КӨП ӘЙЕЛ АЛУДАН — КӨП КҮЙЕУГЕ ДЕЙІН…

0
39

Қазақ қоғамында бұрын тек ер адамдар ғана қозғайтын, көбіне жабық тақырып саналатын мәселе енді мүлде басқа сипат алды. «Ер адам тоқал алса бола ма?» деген сұрақпен шектеліп келген әңгімеге бүгінде әйелдер де өз ойларын білдіруде. Бір тарап тоқал алуды заңдастыру қажет десе, оған қарсы шыққан әйел қауымы: «Онда әділдік үшін бізге де екі күйеуге шығуға рұқсат етілсін», — деп жауап қайтарады.

Әзілге де ұқсайтын, бірақ астарында қоғамның терең мәселесі жатқан бұл пікірталас соңғы күндері ел ішінде үлкен пікір тудыруда. Әлеуметтік желіден бастап осы тақырыпты талқылап отыр. Бірі дәстүрді алға тартса, бірі тең құқықты талап етеді.
Бұл тақырыпты бекер қозғап отырған жоқпын. Себебі жуырда Мәжіліс депутаты Абзал Құспан журналист Ербол Сейілханның YouTube желісіндегі арнасына берген сұхбатында елімізде көп әйел алуды заңдастыру керек екенін айтып өтті.
Сұхбат барысында депутат бұл мәселеге қатысты жеке ұстанымын да ашық жеткізді. Ол өзі екі әйел алуға қарсы екенін кесіп айтты. Дегенмен, оның жеке көзқарасы басқалардың көп әйел алуына кедергі емес екенін де атап өтті.
Абзал Құспанның айтуынша, Қазақстанда заң бойынша көп әйел алуға ресми түрде тыйым салынғанымен, оған қатысты нақты жауапкершілік көзделмеген. Яғни, заң бар, бірақ оны сақтамағандарға ешқандай жаза қолданылмайды. Осы себепті ол елдегі ауқатты азаматтардың басым бөлігінде бірнеше әйел бар екенін, тіпті кейбірінің бес әйелге дейін алғанын мысал ретінде келтірді.
Депутаттың пікірінше, қазіргі жағдай ерлердің бірнеше әйел алуына еш кедергі келтірмейді, сондықтан бұл мәселені заңмен реттеу қажет. Абзал Құспан бұл туралы былай деді:
— Оны заңдастыру қажет. Әуелі оны қоғам талқысына салу керек. Әрі қарай, біз — заңгерлер механизмін, жүйесін келтіріп, шығарамыз. Өйткені құқықтық нигилизм деген нәрсе бар. Заң орындалмаса ол қолжаулық болады. Заңдағы осы тыйымды ешбір адам Қазақстанда сақтап жатқан жоқ. Заңның осы нормасы қолжаулық болмағанда несі қалды? — деді Абзал Құспан.
Сонымен қатар ол көп әйел алу жағдайында әйелдердің, нақтырақ айтқанда тоқалдардың құқықтары қорғалмайтынын баса айтты.
— Әйел құқығын шынайы қорғайтын болсақ, тоқал құқықтық тұрғыдан қорғалмаған. Алимент ала алмайды, дүние алып бер, баламды асырайтын жағдай жасап бер деп заңды түрде талап ете алмайды. Ең болмағанда осы себеппен ол заңдастыруды қажет етеді. Әңгіме тек рұқсат етумен шешілмейді ғой. Ол жерде оның құқықтық міндеттері де қатар жүреді. Бұл жерде мені тоқал алушылардың қатарына қоспауды сұраймын. Заңгер ретінде пікірімді айтып отырмын, — деді депутат.
Осы мәселеге қатысты қоғамда түрлі пікірлер пайда болды. Тіпті шоу-бизнес өкілдері де үнсіз қалмады. Соның ішінде белгілі продюсер Баян Алагөзова көп әйел алу мәселесіне қатысты өз позициясын ашық білдіріп, қоғамда үлкен талқылау туғызды.
Ол өзінің Instagram парақшасына Stories бөлімінде әйел адамдардың да екі ер адамға қатар тұрмысқа шығуын заңдастыруды ұсынды. Продюсер бұл ұсынысын ерлер мен әйелдер арасындағы құқық теңдігімен байланыстырды.
Баян Алагөзова өз жазбасында:
— Қыздардың екі некеге қатар тұруын заңдастыруды ұсынамын. Неліктен болмасқа?! Ер адамдарға болады да, әйел адамдарға тыйым салына ма? Біз — заң бойынша зайырлы мемлекетпіз, бәріміздің құқығымыз бірдей, — деп жазды продюсер.
Бұл пікір қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бір тарап оның ұсынысын «тең құқық» деп қолдаса, енді бірі бұл бастаманы мүлде орынсыз деп бағалады. Осылайша, көп әйел алу мәселесі қоғамда тек ерлердің емес, әйелдердің де құқықтарын салыстыру төңірегінде қызу талқыға түсе бастады.
Қоғамда көтерілген бұл тақырып бір жақты қаралатын мәселе емес. Көп әйел алу болсын, көп күйеуге шығуды заңдастыру болсын — ең алдымен оның құқықтық салдарын ойлау маңызды. Бастысы — адамдардың, әсіресе әйелдер мен балалардың құқығы мен қауіпсіздігі толық қорғалуы. Сондықтан мұндай ұсыныстарды енгізбей тұрып, қоғамның дайындығын, заңның нақты қалай жұмыс істейтінін жан-жақты талқылап алу қажет деп ойлаймын.
Продюсер Баян Алагөзованың «әйелдерге екі күйеуге рұқсат беру» туралы пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оның бұл сөзі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, түрлі пікірталасқа себеп болды.
Осы тақырыпқа қоғам белсендісі, бұрынғы депутат Тәңірберген Бердоңғар да өз көзқарасын білдіріп, Алагөзованың пікірін қолдауға жақын екенін айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда көптеген ер адамдар отбасында шешім қабылдау жағынан әлсіз, әйелінің айтқанынан шықпайтын жағдайлар жиі кездеседі. Тәңірберген Бердоңғар бұл туралы былай деді:
— Қазір ерлер бұрынғыдай емес. Әйелінің айтқанынан шықпайтын, бәрін сол шешетін еркектер көп. Мұндай отбасыларда ер мінезді әйелдің екі күйеуі болуы — табиғи нәрсе. Бірі үй жинап, екіншісі тамақ істесе, несі айып? Егер ондай өмір шындығы бар болса, заңдастыру керек, — дейді ол.

Сонымен бірге ол қазіргі қоғамда ерлердің беделі әлсіреп, кейбірінің өз орнын таба алмай жүргенін атап өтті. Оның пікірінше, отбасындағы зорлық-зомбылықтың бір бөлігі де осындай «жүйкесі жұқа, бағынышты» ер адамдардың ішкі комплекстерінен шығуы мүмкін. Бердоңғар бұл ойын ирониямен түйіндеп:
— Бұрынғыдай отбасының тірегі бола алмаған еркектер енді әйелінің бір күйеуі болуға мүмкіндік алады. Ол қайда бастаса, сонда барады, – деп ойын қорытындылады.
Көп әйел алу туралы сөз қозғалғанда жұрттың бір бөлігі бұл қазақ халқының тарихында болғанын алға тартуды жөн көреді. Алайда этнографтар мен әлеуметтанушылар көп әйел алушылықтың бұрын да жаппай құбылыс болмағанын, оған негізінен ауқатты, қоғамда белгілі бір ықпалға ие адамдар ғана бара алғанын айтады. Оның үстіне ол кезеңдегі әлеуметтік құрылым мен қазіргі заман мүлде бөлек.
Бүгінде отбасы моделі өзгерді. Әйелдердің білім алуы, жұмыс істеуі, экономикалық дербестігі артты. Сондықтан көп әйел алу немесе көп күйеуді енгізу мәселесі тарихи аргументтерден гөрі қазіргі әлеуметтік шындыққа сәйкес қаралуы тиіс.

ЕЛ НЕ ДЕЙДІ?

Осы мәселе төңірегінде Facebook желісінде де түрлі пікірлер жарыса жазылуда. Кейбір қолданушылардың айтуынша, «екі мәңгүрт бір-бірін тапқан екен», «досыңның көзі соқыр болса өз көзіңді сығырайтып жүр» — деген сарындағы сындар жиі жазылып жатыр.
Тағы бір пікір иесі бұл бастамаларды қазақ халқына жасалып жатқан азғындату саясатының бір көрінісі деп бағалап, кез келген заңдастыруға түбегейлі қарсы екенін жеткізген.
Желі қолданушыларының арасында жеке өмір тәжірибесіне сүйеніп жазғандар да бар. «1997 жылы 43 жасымда жолдасым қайтыс болып, үш баламен қалдым. Сөз салғандар болды, бірақ балаларымның болашағын ойлап, тұрмысқа шықпадым» — деп жазған желі қолданушысы көп әйел алуға да, көп еркекке шығуға да қарсы екенін білдірген.
Қоғамдағы қызу талқылаудан кейін біз де осы мәселеге байланысты қала тұрғындарының ойын білмек болып, шағын сауалнама жүргізіп көрдік.
— Аружан студент: Жастардың басым бөлігі бұл тақырыпты әзіл ретінде қабылдайды. Екі күйеуге шығу, көп әйел алу TikTok үшін жақсы контент шығар, бірақ шын өмірде бұл нәрсе іске асса, отбасылар саны көбеймейді, керісінше ажырасып кететіндер артады, — дейді.
— Дамир: Заңдастыруға да, тыйымға да бас қатырмайтын жастар көп. Өмір қиын, бәрі жұмыс, оқу деп жүр. Бұндай тақырыпқа бас ауыртпаймыз.
36 жастағы Аслан: Бір әйелдің өзі бір әлем. Оны бақытты ете алмай жүріп, екіншісін алуды ойлау орынсыз.
— 68 жасар қария: Біздің ата-бабамыздың көп әйел алғанын айтып жүрсіздер. Бірақ ол кезеңнің өз заңы, өз қажеттілігі болды. Қазір заман басқа. Қазақ үшін отбасы қасиетті. Онымен ойнауға болмайды, — деген пайымын жеткізді.
— Жанар: Екі күйеуге шығу дегенге мүлде қарсымын. Бұл біздің дүниетанымға, тәрбиемізге сай емес. Отбасы деген ер мен әйелдің жауапкершілігі. Бір еркектің өзін сыйлап, құрметтеп, отбасы құрып алсақ соның өзі үлкен жетістік.
— Берік: Мен тоқал алуға қарсы емеспін. Бұрын да болған, қазір де бар нәрсе. Тек бәрі ашық, заңмен реттелсе дұрыс болар еді. Жасырын жүргенше, еркектің шамасы жетсе, екі әйелін де бағып-қағып отырса несі айып? Ешкімнің ақшасын алып жатқан жоқ. Тіпті кейбір әйелдер өзі келісіп жатады. Негізі біз мойындағымыз келмегенмен, мұндай жағдай қоғамда бар. Ал әйелдерге екі күйеуге рұқсат беру мүлде басқа әңгіме. Қазақта ондай болмаған, оған біздің жұрт дайын емес.
— Бибігүл: Неге ондай болмаған? Болған. Матриархат деген қоғамда солай болған шығар деп ойлаймын. Ал қазір ше? Менің екі күйеуім болса, бәріміз бір үйде тұрсақ – жақсы емес пе? Мен қолдаймын мұндай нәрсені. Тек заң қалай болмақ?
Қалалықтар арасында өткен осы қысқа сауалнама арқылы-ақ қоғамдағы көзқарастың қаншалықты ала-құла екенін байқауға болады. Бір буын өзгеріске ашық болса да, екіншісі оған үзілді-кесілді қарсы. Бірақ бәрін бір ортақ ой біріктіреді.
Осы тақырып төңірегінде қоғамның қаншалықты алаңдатып отырғаны айтпаса да түсінікті. Бірі «заңсыз нәрсе жасырын жүретін болса, ашық заңдастырған дұрыс» десе, екіншілері «қазақ қоғамына мұндай өзгеріс ешқашан жараспайды» деп қақ жарылады. Әр буынның ойы әртүрлі.
Бүгінгі таңда көп әйел алу да, көп күйеулікті заңдастыру да — бір ғана адамның жеке таңдауы емес, оның артында үлкен жауапкершілік, заң, мораль, тәрбие, дәстүр, балалардың тағдыры сияқты ауыр жүктері бар мәселелер.
Қоғам өзгеріп жатыр. Уақыт, көзқарас, өмір салты да өзгереді. Бірақ оның бәрі ешқашан халықтың дайын болуынан бұрын келмеуі керек. Мәселені талқылауға болады, пікір айтуға да әркімнің құқығы бар. Бірақ кез келген өзгерістің ең басты өлшемі — оның елге, отбасыға, балаларға қалай әсер ететіні.
Көп әйел алу болсын, екі күйеу туралы пікір болсын — бұл әзірге қоғамды шулатқан, бірақ нақты шешімі жоқ, тек талқылау деңгейіндегі ұсыныстар. Ал халықтың өзі әзір мұндай қадамға моральдық та, әлеуметтік те тұрғыда дайын емес сияқты.
Қазақ үшін отбасы — қасиетті ұғым. Бір шаңырақтың тыныштығы, бірлігін сақтау — әр заманның өзіне тән ең маңызды құндылығы болып келген. Сол себепті қандай өзгеріс енгізбек болсақ та, алдымен осы ұстанымды жоғалтпай, ақылмен, сабырмен, жан-жақты саралап барып қана шешім қабылдау керек-ақ.
P.S. Бұл мақала қоғамда қызу талқыланып жатқан пікірлерді, әртүрлі тараптың реакциясын және көпшіліктің алаңдаушылығын ашық көрсету мақсатында жазылды. Мұнда келтірілген ойлар — халық арасында айтылып жүрген көзқарастардың бір бөлігі ғана.
Осындай әлеуметтік тақырыптар көтерілген сайын, әр адам өз өмірлік тәжірибесі мен түсінігіне сүйеніп бағасын береді. Біреулер өзгеріс керек десе, енді басқасы керісінше, қалыптасқан құндылықтарды сақтап қалуды жөн санайды. Қалай болғанда да, қоғамдағы әр пікірдің артында нақты адам тағдыры, отбасылық жауапкершілік, ұлттық менталитет тұр. Сіз не дейсіз?

Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ