ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ӨҢІРЛІК ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға партияның облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Асхат Досмұхамбетов, Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев, сондай-ақ кеңес мүшелері қатысты.
Кеңес отырысында партияның Жетісу облысындағы сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында әзірленген Жол картасының 2025 жылға жоспарланған тармақтарының орындалу барысы талқыланды.
Жиын барысында баяндама жасаған басқарма басшысы Ғалымжан Дәрібаевтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4 019 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1 034 км, ал жергілікті маңызы бар жолдар – 2 985 км.
2025 жылы жергілікті маңызы бар жолдарды дамытуға 46 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылып отыр. Бұл қаражат есебінен жалпы ұзындығы 298,6 шақырым болатын жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оның ішінде 135,6 км – облыстық маңызы бар жолдар, ал 53 елді мекеннің ішкі жолдары – 163 км. Жыл соңына дейін нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесі 95 пайызға жетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдегі апатты жағдайдағы 15 көпірді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі таңда 5 көпірге жөндеу жүргізіліп, қолданысқа берілген. Қалған 10 көпірде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— «Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және болдырмау мақсатында 700 жол белгісі, 3 000 метр металды тосқауылдар орнату, 6 000 шаршы метр жол сызықтары мен жаяу жүргінші өткелдерін жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар, жалпы көлемі 85 750 шаршы метр болатын ағымдағы жөндеу жұмыстары да атқарылуда. Қазіргі таңда оның 72 020 шаршы метрі орындалды», – деді басқарма басшысы Ғалымжан Дәрібаев.
Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері Жол картасындағы жоспарлардың уақытылы және сапалы орындалуын бақылауда ұстау қажет екенін атап өтті.