2026: ҚАЛТА ҚАҒЫЛҒАН ЖЫЛ МА, ӘЛДЕ ТӘРТІПКЕ КЕЛГЕН КЕЗЕҢ БЕ?

0
47

2026 жыл Қазақстан үшін жай ғана жаңа күнтізбелік кезең емес, елдің әлеуметтік-экономикалық тынысын өзгертетін бетбұрысқа айналды. Жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап халық арасында «биыл бәрі қымбаттайды», «салық көбейеді», «айыппұл ауырлайды» деген әңгіме жиі айтыла бастады. Расында да, бір жағынан айыппұл мен салықтың өсуі жұрттың көңілін құлазытса, екінші жағынан зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақының шамамен 10 пайызға артуы зейнеткерлер мен түрлі санаттағы жәрдем алушыларға үміт сыйлады. Алайда осы өзгерістердің барлығын таразы басына қойғанда, «мемлекеттің жаңа ережелері қарапайым азаматтың қалтасына қандай салмақ салады?» деген сұрақ күн тәртібіне шықты.

Қаңтардың алғашқы күнінен бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі ел өмірінің барлық саласына әсер етпей қоймайды. Мемлекет салық жүйесін оңтайландырып, есептілікті азайтуды көздегенімен, қарапайым халық үшін ең сезілетін өзгеріс – қосылған құн салығының 16 пайызға дейін өсуі. Бұл дегеніміз – күнделікті тұтынатын азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық қызметтердің бағасы біртіндеп қымбаттайды деген сөз. Әрине, әлеуметтік маңызы бар кейбір салаларға жеңілдіктер қарастырылған. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызды ауруларды емдеу, баспа кітаптарын шығару, археологиялық жұмыстар аясындағы қызметтер ҚҚС-тан босатылды. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге 2026 жылы 5 пайыздық, 2027 жылдан бастап 10 пайыздық мөлшерлеме енгізіледі. Бұл халықты қорғауға бағытталған қадам болғанымен, нарықтағы жалпы қымбатшылықты толық тежей алмайтынын көпшілік түсініп отыр.
Салық салудың өзі де жаңа сипатқа ие болды. Енді Қазақстанда жеке табыс салығы прогрессивті шкала бойынша есептеледі. Жылдық табысы 36 миллион теңгеден аспайтын азаматтар бұрынғыдай 10 пайыз төлесе, осы межеден асатындар 15 пайыз салық төлеуге міндетті. Бір қарағанда, бұл әділетті жүйе секілді көрінеді. Алайда қосымша табыс табу үшін бірнеше жерде жұмыс істейтін, жеке қызмет көрсететін немесе шетелден кіріс алатын азаматтар үшін бұл жаңа талап айтарлықтай салмақ болады-ау. Бұған қоса, Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың табысын жанама әдіспен анықтауды енгізіп отыр. Яғни азаматтың ресми табысы оның шығынымен сәйкес келмесе, салық органдары банктік шоттардағы қаражат қозғалысын, мүліктің құнын, сатып алынған активтерді негізге ала отырып, қосымша салық есептей алады. Бұл көлеңкелі табыспен күресудің бір жолы болғанымен, адал өмір сүріп жүрген адамның өзіне де күдікпен қаралатын заман басталғандай әсер қалдырады.

БАНК КАРТАЛАРЫНА АУДАРЫМДАР БАҚЫЛАУҒА АЛЫНАДЫ

2026 жылдан бастап жеке банк карталарына жасалатын ақша аударымдарының қатаң бақылауға алынуы да қоғамда үлкен талқылау тудырды. Егер бір банктік шотқа қысқа мерзімде көп адамнан қаражат түссе немесе түсім көлемі белгіленген шектен асса, бұл кәсіпкерлік табыс ретінде бағалануы мүмкін. Қаражаттың қайдан келгенін дәлелдей алмаған жағдайда азамат қосымша салық пен айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Аталған талаптар, бір жағынан, көлеңкелі экономиканы қысқартуға бағытталған. Бірақ екінші жағынан, күнделікті өмірде бір-біріне қаржылай көмектесіп жүрген, той-томалаққа, ем-домға ақша жинайтын қарапайым халық үшін түсініксіз әрі алаңдатарлық жағдай болары анық.

АЙЫППҰЛ КӨБЕЙДІ

Айыппұлдың өсуі де ел азаматтарының қалтасын қаққалы тұр. 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңгеге дейін өсті. Бұл барлық айыппұлдың автоматты түрде қымбаттауына алып келді. Мысалы 2025 жылы оның құны 3 932 теңге болатын.
Қоғамдық жерде балағат сөз айту, қоқыс тастау, қоғамдық орынға мас күйінде шығу, ұсақ бұзақылық сияқты әрекеттер үшін төленетін айыппұлдар енді бір айлық жалақыға жуықтап қалды. Мысалы: бұрын қоғамдық жерде балағат сөз қолданғаны үшін ең төменгі айыппұл 20 АЕК, яғни 78 640 теңге болса, 2026 жылы бұл сома 86 500 теңгеге дейін өсті. Ал саябақ, сквер және өзге де қоғамдық орындарды ластағаны үшін:
— алғаш рет бұзса – 10 АЕК, 2026 жылы 43 250 теңгеге дейін;
— бір жыл ішінде қайталап бұзса – 20 АЕК, 86 500 теңгеге дейін айыппұл төлейді.
Алкоголь ішу немесе қоғамдық орынға мас күйінде келу бойынша ең төменгі айыппұл – 21 625 теңгеге дейін (5 АЕК), соның ішінде бір жыл ішінде қайталап бұзса – 43 250 теңгеге дейін (10 АЕК) қымбаттады.
Вандализм үшін қылмыстық жауапкершілікке ең төменгі айыппұл – 432 500 — 865 000 теңгеге дейін (100–200 АЕК), ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда ең жоғарысы – 2,1 млн. теңгеден 8,6 млн. теңгеге дейін (500–2 000 АЕК) өсті.
Сонымен қатар, ғимарат, құрылыс, ортақ пайдаланылатын орындар және көліктегі немесе өзге де қоғамдық мүлікті қорлағаны үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Оның құны – 216 250 теңгеге жетті.
Жол жүру ережесінде 2026 жылдан бастап бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен жүргізушілерге айыппұл алғашқы құқықбұзушылық – 10 АЕК (43 250 теңге), қайталанса – 15 АЕК (64 875 теңге) өседі.
Аталған құқықбұзушылықтың бәрі тәртіп орнатуға бағытталғаны сөзсіз. Бірақ табысы төмен азамат үшін бір қателік бірнеше айлық еңбектің ақысын жоққа шығарып жіберуі мүмкін.

ҚҰЖАТТАРДЫ АЛУ БАҒАСЫ ӨСТІ

Жеке куәлікті алғаш алу мен мерзімі аяқталған соң ауыстырудың тегін болуы – жағымды жаңалық. Туу туралы куәлікті алғаш алу да тегін берілетін болды. Бірақ АЕК-тің өсуіне байланысты паспорт, жүргізуші куәлігі, неке қию, ажырасу сияқты қызметтердің құны қымбаттады. Атап айтқанда, 16 жасқа дейінгі паспорт – 17 300 теңге; 36 бет – 34 600 теңге; 48 бет – 51 900 теңге; Жеке куәлік – 865 теңге; Жүргізуші куәлігін алу – 5 406 теңге; Туу туралы куәліктің көшірмесі – 2 163 теңге; Неке қию – 4 325 теңге, ал ажырасу – 8 650 теңге. Яғни бір құжат тегін болғанымен, жалпы өмір арзандап кеткен жоқ.

КӨЛІК ЖӘНЕ БАСПАНА

Көлікке қатысты өзгерістер де жүргізушілердің қалтасына салмақ салмақ. Утиль алымының өсуі, айыппұлдың қымбаттауы, сақтандыру төлемінің артуы көлік иелеріне қосымша шығын әкеледі. Мысалы, жылдамдықты асыру немесе қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін айыппұл 21 625 теңгеге, утиль алымы 216 250 теңгеден басталады. Сонымен қатар, сақтандыру полистері де қымбаттайды. Ал шетелден әкелінетін көліктерге қойылған жаңа шектеулер нарықтағы бағаны одан әрі өсіруі мүмкін.
Баспана мәселесінде де жаңа талаптар пайда болды. Енді пәтерді алғаннан кейін екі жылға жетпей сатқан азамат табыс салығын төлеуге міндетті. Жаңа тұрғын үйлерді қолма-қол ақшаға сатып алуға тыйым салынды. Бірнеше баспанасы бар адамдарға салынатын салық мөлшері артты. Бұл шаралар алып-сатарлықты тежеуге бағытталғанымен, қарапайым азаматтың баспаналы болу арманын тағы бір сатыға алыстатып жіберетін болды. Сонда жаңа үйді алу кезінде банктердің пайыздық мөлшерлемесіне де төзуге тура келеді деген ақиқат та бар.

ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ ӨСТІ

Осындай қатаң талаптардың аясында әлеуметтік төлемдердің өсуі жұртқа аз да болса демеу болды. 2026 жылы Қазақстанда зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы мөлшері қайта есептеліп, бірқатар төлемдер өсті. Бұл өзгеріс, ең алдымен, зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға және мүгедектігі бар азаматтарға қатысты. Мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне тікелей байланысты есептеліп, оның ең төменгі көлемі 35 596 теңге болып белгіленді. Базалық зейнетақының нақты мөлшері азаматтың 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне қарай өседі. Мәселен, 15 жыл еңбек өтілі бар зейнеткерлер 40 680 теңге көлемінде базалық зейнетақы алса, 30 жылдан астам еңбек өтілі бар азаматтар үшін бұл төлем 55 936 теңгеге дейін жетеді. Ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңге болып бекітілді. Сонымен қатар, зейнет жасы өзгеріссіз қалды: ерлер үшін – 63 жас, әйелдер үшін – 61 жас.
Көпбалалы отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау да артты. Енді төрт баласы бар аналар ай сайын 69 200 теңге жәрдемақы алса, бес баласы бар отбасыларға 86 500 теңге, алты балаға – 103 800 теңге, жеті балаға – 121 100 теңге төленеді. Сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға әр балаға 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 17 300 теңгеден төлем қарастырылған, бұл жағдайда жәрдемақының ең төменгі сомасы 138 400 теңгеден кем болмайды. Сондай-ақ, «Алтын алқа» иегерлеріне ай сайын 32 005 теңге, ал «Күміс алқа» иегерлеріне 27 680 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді.
Бала дүниеге келген кезде берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы – жөргекпұл мөлшері де ұлғайды. Бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңге төленсе, төртінші және одан кейінгі балалар үшін бұл сома 272 475 теңгені құрайды. Егер отбасында егіз, үшем немесе төртем дүниеге келсе, жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі. Ал жұмыс істемейтін аналарға бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын жәрдемақы төленеді. Бірінші балаға – 24 912 теңге, екінші балаға – 29 453 теңге, үшінші балаға – 33 951 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 492 теңге. Егер анасы бала күтімі демалысына дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, ол соңғы екі жылдағы орташа табысының 40 пайызы мөлшерінде жәрдемақы алады.
Мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау да қайта қаралды. Жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға ай сайын 81 870 теңге төленеді. Жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және бала кезінен мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақы бірінші топ үшін 111 872 теңге, екінші топ үшін 93 057 теңге, үшінші топ үшін 81 870 теңге болып белгіленді. Ересектер арасындағы мүгедектігі бар адамдарға да осыған ұқсас мөлшерде төлемдер қарастырылған: бірінші топтағы мүгедектер 111 872 теңге, екінші топ – 89 498 теңге, үшінші топ – 61 021 теңге алады.
Авария, жарылыс, радиация немесе экологиялық төтенше жағдай салдарынан мүгедек болып қалған қызметкерлер үшін жәрдемақы көлемі жоғары. Мұндай жағдайда бірінші топтағы мүгедектерге 163 739 теңге, екінші топқа 139 840 теңге, үшінші топқа 117 466 теңге төленеді. Ал кәсіби, әскери және арнаулы орган қызметкерлері қызметтік жарақат, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедек болып қалса, бірінші топқа 200 357 теңге, екінші топқа 154 589 теңге, үшінші топқа 117 466 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, асырап алушыға немесе қамқоршыға бала 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 81 870 теңге төленеді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен.
Әлеуметтік төлемдердің өсуі халықтың осал санаттары үшін маңызды қолдау болғанымен, қымбатшылық пен салықтың қатар күшейіп жатқанын ескерсек, бұл көмектің күнделікті өмірде қаншалықты сезілетіні – алдағы уақытта айқындала түспек.
Қорыта айтқанда, 2026 жыл Қазақстан үшін тәртіп пен бақылау күшейген жыл ретінде есте қалатын секілді. Мемлекет бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етіп, көлеңкелі экономиканы азайтуды көздеп отыр. Бұл – қажет қадам. Бірақ осы реформалардың ортасында қарапайым халықтың тұрмысы, төлем қабілеті, күнделікті күйбең тіршілігі ескерусіз қалмауы тиіс. Зейнетақы мен жәрдемақының өсуі бір сәттік жұбаныш болып, ал қымбатшылық пен қатаң талаптар ұзақ мерзімді салмаққа айналуы ықтимал. Сондықтан кез келген жаңа ереже ең алдымен адам үшін, халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керек. Әйтпесе тәртіп орнатамыз деп, елдің төзімін сынап алу қаупі бар.

 

Гүлнұр БАЙМҰХАН,

Деректер ашық ақпарат көздерінен алынды