
ДӘСТҮРДІ ҰЛЫҚТАҒАН АҚ ЖАУЛЫҚТЫ АНАЛАР
Қазақ қоғамында соңғы жылдары ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, отбасы құндылығы жайлы әңгіме қайта жаңғырып келеді. Жаһандану дәуірінде ұлттың ұстанымы – тіл мен діл, дәстүр мен дін екенін терең ұғынған аналар қауымы ел ішінде игі бастамаларды қолға алып отыр. Солардың бірі – көпшілікке кеңінен таныла бастаған «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі.
Бұл ұйым жайлы ел аузында жақсы әңгіме көп. Бірі – кимешек киген аналардың рухты шеруін айтады, бірі – қыз-келіншектерге арналған тәлімді мектептерін сөз етеді. Біз де көкейдегі сан сауалға жауап іздеп жүргенде, «жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, бірлестіктің бас кеңесшісі Зәмзәгүл Мұқанованың Жетісу өңіріне сапары тұспа-тұс келіп, кеңінен сұхбаттасудың сәті түсті.
– «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің мақсаты?…
– «Қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе…» деген Мұхтар Әуезовтің сөзі бар екен. Міне, біздің мақсатымыз – сол аналар мен әйелдерді түзеп, жақсы ұрпақ тәрбиелеудің амалы.
Қоғамдық бірлестіктің миссиясы – қазақ аналарын біріктіру арқылы жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтар мен дәстүрді сақтап, оны заманауи үлгіде өмір салтымызға енгізуді дәріптеу.
Стратегиялық мақсатымыз да осы мүддеге қызмет етеді: қазақ аналары ұлттық құндылықтарды сақтап, жас ұрпаққа жеткізуі үшін әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Оның ішінде семинар-тренингтер мен мастер-кластар, халықаралық, республикалық және облыстық форумдар, қолөнер бұйымдарының көрмелері, мәдени іс-шаралар, онлайн оқытулар мен трансляциялар бар.
Бірлестіктің атқаратын жұмыс бағыттары кең. Шешендік өнер сабақтары арқылы қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін кеңінен насихаттаймыз. Қолөнер сабақтары ұлттық қолөнерімізді үйренуге мүмкіндік беріп қана қоймай, осы бағытта жаңа мамандық алуға жол ашады. Ұлттық аспаптар арқылы төл өнерімізді дәріптеу бағыты да бар: вокал сабағы, домбыра, қобыз аспаптарын үйретуді күшейте отырып, ән-күй өнерінің құдіретін жеткізуге күш саламыз.
Отбасылық институтын нығайту арқылы қазақ отбасының тәрбиесін дәріптеу – негізгі өзегіміздің бірі. Жас аналарға бақытты отбасы қағидаларын насихаттай отырып, табысқа жету формуласын түсіндіреміз: психологиялық көмек, семинар, форумдар, кездесулер өткізіледі. Сонымен қатар отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің құқығын қорғау, балаларды буллинг пен кибербуллингтен қорғау бағытында да нақты жұмыс жүреді.
Ауыл әйелдерін кәсіпкерлік негіздеріне үйрету де маңызды. «Ерекше балалардың» өмірге деген құлшынысын арттыру, қоғамға керектігін сезіндіру, оларды тәрбиелеп отырған аналарын кәсіпкерлікке баулу бойынша да бастамаларымыз бар. Ұлттық тағам – ұрпақ саулығы. Ұлттық тағам құндылығын дәріптейміз, дәстүріміздегі дастархан мәдениетін қалыптастыруды көздейміз.
Бірлестіктердің филиалдары барлық облыстарда және 3 мегаполисте Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бар.
– Бірлестікке қалай келдіңіз? Қанымыз бен жанымыз қазақ болғанмен дәстүрден аулақтап кеттік қой…
– Әңгімені алыстан әкелсем, алдымен бірлестікке қалай қосылғанымды айтайын. Өзім кіші немере қызыммен көп сапарда жүретін адаммын. Өзім жемесем де қасымдағыларға ұсынамын деп, пойызбен жүргенде арқаланып, тамақты толтыра алып жүремін. Сол әдетіммен вагонға кіре салып дастарханымды жайдым, жанымда кішкентай қыз отыр екен. Жас шамасы 11–12 жаста шығар, өзі қара киініп алған, қолында сәби бар. «Қарағым ау, мамаң қайда, бөпеңді емізбей ме екен?» деп айтып болғанымша, есіктен бір әйел кіріп келді. «Ей, емізбейсің бе ана баланы?» деді. Менің жүрегім тас төбеме шықты. «Ойпырмай, не деп тұрсың?» дедім. Өзінің де қолында, және арғы вагонда кішкентай балалары бар екен, маған «ол соның баласы» деді.
Сөйтсем олар «Жусан» операциясымен Сириядан келе жатқандар екен. ҚазҰУ-ды бітірген, білімді, көзі ашық отбасы бір күнде «жихад жасаймыз» деп Сирияға кеткен екен үш баласымен. Барғасын үш айда күйеуі қайтыс болып, мұнда әйел жалғыз басты жүрмейді деген желеумен өз арасында бірінен соң бірі әйел қылып, артынан қызы балиғатқа толған деген желеумен, кішкентай ойын баласының да тағдырын ойран қылған екен. Балалары әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды.
Мен өзім дәстүрге, салтқа өте жақын жанмын. Мына кимешекті кигеніме 14 жыл болды. 2007 жылдан кіші-үлкен қажылыққа барып жүрмін. 2018 жылы корольдің шақыруымен Қазақстан бойынша 15 адам үлкен қажылыққа бардық. Былтыр да барғанмын. Бұл әңгімеден менің айтпағым – біз атам заманнан мұсылманбыз, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпымыздың барлығын ұстанғанбыз. Сонда осындай адасқан жандарды көргенде жүрегімді қорқыныш билеп, ауырып, ауруханаға жатып қалдым.
Айнұр Жүгінісованың «Қазақ аналары – дәстүрге жол» атты бірлестік ашыпты деген әңгімелерді естіп те, көріп те жүргенмін. Өзім Шымкентте тұрғанда мұсылман әйелдер одағында, басқа да ұйымдарда көп меценаттық көмек жасап жүргем. Әйелдерді жинап, жиын-шаралардан қалмайтынмын. Бір күні сол әйелдердің бірі: «Бізге «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова келе жатыр екен. Біз ол кісіге сіз туралы айттық», – деді. Мен қазір ауруханада жатырмын, бара алмаймын дедім. Қаржылай көмек керек деген соң көмектестім. «Келіңіз» деп болмаған соң, Алланың қалауымен бардым. Басымда кимешек, үстімде аурухананың киімі.
Айнұр Жүгінісова келді дегенде «қызығы, ол не айтады, қандай ақыл беріп жүр қазаққа?» деген ой болды. Есіктен кіргенде маған қарады, кимешек киген мен ғана. Жаныма келіп: «Апа, сәлеметсіз бе, сіз Зәмзәгүл апасыз ба?» – деді. «Иә» десем: «Сіздің аппақ кимешегіңіз керемет жарасып тұр. Шіркін-ай әр қазақтың анасы сіздей кимешек кисе ғой», — деді. «Сіз қазақ аналарының өміріне, ертеңіне алаңдайтыныңызды, жақсы істеріңізді естідім. Сізбен бірге жұмыс істейік», – деді. «Шымкентте отағасым бар, кете алмаймын» дедім. «Астанада тұру міндетті емес, қайда жүрсеңіз де бірлестіктің атын айтып дәріптеп жүрсеңіз, арасында форумға, жиналыстарға қатысып тұрсаңыз жеткілікті» деді.
Солай, өзім жаңа бастама жасамас бұрын көп ойланамын, сол аралықта жолдасым қаза болып, үйде отырып қалдым. Кейін бұл жұмысқа толыққанды кірістім. Басшымыз Айнұр Серікқызы Жүгінісова 4 перзент тәрбиелеп отырған қамқор ана, асыл жар. Бастысы жақсы істердің жаршысы, жақсы басшысы. Қазақтан не алам деп емес, не берем деп жүрген ұлт жанашыры. Сол еңбегі бағаланып Президенттің жарлығымен Аида Балаеваның басқаруындағы Әйелдер ісі және демография комитетінің мүшесі.
Біздің басты мақсатымыз – 90-жылдардағы «әйелдері базаршыл, еркектері қазаншыл болып» қалған халқымызға дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттау, олардың бойына азық құю, ата салтымыздың ұмыт болмауын қолға алу.
– Бірлестіктің «Дәстүрге жол» деген аты жақсы естіледі екен. Оның халыққа берер пайдасы неде деп ойлайсыз?
– Елімізде осы тектес 200-ден аса ұйым, бірлестіктер бар екен. Соның ішінде бізде ресми Әділет басқармасында тіркелген лицензия, жарғы, концепциямыз бар. Әр облыста аудан, ауылдарды қосқанда 100 мыңнан аса ана отырған үлкен бірлестік. Басшымыз Айнұр Жүгінісованың және бірлестіктің қолдауымен мен бірлестіктің бас кеңесшісі болып сайландым. Төрт жылдан аса уақытта әр облысты аралап, қала, аудан, ауылдарда төрайымдарымызбен бірлесе жұмыс атқарамыз. Жоғарыда айтып кеттім, 17 облыс, 3 үлкен мегаполисте филиалдарымыз ашылған. Ең үлгілі жұмыс жүргізіп отырған – Алматы қаласы және Алматы облысының төрайымы Ләйлә Дәулет деген ана. Ләйлә Ноғайқызы филолог, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері. Оның өмірі әр қазақ қызына, анасына үлгі. Анасы сыр өңірінің атақты ғасыр анасы деген аттың иегері, еңбек ері.
Ал Ақтау қаласында Бибігүл Рамазанова кәсіпкер, өзі жас болса да аналарды соңынан ерте алатын, жыл сайын «абысын-ажындар» деген байқауда жүлделі орынсыз қайтпайтын өлке.
Ал біздің аумақ орыстанған деген сияқты пікірлерге айтарым — керісінше, Павлодар қаласы нағыз орыстанған аумақта тұрады: үш адамның екеуі – орыс. Сол жерде Айжан деген ханым бар, оның үлгілі істері қазір республика бойынша алдыңғы қатарда тұр. 500 адам жинап, «Баян өңірінің алып кимешегі» деген іс-шара өткізіп, Гиннес кітабына кірді. Ақтаудағы Бибігүл қызымыз 5000 адаммен қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің түрін көрсетіп, Гиннес кітабына енді.
Ең қызығы, Түркістан облысы үш жыл «ұйқыда» болып, төрайымына батырып та, қатты да айтып жүрдім. Былтыр шілде айында он рет барған шығармын. Оның себебі – бұл облысты қалай көтерсем екен деген ой болды. Облыс болғанда жәй облыс емес, Түркі елінің астанасы деген атқа лайық, киелі Түркістанның ашылмағанына қатты қынжылдық. Бүкіл аудандардың төрайымдарын жинап, «Түркі елінің астанасы, дін, тіл өркендеген өңірсіңдер, қалай ашыласыңдар» деп өкпе-назымды шығардым. Көп ойлана келе киелі сәукелені жарнамаласақ, әрі мән-мағынасын түсіндірсек деген оймен Гиннес кітабына кірейік деген идеямды айтқанда қорқып кетті. «Қажы апа, ондай күшіміз жоқ қой» деді. Қаржымыз да жоқ. Екі түн ойланып, қазір сәукеленің мәні кетіп бара жатқанын, сәукеледей киелі бас киімді қыз дәуірімен қоштасуындай, қыз бала өмірінде бір-ақ рет кию керек. Ал біздің қыздарымыз 2-3 неке құрса да киіп қадірін кетіріп жүргенін тілге тиек еттім. Аналар да, басшымыз Айнұр Серікқызы да қолдау көрсетіп қуанып кетті. Ой қосты. Сонымен сәукеле тігеміз деген ой түйдік.
Ақмарал Дауылбаева деген қолынан іс келетін шебер қызға бойы 5 мерт болатын сәукеле жасауды тапсырдым.
Айнұр Жүгінісова идеямды қоштап, желегі 550 метр болсын деді. Ал идея бар, оған қаржыны қайдан аламыз дегенде қасаба тігіп, әйелдерге кигіземіз және сертификат береміз деп жарна жасадық. Солайша алып сәукелемізді жасадық. Артынан 1500 ана желекті ұстап, кимешегімізбен жүретін болдық. Басында 500 ана боламыз деп ойлағанбыз. Қызыққан өзге ұлт өкілдері де қатысып кетті. Оған Түркістан облысы әкімдігі тарапынан да қолдау болды. Қытай, Англия, Индия, Өзбекстан, Ресейден тексеруге келген өкілдер де таңдай қақты. «Мұндай көп адамды қамтыған шара болмаған» деді. Солай басшымыз Айнұр Жүгінісова, жоба авторы мен, облыс төрайымы Ботакөз Мошқалова, шебер ана Ақмарал Дауылбаева – бәріміз Гиннестің Гран-приін ұтып алып, хрусталь статуэтка алдық. Әлемнің 132 мемлекетіне хабар тарады. Таңқалды, тамсанды, таңдайларын қақты. Қазақстанның атын шығардық.
Петропавл қаласында да жиын өткізейік, тексерейін деген ниетпен барсам, олар облыс әкімшілігімен бірлесіп жеке кабинет ашып, бұрқыратып жұмыс істеп жатыр екен. де бар екен. Барлық шараларда облыс әкімі бас болып қолдап, түскен суреттері, іс-шаралары да жетіп артылады екен. Қазақи рухтары, жігерлері мықты екен.
Басқа ұлт араласқан өлкені жандандыруға қандай шара қолдансам деген оймен 5 метрлік қамшы жасайық деген ой келді. Бірақ ол ертең даулы мәселеге айналып кетуі мүмкін болғандықтан, идеямызды тоқтатып қойдық.
Қазекеңдер көшеде қамшымен жүр деген желеу болып кетер деген ой келді. Бірақ жаз шығып, жер кеңісе үлкен шара болар деген ой бар. Енді Жетісуда да осындай ауқымды шара өткізсек деген ойымыз бар. Оған да облыс әкімі, ардагерлер, жергілікті халықты жұмылдыру керек. Жер жаннаты Жетісудың атын әлемдік деңгейде бұрқ еткізсек, таңқалдырайық деген жақсы ой бар. Жоспар да жасап отырмыз.
– Бірлестіктің қаржы көзі қандай? Мемлекеттік басқару ұйымдарынан қаржылай қолдау көзін аласыздар ма? Азаматтар жалақы ала ма бірлестіктегі жұмысы үшін?
– Осы уақытқа дейін үкіметтен ешқандай қаржы алған емеспіз. Істеп жатқан жұмысымыздың бәрі тегін. Қазақ үшін, қазақ халқының өркендеуі үшін өз қаражатымызбен жүрміз. Әр ана өз зейнетақысымен, тапқан табысымен жүріп жатыр. «Бізді президент те қолдап отыр, жалақы да шығатын шығар» деген үміт бар. Тек біздің Ақтаудағы Бибігүл деген қызымыз жыл сайын облыстан бөлінген тендерге қатысып, қаржылық көмек алып отыр. Ал басқа облыстарда бәрі тыныш, ондай қолдау жоқ. Сондықтан «тендерге қатысуға ұмтылыңдар» деп айтып отырмыз. Құдай қаласа, болып қалар деген ойдамыз.
Біздің аналардың әр облыс, аудандарда жеке топтары бар. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері жаңа тақырып талқылаймыз. Міне, бүгінге дейін 400 тақырыпты талдап өтіппіз. Білген-білмегенімізді айтып, тарихтан тағылым, салт-дәстүр т.б. келелі мәселелерді қозғаймыз, талқылаймыз.
– Жетісу облысы және Талдықорған қаласы бойынша бірлестікте қанша адам бар? Ұйымдағылардың жас аралығы қандай?
– Еліміздегі бірлестік филиалдарын атап айттым ғой. Айта кетерлігі, дәл сондай филиалдар қақаған аязда Ресейдің Мәскеу қаласында ашылған. Екатеринбург қалаларында, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде, Түркияның Стамбул, Аланья қалаларында ашылды. Америкадан да шақыру бар. Әлем елдерінің ақ кимешекке деген сұранысы, ізгі ниеттері керемет.
Сонымен қатар біздің бірлестік құрамында «Ерлер қанаты» мен «Жастар қанаты» да бар. Жетісу облысында «Ерлер қанатының» төрағасы – Ербол Құдайбергенов. «Жастар қанатында» мектеп жасынан 40 жасқа дейінгі азаматтар қосылады.
Жетісуда Ақсу, Сарқан, Көксу, Қаратал, Ескелді, Панфилов, Алакөл, Үйтас, Кербұлақ, Текелі, Лепсі, Талдықорған аудандарынан 360-тан астам адам бірлестігімізде бар. Бізде жас айырмашылығы жоқ: 18–90 жас аралығындағы қыз-келіншек, әжелер кіре береді.
Тағы бір айта кетерлігі, бізде екі төрайым депутат болған. Бірі – осы Жетісу облысындағы Гүлназ Мұстафа, екіншісі – Ақтаудан Бибігүл ханым.
– Зәмзәгүл ханым, берген сұхбатыңызға рахмет. Деніңізге саулық, басыңызға амандық тілейміз. Игі ниет – елге жұғысты болсын.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ
