
АҚҚАБАҚ БИ, ӘУЛИЕ БАБА
«Шежіре» — жөнін білу, кешегісі мен осы күнге жеткен тарихын, әулетін білу, келешекке, ұрпақ тәрбиесіне ықпалды болу деген сөз. Халық шежіресі әулет шежіресінен құралады. Шежіре білу дегеніміз рушылдыққа ырық беру деген емес. Қайта әркімді халықтың тарихи тегін анықтауға, атамұраға жанашырлықпен қарауға, ұрпақтағы қан тазалығын сақтауға баулиды. Ағайын-туыс, жекжат ынтымақтастығын шыңдайды. Сонымен қатар, өмірден озған ата-бабаларды құрметтеу – қазақ халқының дүниетанымындағы, имани тәрбиедегі ең маңызды құндылықтардың бірі екені сөзсіз. Ата-ана мен ата-баба аруағын сыйлау, олардың істеген жақсылығын ұмытпау және дүниеден өтсе де ардақтау – перзенттік парыз.
Атақты бабалардың зиратын тауып, құрмет көрсету – бабалар рухына тағзым етудің, тарихты ұлықтаудың және ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың айқын көрінісі. Бұл қазақ халқының дәстүрінде қалыптасқан, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген нақыл сөзге негізделген ізгі амал.
ӨЗБЕКСТАНДА ЖЕРЛЕНГЕН
БАБА ЗИРАТЫН ІЗДЕУ
Жақсыбай өзіміздің Көксу ауданы, Балпық би кентінің тұрғыны.
Үйінде жұмыс жасаған өзбек жігіттерімен әңгімелесе жүріп, Өзбекстанның Бостандық тұманында (ауданында) Аққабақ деген ауыл бар екенін естиді. Одан бері 3-4 жыл уақыт өтсе де, Аққабақ атты ауыл ұдайы ойынан шықпайды.Содан жол түсіп, 2025 жылы желтоқсанда Ташкент қаласындағы «Таш терминал» демалыс орнына барып демалудың сәті түседі.
Ойда жүрген істің оңтайы келді-ау деп, бір күні таңғы астан кейін «тәуекел» деп, Бостандық тұманына (ауданына) таксиге отырып, жүріп кетеді. Ташкент пен Бостандық ауданының орталығы Шыршық қаласының арақашықтығы 50 км шамасында екен. Бесін намазы уақыты таяп қалғандықтан, орталық мешіттің қасынан түсіп, намаз оқиды. Өзімен қатар тұрып намаз оқыған Әлішер атты азаматпен танысып, жөн сұрасып, жүрген шаруасын айтады. Әлішер сол Бостандық ауданының тумасы екен. Жасы 75-ке келсе де әлі ширақ.
Әлішердің бір баласы Алматыда, екінші баласы Бостандық ауданында өзінің туып өскен жерінде тұрып қалған. Әлішер Жақсыбайды ілестіріп, Абай ауылында тұратын Нұрғали деген қазақ азаматының үйіне алып барады.
Ас, су іше отырып «Аққабақ біздің бабамыз еді, сол кісі жөнінде мағлұмат білу үшін осы жаққа келіп едім», дегенде үй иесі Нұрғали бірден Әбдісалық деген ауыл адамына телефон шалып, шақыртып алады.
Әбдісалық жас кезінде КазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, жолдамамен Талдықорған қаласынан шығатын «Октябрь туы» газетінде 1 жыл жұмыс жасап кеткен екен. Ол кісілердің әңгімесіне қарағанда, Аққабақ бабаның қай рудан екені белгісіз. Отырған жігіттер Аққабақ туралы жан-жақты сұрастырып, «бір хабарын айтамыз» — деп қоштасып, Жақсыбайды шығарып салады.
Бұл жерде бір айта кететін жайт — Жақсыбай бауырымыздың тәуекелінің күштілігі. Басқа республикада танымайтын жерге барып, бабамызға іздеу салу дегенді ерлікке балау керек. Кез келген адам дәл осылай істейді деп ойламаймын.
Демалыс уақыты бітіп, Жақсыбай әуежайға келгенде телефонына қоңырау түсіп, Әлішерден жақсы хабар естиді. Өзбекстанда Аққабақ баба кесенесі бар екенін айтып, суретін жібереді.
Елге жеткен Жақсыбай қатты қуанып, қуанышын бауыр-туыстармен бөлісіп, сүйінші хабарын жеткізеді.
Талдықорғандағы ағайын-туыс бас қосқан жиында Өзбекстанның Бостандық ауданына барып, Аққабақ бабаның басына бір мал сойып, құран бағыштап, тәу етіп қайтқан дұрыс деп шешіп, жағдайы келетін 6-7 адам ақылдасып жолға шықпақ болдық. Содан телефон арқылы хабарласып, Алматыдағы баласының үйінде жатқан Әлішерді бізге жол сілтеп, бағыт көрсетуін сұрадық. Әрі бізді өзге ағайындармен таныстыру үшін бірге жүргені жақсы болар еді.
Әлішер — руы Қара қаңлы, Бостандық ауданында ауыл шаруашылығында қызмет жасаған, жан-жақты білімді азамат екендігін жол-жөнекей айтқан әңгімелерінен көп байқадық.
Әлішер Бостандық ауданындағы Абай ауылында тұратын Суан атамыздың Бағыс ұрпақтарына «Талдықорған өңіріндегі бауырларың келе жатыр!» — деп хабарласады. Содан сол жердегі Бағыс Суандар бір үйді дайындап күтіп алатындарын айтып жеткізеді.
ТАШКЕНТКЕ САПАР БАЛПЫҚ БИ КЕНТІНЕН БАСТАЛДЫ
Біз Жақсыбай екеуіміз Балпық биден LEXUS – 570 маркалы көлікке отырдық.
Алматыдан аталас бауырлар Шәріп, Ғалым және бізге жол көрсету үшін бірге барып қайтуға келіскен Әлішер Нарбай үшеуі біздің көлікке отырды. Көлікті жүргізуші Ғалым ініміз жан-жақты өнерпаз азамат, көп жылдар бойы той басқарып жүрген танымал асаба, сөзге шешен, домбырамен дәстүрлі әнде салғанда тыңдармандарды риза ететін жоғары деңгейдегі азамат.
МЕРКІДЕГІ ТҮСТЕНУ
Ғалым Алматыдан шыққалы бері құлақ құрышын қандырып әңгіме айтып келеді. Кенеттен жақсы әңгімемізді шыр еткен менің телефонымның қоңырауы бұзып, елең еткізді.
— Алоо!
Ар жағыннан таныс дауыс — менің студент кезден бергі досым Бақытхан Жақанұлы Әбжаппаров болып шықты.
— Сен келе жатыр дегенді естіп, жол бойындағы кафеге шай дайындатып отырмын. Қай жерде келе жатырсыңдар мен сендерді жолда күтіп тұрмын, — деп тұрған орнын хабар етті. Сонда ғана Жамбыл облысының Меркі аудан орталығына таяп қалғанымызды білдік. Күткен жерде жолығысып, мәре-сәре болып кафеге кірдік. Дастарханды жайнатып, сусынның түр-түрі, Меркінің сары қымызы сапырылып құйылып жатты. Бақытханның қасындағы Ернат деген азамат әумин деп, қойдың басына бата сұрады. Ішіміздегі үлкеніміз Әлішер болғандықтан бата беріп, бізге арналып сойылған қойдың етін жеп болған соң, Бақытхан батыр атасы Жауғаш батыр жайындағы қалың кітабын сыйға тартып, менің иығыма шапан жауып, бабасын іздеп бара жатқан біздің топқа сәт сапар тіледі. Мен де үйден арнайы алып шыққан «Сырласым – сыршыл өлеңім» атты өлеңдер жинағымды сыйға тарттым. Бақытхан екеуіміз 1978-1982 жылдары КазПИ-дің математика факультетінің күндізгі бөлімін бірге оқып бітіргенбіз. Бақытхан әртүрлі жұмыс жасады. Шу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығынан, Жамбыл облыстық әкімшілігінің Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы, Қазатом ұлттық «Демеу» еншілес кәсіпорнының бас директорының орынбасары және «Бәйтерек» кеме құрылысын бақылайтын В.С.Школьниктің тікелей өкілі, кейінірек зейнетке шығар алдында Меркі ауданы әкімінің 1-ші орынбасары болды. Арада басқа да лауазымды істер атқарды. Бүгінгі күні зейнеткер. Жеке шаруа қожалықта ауыл шаруашылығымен айналысуда. Біз Бақытханның жол бойындағы сый-құрметіне риза болып қоштасып, әрі қарай жолды жалғастырып кеттік.
ҚАПЛАНБЕК — КӨРШІ ЕЛМЕН ДОСТЫҚ КЕДЕНІ
Машинаны тоқтатпай, кезектесе жүргізе отырып, 1000 шақырымнан астам жолды артқа тастап, Қазақстан мен Өзбекстан шекерасындағы Қапланбек елді мекенінде орналасқан кеденге жетіп, көлікті осы жерге қалдырдық. Сол кеденде бізді тосып тұрған ініміз, Жетісу облысының бас имамы Керімбек Сәрсембайұлы Дәуітов және жасы бізден үлкен Керімбектің әпкесі Оралхан апай тобымызға қосылды. Кеденнің барлық тексерулерінде адам көп болғандықтан, 1 сағаттай уақыт кетті. Одан әрі арнайы күтіп тұрған жеңіл көлікке отырып, 50 км. қашықтықтағы Абай ауылындағы Нұрғали Әлиевтің үйіне сағат 18.00 шамасында келіп тоқтадық. Жиналып, күтіп тұрған ағайындар бәрімізді жылы қарсы алып, бірден үйдегі жаюлы тұрған дастархан басына шақырды. Дастархан басында бір-бірімізбен танысып болып, Аққабақ баба туралы аздаған мағлұматтар алдық. Бұл жердегі қазақтар Аққабақ бабаны би және әулие ретінде таниды екен.
АҚҚАБАҚ БИ
Суан атаның брінші әйелінен Қарабас, одан Албаба, одан Ханбағыс, Досбағыс, Есбағыс деген үш ұлдан ұрпақ өсіп-өнген.
Суан атаның екінші әйелінен екі ұл Бәйтүгей, Тоғарыстан.
Бәйтүгейден Елтінді, Жылгелді деген екі ұл болады. Елтіндіден туған бір ұл Молақ. Жылкелдіден Алдияр, Аққабақ, Елшібек туады. Аққабақтан Құдайберді, Сатай атты екі ұл туады.
Құдайбердіден Мәтек, Аманқұл, Ақбура туады.
Мәтектен Көтен, Дуан. Аманқұлдан Байдан, Арыстан, Қаблан, Тасыбек. Ақбурадан 4 бала туады (аттары әзірше бізге беймәлім).
«Суан Жылкелдінің ұлы Аққабақ қазіргі Ташкент облысындағы Бостандық, Құрама өңірінде айтулы би болған. Ол кісінің шешендік байламдары жайлы мол мұра қалған. Соның бірі:
Қарындасың жамалың,
Ағайының қамалың.
Дос күліп дұшпан табалар,
Тайып кетсе табаның.
Балаң жаман болса күнің шықпайды,
Әйелің жаман болса үнің шықпайды, – деген өмірлігі мен елге тарап кеткен аталы сөздер.
Аққабақ би замандастары арасында үлкен беделге ие, сыйлы, дос-жарандары көп адам болған деген сөз ел арасында көп айтылады. Аққабақ бидің шақыруымен Шыршық қаласынан арнайы келген Дулат бабамыздың ұрпағы Қыбырай батыр әңгіме үстінде Аққабақтың жанында отырған 4-5 жастар шамасындағы баласы Сатайға қарап: «Суан бала атың кім?» – десе Сатай: «Атым Сатай, затым Суан, қаным қазақ», — деп шұбырта жөнелгенде баланың жауабына риза болған Қыбырай батыр: «Бәрекелді! Нағыз батыр болатын бала екенсің!», — деп Сатайға естелік ретінде өзінің қылышын тарту еткен. Сыйлыққа қуанған бала Сатай – «Ата мен енді бұл қылышпен қалмақтың басын шабамын», депті.
Айтқандай-ақ, Аққабақ бидің баласы Сатайдың өскен кездегі батырлығына тарих куә болды» (Сәрсенбі Дәуітұлы филология ғылымдарының докторы, профессор. Би. Әл- Сатайи А.Рамазанұлының «Аққабақ би атты кітабынан»).
САТАЙҒА БАТА БЕРГЕН ҚЫБЫРАЙ БАТЫР КІМ БОЛҒАН?
Қыбырай Жайылмысұлы (1589-1682 жж.) Жаныстың шөбересі. Ташкенттен жоғары Шыршық өзенінің оң жағасында тұрды. Есім хан мен Ташкент билеушісі Тұрсын хан соғысқанда, Қыбырай батыр Есім хан жағында болған делінеді. Жеті атасына дейін жатқа білу әр қазақ баласының азаматтық парызы саналған. «Жеті атасын білмеу – жетесіздік», «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» деген нақыл сөздер – соның айғағы. Ал Қыбырай бабамыз қазақтың ұлт болып ұйысуына, халық болып қалыптасуына, мемлекетті нығайтуға өзіндік үлес қосқан ерек тұлғалардың бірі. Олай деуімізге себеп, Жаныс ұрпақтарының даңқы дүркіреген тұс – Төле би Әлібекұлының үлкен саяси аренаға шығуымен байланысты. Қыбырай – Төле биден жетпіс жастай үлкен немере ағасы, яғни Жанту, Жайылмыстан Қожамберді мен Қыбырай бірге туған. Ал Қожамбердіден Әлібек, одан Төле тарайды. Өз дәуірінде Дулат ішіндегі аузы дуалы би, атақты шешен саналған Қыбырайдың қартайып, жасы тоқсанға қараған шағында 15 жасар Төле Түркістанға хан ордасына қызметке аттанарда «Үй баласы ма деп едім, ел баласы екенсің. Ауылыңның таңы бол, маңдайдағы бағы бол!», — деп берген батасы тарихта қатталып қалған.
АҚҚАБАҚ БИ, ӘУЛИЕ БАБА КЕСЕНЕСІНДЕ
25 сәуір күні таңғы астан кейін екі машинаға отырып, осы Абай ауылынан 10 шақырымдай қашықтықтағы Аққабақ баба кесенесіне жол тарттық. Жол бойы Шыршық өзенін жағалай жүріп, Шыршық қаласына бет алдық. Шыршық өзеніне салынған көпірден өткеннен кейін Аққабақ ауылы деп аталатын елді мекен Шыршық қаласымен жалғасып жатады екен.
Одан әрі Шыршық өзеніне салынған Аққабақ баба атындағы 5 гидроэлектр станциясының бар екенін білдік және Аққабақ-1 ГЭС-тің қасынан жүріп өттік. Тарихта аты қалған бабамыздың есімімен көрші елдегі гидроэлектростанция да аталып, есімі ұмытылмағанына риза болып, көңіліміз босады… «Атыңнан айналайын, бабам!» – деген сөздер әрқайсымыздың жүрегімізде тұрды…
Одан әрі жүріп, Аққабақ баба кесенесінің қақпасына келіп тоқтадық. Сол кесенеге қарап қызмет жасап жүрген шырақшы мен бізбен бірге ілесіп барған зиялы азаматтардың айтуынша, бұл кесене Аққабақ бабаның екінші орны екен. Аққабақ бидің жайлауы деп аталатын Шыршық өзенінің жоғарғы жағалауында, «Өгем» өзенінің Шыршыққа құяр тұсында Құмсан, Шарбақ деген жерлердің аты аталды. Алғашқы жерленген орны сол өзендерден 1934-1939 ауыл шаруашылығына егістік алқабын суару үшін канал жүргізу қажет болған соң, Аққабақ ата сүйегін ол жерден көшіріп, осы орынға үкімет қаражат бөліп орналастырып, басына осы кесенені орнатқан. Атаның басына Керімбек имам оқыған құран сүрелері Аққабақ Жылкелдіұлына арналып бағышталды. Атаның кесенесін суретке түсірдік.
Сол кесене басында тұрғанда біз атаның сүйегі тағы да басқа орынға көшірілетіндігінен хабардар болдық. Себебі бұл кесененің айналасына көпқабатты үйлер тұрғызылыпты. Болашақта ата кесенесі бұзылып кету қаупі бар деп алдын ала ойластырылып, жаңа ашылған зиратханадан орын тауып, жеке үлкен кесене тұрғызып қойған екен, соны көруге бет алдық. Жаңа тұрғызылған кесене зәулім, биік әрі кең екен. Ішіне кіріп, көріп риза болдық. Жаңа зиратқа көшіру үшін Бостандық тұманы мәхала фухараләр иғлының (Бостандық аудан әкімшілігінің) шешімін күтіп отырмыз дегендерін естідік.
ЖАҢА ЗИРАТХАНА БАСЫНДАҒЫ
БАҚЫТЖАННЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Жаңа зиратхана басындағы шырақшы Бақытжан Ералы деген азаматтан Аққабақ ата жайында білетінін сұрағанымызда, ол былай деді:
Бұл өңірде Аққабақ би атаны періште пірі (жас сәбилер пірі деген мағынада) деп аталып келді. Себебі жүрген жерінің бәрінде ата алдынан кездескен жас балаларды қуантып, қалтасынан өрік, мейіз, жаңғақ т.б. тәтті заттарды ұдайы таратып жүретін болған. Жас балаларға қамқор болуды ұдайы ел жиналған орындардың бәрінде айтып жүрген. Ол кісі: «Ақыр заманның басталуы – тірі жетімдердің тасталуы» — деген екен. Жаңа отау құрған жастарды маған алып келіңдер деп жас отауларға отбасының берік болу жолдарын, махаббаттарының тиянақты, шаңырақтарын шайқалтпай, бір-бірімен сыйластықта болуы керектігін айтып, батасын беріп отырған. Тіпті кейбір бала сүйе алмай жүрген отбасылар атаның батасы мен құран сүрелерін оқи отырып, үшкіріп бергеннен кейін балалы болып, ұрпағы өскендер ел ішінде аз емес. Қазірдің өзінде де жас отбасылар атаның басына келіп, тәу етіп тұрады. Аққабақ бабаның Құдайберді, Сатай деген екі ұлы болған. Екеуі де үлкен рулы елге айналды. Сатай бар қазаққа аты танымал қол бастаған батыр болды. Қангелді, Райымбек батырлармен бірге кейінірек Қабанбай батырмен бірге жүріп, қалмақтарға қарсы соғысқан.
Осы сапарда Аққабақ баба зиратын іздеп келіп тауып отырған азаматтар бәрі Сатай баба ұрпағы. Құдайбердінің немересі Ақбура әкесі Аққабақты қартайған шағында күтіп, бағып қаққан екен. Ақбураға риза болған әкесі Аққабақ Ақбураға бата беріп, сонымен қатар қасиетін де беріпті деген аңыз бар. Осы өңірдегі адамдардың көбісі Аққабақ атаны әулиеге балайды. Сол сияқты Ақбураның да әулиелік қасиеттері бар екенін мойындағандар ел ішінде көп. Ел ішінде «Ақбура әулие таң намазын Қазықұртта, бесін намазын Түркістанда, қалған намаздарын Мекке мен Мединеде оқиды деген сөз бар», – деп Бақытжан сөзін аяқтады.
БОСТАНДЫҚ АУДАНЫ АБАЙ АУЫЛЫНДАҒЫ
АҒАЙЫНДАРМЕН ҚОШТАСУ
Біз сағат 11 шамасында қайтадан Нұрғалидың үйіне оралып, дастархан басында Керімбек имам құран оқыды. Ортаға қойылған арнайы сойылған малдың етінен ауыз тие отырып, бізге құрмет көрсеткен ағайындарға, үй иесіне ерекше ризашылығымызды білдіріп, сол отырыстағы үлкендеріне арнайы алып барған шапандарымызды сыйладық. Олар да бізге сондай қарымта жасады. Сол күні таңертең менің қаламымның ұшынан тамшылаған төмендегі өлең жолдарын оқып беріп, риза еттім.
Атыңды естіп, іздеп кеп таптық,
Ташкентте жатқан Аққабақ баба.
Кеудемді кернеп қуаныш, шаттық,
Тәу етіп басыңа оқыдық дұға.
Қарсы алды бізді Суандар Бағыс,
Бауырлар туып өсіп, бір өнген.
Ел жұрттан ерек жүрсе де алыс,
Құшағын ашып, қол ұшын берген.
Нұрғали бауыр қондырып үйіне,
Әлішер бізге көрсетті жолды.
Татырлық істі жасады ерге,
Риза болып, көңіліміз толды.
Аман жүр, қош бол, бауырлар туған,
Хат хабар алысып тұрайық әр сәт.
Түбіміз бірге атамыз Суан,
Жазиралы дала, қаласы Жаркент.
Бізге де келіп, болыңдар қонақ,
Қаратал, Көксу мекенім жәннат.
Қарсы алып жылы, жаямыз құшақ,
Ұшыңдар, жетіңдер байлап ап қанат!
Сонымен, ол жақтағы ағайындармен жылы қоштасып, аттанып кеттік. Олар мінгізген такси бізді Қапланбек кеденіне жеткізіп салды. Кеденнен өткеннен кейін «қайдасың Жетісуым?» деп жолға шықтық. Елден шыққалы көп уақыт болмаса да жолдың алыстығы ма, елге, туған жерге деген сағыныш сезімі бойымызды билеп келеді.
Еңбек демалысында жүрген Керімбек имам отбасымен өз көліктеріне отырды. Жол жөнекей трассадан 30 шақырым қашықтықта Бағыс бауырлардың Суан бабаға тұрғызған ескерткіш пен саябақты тамашалап, суретке түсіп, бір сағаттай аялдадық. Ескерткіш пен саябақ өте жақсы жасалыпты. Көңілімізден шығып, риза болдық.
Көлікті кезек жүргізіп, жол бойы әңгіме айтып аракідік жүргізушіден басқаларымыз қалғып-мүлгіп, таңға жуық Алматыға одан әрі Балпық би кентіне таңғы сағат 7.30 шамасында жеттік.
Қайран менің Жетісуым, жәннатым,
Гүл жайнаған Талдықорған, Алматым.
Алыс жолдан аман-есен жеткізген,
Жаратқанға шексіз айтар алғысым!
Сапарымыз оңды болды. Ары қарай да, бері қарай да еш кедергісіз барып, негізгі мақсатымызды орындап қайттық. Бірге барған бауырларға және бізге жол көрсетуші әрі Өзбекстандағы туыстармен арада дәнекерлік көрсеткені үшін, Әлішер ағамызға өз атымнан және осындағы барлық ағайын-туыс атынан үлкен ризашылықпен алғыс айтамыз.
Елге келген соң көрген, білгенімізді ел жұртпен бөлісіп қуанышқа бөлендік.
Бұл сапарымызды ата-баба рухына құрмет көрсету үшін жасаған перзенттік парыз, міндет деп білеміз.
Сембек ӘБДІ-РАХМАН
