн теңгеден асатын яхталар мен жеке ұшақтарға да 10 пайыздық акциз салынады. Мәселен, құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік үшін оның құнының 2% мөлшерінде салық белгіленеді.
Жалпы алғанда, бұл өзгерістер мемлекет бюджетіне триллиондаған теңге қосымша кіріс әкеліп қана қоймай, әлеуметтік осал топтарды қолдауға, бизнесті ашық жүргізуге және экономиканы көлеңкелі айналымнан арылтуға бағытталған. Енді байлықты әділ бөлу қағидаты айқындала түсіп, табысы мол азаматтар мен компаниялар елдің дамуына көбірек үлес қосатын болады деген тұжырымдар бар.
P.S. ҚҚС-ның 12 пайыздан, бірден 16 пайызға көтерілгені халық арасында қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желілерде де азаматтар: «салық көбеймеген кезде де күн санап азық-түлікке, түрлі қызметтер мен заттарға баға қослып жатқанда, енді тіптен қымбатшылық болады деген сөз ғой», «Бұрын альпен гольд шоколадын 800 теңгеге алсақ, енді 1600 бола ма?», «нанды 1000 теңгеге сатып алғым келмейді» дегендей түрлі пікірлерімен бөлісуде. Салық көбейді делік, ал енді неліктен ең төмен жалақы мөлшері әлі өзгеріссіз? Жалақыға қанша пайыз қоспақ екен?
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ