ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШҚАН ЖОБА

0
43

Жастарды жұмыспен қамту мәселесі кез келген өңір үшін маңызды. Ал NEET санатындағы жастардың үлесі артқан жағдайда бұл мәселе әлеуметтік сипат алып, ұзақ мерзімді салдарға әкелуі мүмкін. Жетісу облысында соңғы жылдары осы бағыттағы көрсеткіштер алаңдаушылық туғызғаны рас. Дегенмен 2025 жылы қолға алынған бірқатар жүйелі шаралар жағдайды өзгертуге болатынын көрсетті.

Ресми статистикаға жүгінсек, 2025 жылдың қаңтар айында Жетісу облысында NEET санатындағы 7 219 жас тіркелген. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылдың төртінші тоқсанындағы мәліметіне сәйкес, өңірдегі NEET-жастардың үлесі 10,5 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш облысты республика бойынша аталған санат үлесі жоғары өңірлердің қатарына енгізді. Мұндай деректерден кейін жастармен жұмысты күшейту қажеттігі айқын байқалды.
Мәселені шешу барысында жауапты мекемелер тек жалпы мәліметтермен шектелмей, нақты дереккөзге сүйенді. Ұлттық статистика бюросының тоқсандық және жылдық көрсеткіштері, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Отбасының цифрлық картасы арқылы өңірдегі жұмыссыз жастардың нақты ахуалы анықталды. Соның негізінде ауыл жастары, жұмыссыздар және NEET санатындағы жастарды қамтитын арнайы жобалар әзірленді.
Жастарды жұмыспен қамту бағытында «Жасыл ел», «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты, әскери-техникалық мектептерде тегін оқыту секілді жобалар іске асырылды. Бұл бастамалар жастарға тек уақытша жұмыс ұсынып қана қоймай, кәсіби бағдар таңдауға және еңбек нарығына бейімделуге мүмкіндік берді. Әсіресе ауыл жастары үшін бұл жобалардың маңызы ерекше болды.
Аталған жұмыстың нәтижесі де көп күттірмеді. 2025 жылдың қаңтарында 7 219 адамды құраған NEET санатындағы жастар саны желтоқсан айында 3 939 адамға дейін азайған. Бұл бір жыл ішінде 45,4 пайыздық төмендеуді білдіреді. Ал Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында өңірдегі NEET-жастардың үлесі 10,5 пайыздан 7,5 пайызға дейін қысқарған.
Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаев бұл көрсеткіштер жоспарлы әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін айтады.
– «Жасыл ел» жобасы аясында жыл сайын 635 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тұрақты түрде өткізіліп келеді. Өңірдің ерекшелігін ескере отырып, 2025 жылы бұл грант ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға бағытталды. Әр жобаға 3 миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Бұдан бөлек, жастарды оқыту және қайта даярлау бағытында да нақты жұмыстар жүргізілді, – дейді ол.
Жастармен жұмыста маңызды рөл атқарған бастамалардың бірі – «NEET және ауыл жастарымен жұмыс жөніндегі орталықтың қызметін ұйымдастыру» жобасы. Бұл жоба 2025 жылғы 28 мамыр мен 31 желтоқсан аралығында Жетісу облысының Қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында іске асырылды.
Бұл іс барысында тиісті жұмысшылар жастармен тікелей байланыс орнатуды іске асырған. NEET санатындағы әр жасқа телефон арқылы хабарласып, бос жұмыс орындары, мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар туралы ақпарат берген мамандар жұмыссыз жастың санын азайтуға едәуір үлес қосты. Тиісінше, кәсіби бағдарлау, жұмысқа орналасу жолдарын түсіндіру және soft skills дағдыларын дамыту орталық қызметінің негізгі бағыттарына айналды.
– Жоба аясында NEET-жастар тізімі бойынша 12 146 телефон қоңырауы жүзеге асырылды. Нәтижесінде 862 жас жұмысқа орналасуға немесе оқуға қызығушылық танытып, жеке кеңес алды, – дейді «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанат Тулемисова.
Ал маусым мен қараша айлары аралығында өңір кәсіпорындары мен ұйымдарынан ұсынылған 1 894 бос жұмыс орнын қамтитын вакансиялар базасы жасақталған көрінеді. Жұмыс берушілермен және мансаптық платформалармен орнатылған өзара байланыс нәтижесінде 3 000 жас түрлі ресурстар арқылы жұмысқа орналастырылған.
Орталық мамандары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да белсенді жүргіздік дейді. Олар облыстың 9 ауданы мен Талдықорған қаласында өткен 100-ден астам іс-шараға қатысып, мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар туралы мәлімет қамтылған 2 600-ден астам ақпараттық буклет таратқан екен.
Жастарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында өңір кәсіпорындары және ұйымдарымен 100 үшжақты ынтымақтастық меморандумы жасалса, NEET-жастарды жұмысқа орналастыру мен кәсіби бейімдеуге бағытталған 102 жеке сүйемелдеу кейсі әзірленіпті. Бұл тәсіл әрбір жастың жағдайына жеке назар аударуға мүмкіндік берді деген көзқарас бар көпшілікте.
Жоба аясында жастардың қосымша дағдыларын дамыту да назардан тыс қалмаған көрінеді. 2025 жылдың қараша айында IT HUB орталығымен бірлесіп мобилография бойынша қысқа мерзімді курс ұйымдастырылып, оны 33 жас сәтті аяқтаған екен. Сонымен қатар, жастардың өз бетінше табыс табу мүмкіндігін арттыру мақсатында кулинария, қолөнер, ағаш пен гипстен кәдесый жасау, анимациялық костюмдер дайындау бағыттарын қамтыған 13 мастер-класс өткізіліпті.
Орталықтың жүйелі жұмысы КГУ «JETISÝ JASTARY» мекемесімен бірлескен іс-шаралармен толықтырылды. Бұл өзара әрекеттестік өңірдегі NEET-жастар көрсеткішінің төмендеуіне ықпал етіп, қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетті дейді мамандар.
Жалпы алғанда, Жетісу облысында іске асқан осы тектес жобалар жастармен жұмыстың есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін жүргізілгенін аңғартады. NEET-жастар үлесінің төмендеуі – соның айқын дәлелі. Ал бастамалардың жалғасын табуы өңірдегі жастар саясатының тұрақты дамуына негіз болары сөзсіз.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ