МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЖЕТІСУДАҒЫ ІРІ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

0
33

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Руслан Қожасбаев пен Болат Керімбек Жетісу өңіріне жасаған жұмыс сапары аясында Талдықорған қаласындағы бірқатар стратегиялық маңызы бар өндіріс орындарының қызметімен танысты. Сапар барысында өңірдің индустриялық әлеуеті, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысы және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері талқыланды.
Депутаттар назар аударған кәсіпорындардың бірі – «ТАЛДЫҚОРҒАН КАБЕЛЬ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын 2018 жылдан бері электр сымдары мен кабель өнімдерін шығарып келеді. Бүгінде зауытта 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орны ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосып отыр.
Кәсіпорын ай сайын кабель және электр сымдарының бірнеше түрін өндіреді. Атап айтқанда, оқшауланбаған және оқшауланған сымдар, күштік және бақылау кабельдері, брондалған кабельдер, сондай-ақ заманауи полиэтилен технологиялары негізінде жасалатын өнімдер шығарылады. Бұл өнімдер энергетика, құрылыс және инфрақұрылым салаларында кеңінен қолданылады.
Нысандағы жұмыс барысымен танысу кезінде Мәжіліс депутаты Болат Керімбек өндірістің ел экономикасы үшін маңызын атап өтті.
«Мұндай кәсіпорындар – өңір экономикасының тірегі. Отандық өндірістің дамуы импортқа тәуелділікті азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мемлекет үшін ең бастысы – нақты өнім шығарып, елдің сұранысын қамтамасыз етіп отырған зауыттарды қолдау. Жетісудағы өндіріс орындары осы талаптарға толық жауап береді», – деді Болат Керімбек.
Ал Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаевтың айтуынша, өндірістік инфрақұрылымды дамыту – өңірлік өсімнің басты факторларының бірі.
«Бүгінгі таңда ең маңыздысы – нақты өнім шығарып отырған кәсіпорындарды қолдау. Мұндай зауыттар экономиканы әртараптандырып қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Жетісу облысында іске асырылып жатқан жобалар осының айқын дәлелі», – деді Руслан Қожасбаев.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының Жетісу облысы бойынша сайлауалды бағдарламасында көзделген 89 іс-шараның 84-і толық орындалған, 4 іс-шара жүзеге асыру сатысында тұр. Бұл өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетеді.
Соңғы жылдары Жетісу облысында индустриялық жобалар қарқынды жүзеге асуда. Өткен жылы өңірде 15 жаңа өндіріс іске қосылып, 2 кәсіпорын кеңейтілді. Атап айтқанда, аккумулятор шығаратын «Asma Industrial», газбетон блоктарын өндіретін «Стальбетон» зауыттары жұмысын бастады. Сонымен қатар, жуырда «Қайнар-АКБ» аккумулятор зауытында жаңа өндірістік желі іске қосылып, 10 млрд теңге инвестиция тартылып, 150 жұмыс орны құрылуда.
Қазіргі таңда облыста жалпы құны 50,6 млрд теңге болатын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 988 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал облыс орталығы – Талдықорған қаласында 11 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 пайызға өсіп, 166,4 млрд теңгені құрады.
2022–2024 жылдар аралығында Жетісу облысына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылып, оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 809 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде 3,8 мың жаңа жұмыс орны құрылды.