САЛЫҚТЫҚ БЕРЕШЕКТІ ӨНДІРУДІҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ
Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Айгүл Саятқызы Желдібаева БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, жаңа Салық кодексінде қарастырылған маңызды өзгерістерді кеңінен таныстырды.
Кездесу барысында салық міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету тәсілдері, салық берешегінің шекті мөлшері, мәжбүрлі шаралар, сондай-ақ салықты кейінге қалдыру және бөліп төлеу талаптары туралы ақпарат айтылды. Енгізілген жаңа тәртіп салық төлеушілердің міндеттемесін орындауды жеңілдетіп те, кей жерлерде күшейтіп те отыр. Бұл өзгерістердің халыққа, әсіресе кәсіпкерлерге әсерін түсінікті тілмен тарқатып көрейік.
Айгүл Желдібаеваның айтуынша, жаңа кодекстегі ең басты өзгеріс – қарызды өндіру шаралары енді берешек мөлшеріне қарай кезеңімен қолданылатын болады. Бұл бизнеске артық қысым түсірмей, берешекті өз еркімен өтеуге мүмкіндік бермек.
Салықтық міндеттемені орындауды қамтамасыз ету бойынша үш негізгі тәсіл нақтыланды. Біріншісі – өсімпұл есептеу. Бұл дегеніміз, салық міндеттемесі мерзімінде орындалмаған жағдайда, өсімпұл мәжбүрлеп өндіру шараларына қарамастан Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне қарай есептеледі. Яғни қарызды уақытынан кешіктіру бұрынғыдан да тиімсіз. Екіншісі – банк шығыс операцияларын тоқтату. Қарыз өтелмейінше, шоттан қаражат шығару мүмкін болмайды. Үшіншісі – мүлікті пайдалануға шектеу қою. Қарызы бар кәсіпкер мүлкіне иелік ету құқығын уақытша жоғалтады.
Бұл тәсілдер жүйені тәртіпке келтіргенімен, қарызды кездейсоқ немесе уақытша қаржылық қиындық салдарынан төлей алмай қалғандарға ауыр тиюі мүмкін. Дегенмен, жаңа кодексте осындай жағдайларды ескеретін жеңілдіктер де бар.
Жаңа тәртіптің маңызды тұсы – «салық берешегінің шекті мөлшерін» енгізу. Ол кәсіпкерлер үшін біршама жеңілдік әкелді. Бұрын салықтың қарыз мөлшері аз-көп деп бөлінбей, шот бірден бұғатталатын. Енді:
— Егер берешек 20 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 87 мың теңге) аспаса, салық төлеушіге тек хабархат жолданады. Бұл мәжбүрлі шараларды пайдаланбай жасалатын ескерту.
— Ал қарыз 20-дан 45 АЕК-ке дейін (176 940 теңгеге) жетсе, салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіледі. Ол қарыз пайда болған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде жолданып, салық төлеуші оны он жұмыс күні ішінде өтеуі тиіс. Мерзімінде төлемеген жағдайда банктік шоттар мен касса операциялары тоқтатылып, инкассалық өкім қойылады.
— Берешек 45 АЕК-тен асқан кезде барлық мәжбүрлі шаралар іске қосылады: борышкердің шоттарына инкассалық өкім қойылады, мүлкі тәркіленіп аукционға шығарылады, қарыз дебиторларынан өндіріліп алынады. Егер салық төлеуші қарызын өтемесе, оның дебиторы он күн ішінде хабарлама алады және оны жиырма жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.
Сонымен қатар, үш айдан астам уақыт өтелмеген және 27 000 АЕК-тен (106 млн теңгеден) асатын қарыз үшін тұлғаның елден шығуына уақытша тыйым салынатыны да атап өтілді.
Қаржылық қиындықтарға тап болған салық төлеушілер үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Берешегі 1500 АЕК-тен (шамамен 6 млн теңге) аспайтын кәсіпкерлер қарызды кепілсіз бөліп төлей алады. Бұл үшін мүлікті бағалау немесе сақтандыру талап етілмейді. Алайда салық төлеушінің жұмыс өтілі, негізгі құралдарының болуы, қызметкерлерінің саны секілді бірқатар критерийлер ескеріледі.
Өнім өндіруге арналған тауарлар мен шикізатты импорттайтын кәсіпкерлерге импорт бойынша қосылған құн салығын кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Импортталатын тауарлардың тізімін уәкілетті орган бекітетін болады.
Салықты кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мерзімдері де нақтыланды. Кейінге қалдыру – алты айға дейін беріледі және ол бір жолғы төлеммен өтелуі қажет. Ал бөліп төлеу үш жылға дейінгі мерзімге беріліп, төлемдер ай сайын немесе тоқсан сайын тең үлеспен жүзеге асырылады. Мерзімі бір жылдан асатын жағдайда кепілге қою немесе банктің кепілдігі талап етіледі.
Қажет болған жағдайда кепіл мүлкін бағалау міндеттеледі. Форс-мажор жағдайлары, маусымдық ерекшелік, қаржылық қиындықтар, қосымша салық есептілігі, берешекті қайта құрылымдау және басқа да жағдайларға байланысты өтініштер бұрынғы тәртіппен – 20 жұмыс күні ішінде қаралады.
Айгүл Саятқызының айтуынша:
– Енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – шағын қарызы бар салық төлеушілерге қолдау көрсету. Бұрын салыққа 1 теңге қарыз шықса да мәжбүрлі шара қолданылса, жаңа кодексте қарыз мөлшеріне қарай алдын ала ескерту жасалып, өз еркімен өтеуге мүмкіндік беріледі. Бұл бизнеске түсетін жүктемені азайтып, салықтық тәртіпті біріздендіруге бағытталған қадам, — дейді.
Қорытындылай келе, жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер кәсіпкерлерді жазалау емес, берешекпен жұмыс жасаудың тәртіпті әрі әділ жүйесін құруға бағытталған. Жағымды жағы – аз қарыздар үшін қатаң шаралар қолданылмайды, бөліп төлеу жеңілдіктері қарастырылған. Жағымсыз тұсы – берешек ұлғайған сайын шаралардың күрт күшеюі және ірі қарыздарға қатысты шектеулердің қатаң болуы. Дегенмен жүйенің басты мақсаты – салық төлеушіге қарызын еркімен өтеуге мүмкіндік беру және бизнеске артық қысым жасамай, біртіндеп жауапкершілік жүктеу.
Гүлнұр БАЙМҰХАН
