НЕГІЗГІ АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ

Дүкенге кіргенде алдымен сөреге емес, бағаға қарайтын әдет шыққалы қашан. Бір апта бұрын алған азықтың құны өзгеріп кетсе, таңғалмайтын да болдық. Әсіресе күнде асқа түсетін ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс қымбаттаса, оны әр отбасы бірден сезеді. Осындай кезде «бағаны кім бақылап отыр?» деген сұрақтың көкейімізге келуі орынды.
Жуырда жаңа жыл өте салысымен осы айтылған мәселеге қатысты нақты қадам жасалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі кеңейтіліп, бұрынғы 19 атау 31-ге жетті. Бұл өзгеріс 4 қаңтардан бастап күшіне енді. Яғни, халықтың күнделікті тұтынатын азығы енді бақылауда болады деген сөз деп топшылады көпшілік.
Тізімге енген өнімдер – кез келген үйдің асханасында бар азық екенін де оқып білдік. Сиыр, қой, жылқы еті, тартылған ет, тауық, балық еті, сүт пен айран, қаймақ пен сүзбе, ірімшік пен сары май, бірінші санатты жұмыртқа, қара шай мен ас тұзы тағы басқалары тізімде көрсетіліпті. Бұрындары рожки, 1 сұрыптағы ұн, нан, күріш секілді үйреншікті өнім болушы еді. Енді ет пен көкөністің бірнеше түрі қосылғаны көпшілікті қуантты. Тіпті алма жемісі де тізімге еніпті. Айтылғанның бәрі күнделікті дастарханнан түспейтін тағамдар екенін аңғардық. Сондықтан бұл шешімнің халық үшін маңызы зор деп езуімізге күлкі үйірілді.
Әрине, баға қағаздағы бұйрықпен бірден өзгермейді. Бәрі бақылаудың қалай жүргізілетініне байланысты екені аян ғой. Қатаң тәртіп бар жерде алға ілгерілеу де байқалады емес пе? Жұмыс дұрыс жасалса, жақсы нәтиженің ауылы алыс емес. Жетісу облысында соңғы жаңалыққа байланысты нақты бағытта жұмыс жүріп жатыр. Оған әкімдік, белгілі ұйымдардың көрсетіп жатқан есебінен көз жеткізудеміз. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін арнайы комиссия 1 қаңтардан бастап қос қала мен өңірдің әр ауданында мониторинг жүргізуде. Бұл жұмыс тіпті күшейтілген. Мамандар дүкенді де, базарды да, супермаркеттерді де қарап, делдалдық тізбекті, баға тұрақтылығын нақты бақылауда.
Тексеру барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жан-жақты талдау жасалып, бірінші кезектегі қажетті өнімдер бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауын және дүкен сөрелерінде тауар тапшылығына жол бермеуді қадағалауда.
Бағаны ұстап тұру үшін мониторингке Сауда және интеграция министрлігінің Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, сондай-ақ «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары тартылыпты.
Облыс орталығында өткен жылдары әлеуметтік дүкен мен сөрелердің жұмысына баса назар аударылған болатын. Тіпті ауыл шаруашылығы басқармасының қатысуымен әр сенбі жәрмеңке де ұйымдастырылатын. Сондықтан болар, қаладағы 5 арнайы дүкен мен 4 сөрелерде баға нарықтағыдан 10-15% төмен. Мысалы: 1 санатты жұмыртқаның он данасының бағасы 500 теңге, сұйық май — 510 тг/л, 1-сортты ұн – 160 тг/кг, күріш – 380 тг/кг, қарақұмық жармасы – 175 тг/кг, картоп – 200 тг/кг, пияз – 97 тг/кг, сәбіз – 165 тг/кг, қырыққабат – 140 тг/кг, тұз – 65 тг/кг және т.б. азық-түлік бар.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін кеңейту, нақты тексеру жұмыстарының жүйелілігі – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды шешім деп ойлаймын. Мемлекеттік бақылау мен ақпараттық ашықтық бағаның негізсіз өсуіне жол бермей, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл бастама ең алдымен қарапайым халықтың, әсіресе әлеуметтік осал топтардың мүддесін қорғауға бағытталғаны көрініп тұр.
Бір анығы, баға мәселесі – тек есептік көрсеткіш емес, әр үйдің күнделікті өмірін жақсартудың тетігі. Мемлекет тарапынан бақылау бар кезде, алыпсатарға жол тарылып, әділеттілікке мүмкіндік туады деген халық сеніміне селкеу түсе қоймас деген ойдамыз. Мұнда қазіргі маңызды фактор қарапайым халықтың әл-ауқаты төмендемей, соңғы өзгерістер қалтаны қақпаса екен дейміз.
Гүлнұр БАЙМҰХАН
