АСАНӘЛІ — АҢЫЗ АДАМ

0
34

Қазақ өнерінің шоқ жұлдыздарының бірі емес, өнер әлеміндегі дара жұлдыз Асанәлі Әшімов ағамыз дүниеден қайтқалы оның орны ерекше екеніне көзіміз жете түскендей. Халықтың жүрегінен өшпестей орын алған актер біздің өмірімізде, қоғамымызда өнерде орындаған образдарымен адамдардың қатынасына, рухани дүниесіне өзгеріс әкелген, рөлдегі кейіпкерлерінің ізгі ойлары арқылы жүректерге үміт отын жаққан, адамға деген сенімі арқылы, өзінің өміріндегі жеңістері мен көңілге қаяу түсіретін қиын кездері көңілімізде терең із қалдырған жан. Ол жеке өмірін ешкімнен жасырып көрмеген адам. Тура сахнадағы, кинодағы өзі сомдаған рөлдеріндегі сияқты актердің жеке өмірі де көрермен алдында өтті. Біз оны қабылдап түсінгеніміз соншалық, онымен бірге қуанып, бірге қайғырдық.

Бір автографтың тарихы

Алматы. М.Әуезов атындағы драма театры… Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» деп аталатын тарихи оқиғасы негізінде қойылған драмаға бардық. Театр фойесінде көрермендерге арналған кітап жәрмеңкесі төңірегінде жиналған әр көрермен ұнатқан кітаптарын сатып алып жатыр екен. Солардың арасынан Асанәлі Әшімовтың «С любовью ваш А…» — деп қолтаңбасы қойылған кітапты көзім шалып, сатып алдым. Көрермен залына кіріп орнымызға отырдық. Спектакль сәтті өтті. Драма аяқталған соң қатардан өтіп бара жатып үймелеген жұрттың арасынан Асанәлі ағамызды көзім шалып қалды. Жиналғандардың сол қатарда отырғандары ол кісімен амандасып жатыр екен. Қолымдағы кітапқа автографын қойдырып алайын деп, амандасудың аяқталуын күтіп, ел сиреген кезде мен де амандасып, қолымдағы кітапты ұсындым.
– Аға, қолтаңбаңызды сыйласаңыз маған… — деп едім, бетіме қарап тұрып:
– Атың кім, қарағым? – деді. – Атым Баян. Кеуде қалтасынан қаламын алып, қолтаңбасын қойып берді.
– Өнерді, өнер адамын сыйлағаныңа рахмет, қарындасым! – деп қолымды қысты. Жас балаша қуандым. Бұл 2014 жылдың 30 қаңтары еді. Үйге келе сала бас алмай оқып шықтым. Кітап орысша жазылған екен. Өте тартымды жазылыпты.

Актердің кітаптағы бір әзілі

Ол кісінің өзі туралы мынадай бір әзілі кітапта бар.
– Мені бірінші рет тірі түрімді көрген кейбіреулер «Сіз Асанәлі Әшімовсыз ба?» — деп сұрайды. Мен оларға:
– Жоқ, мен оның әкесімін! – деймін.
– Балаңыз сізге айнымай тартқан екен! – деп, олар таңқалады.
– Мен өзімнің жасымды жасыра алмаймын. Әжім басқан бет жүзім, ағарған шашыммен қайта мақтанамын. Өйткені олар да мен сияқты Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және халық әртісі! – деген жүрекжарды сөздері ол кісінің шынайылығынан хабар беріп тұрған жоқ па? Жалпы, кітап актердің қызығы мен қиындығы аралас өмірі туралы баяндайды.

Алыстаған жұлдыздың жарығы

Біз өмір сүріп жатқан ғарыштың бір кішкентай ғана Жер деп аталатын бұрышында аспан денелері бізге жарық беріп отырса, Асанәлінің орындаған рөлдері ішкі дүниемізді қозғап, кейіпкерлерінің іс-әрекеттері арқылы оның бейнесі біздің бойымызда ұмытылмастай сақталды.
Актердің рөлді соншама шеберлікпен орындауы зердеңде қалып, оның азан айтып қойған есімі емес – рөлдегі атын айтатын болдық. Көбіміз оны Асанәлі дегеннің орнына «Бекежан ше, чекист Чадьяров ше, спектакльдегі рөлі Еламан ше», – дейтін болдық.
Оның сахналық кейіпкерлері де қым-қиғаш оқиғаларды бастан өткізіп, өмірлері де қақтығыстарға толы болады. Соны көрерменге шынайы бейнелеп жеткізгені нанымды болғандықтан, Асанәлі орындаған образ көңілде қалатыны сөзсіз. Көрермен ол рөлді қабылдайды. Сол орындалған рөл арқылы актерді бағалап, оның өнеріне, шеберлігіне бас иесің. Айтып жүресің ұмытпай.
Ол орындаған рөлдер арқылы өмірде адамдар қандай екеніне көз жеткізесің. Қай рөлде ойнамасын, ол адам сені өмірде жіберетін қателіктер мен кемшіліктерді жеңіп немесе жеңіліп, тағдырыңның жақсы сәттерін бағалай білуге үйретеді.
Ия, біздің өміріміз космостық уақытпен өлшегенде қас-қағым сәт қана. Уақыт деген бір сәтте зымырап өте шығатын адам өмірі. Қазақтың даналары айтқандай «өмір – қамшының қысқа сабындай». Өмір өз заңымен жүріп жатқанымен, мыңдаған көрерменнің жүрегінен өшпес орын алған, ішкі дүниеңе позитивті ықпал еткен өнердің Асанәлі ағамыздай жарық жұлдызы жарқырап тұра бермек!
Ол кісі біздің рухани өмірімізді кеңейтіп, жарқыратып кетті десек қателеспейміз.
Асанәлі ағамыз қайтқаннан кейін әлеуметтік желіде жазбалар көп болды. Аңыз ағамызды ел қатты жоқтады. Сол жазбалардың ішінен көзім шалып қалғаны:
– Ол кім, соншама егіліп жатырсыңдар, Асанәлі деген не істепті соншама? – деген жазба мені қатты шошытты.
Кім болса да мұны жазған адам не қазақ киносын көрмеген, не драма театрына бармаған, не газет-журнал оқымайтын надан біреу сияқты.
Осы ойымды таныс жастармен бөліскенде олардың айтқаны:
– Қазіргі жастар Шварцнеггерді біледі, бірақ қазақ актерлары мен әртістерін білмейді… – деген жауап қатты.
– Неге? Оған кім кінәлі? – деген сұрақты мен жастарға қоя алмадым… Маған ол «неге?» деген сұрақтың жауабы – белгілі. Бірақ Шварцнеггерді біліп, қазақ актерларын білмейтін жастарға мен оны айта алмадым. Бұл, әрине, бөлек тақырып болғанымен ойланатын мәселе.
Дегенмен, өзекті өртеген өкінішті басып, Асанәлі ағадай өнерде жарық жұлдыздары бар қазақ өнері еш уақытта қараңғыда қалмайды, өзі мәңгілікке кетсе де оның өнері әлі талай қазақ жастарына үлгі, өнеге болары анық! – деп ой түйіндедім.

Баян ТАҢАТАРОВА