ТАБИҒАТ — БІЗДІҢ ОРТАҚ ҮЙІМІЗ
Табиғат – адамзат баласының тіршілік ететін ортасы. Сондықтан да әрбір адам табиғатты қорғауға, сақтауға, камқор болуға міндетті. Тіпті ата-бабаларымыз қоршаған ортаға асқан жауапкершілікпен қарап, көзінің қарашығындай сақтап келген. Сол кездердегі салт-дәстүрдің көбісі – қоршаған ортамен өзара үндестікте өмір сүруге септігін тигізген. Алайда, бүгінгі күні адамдардың табиғатқа деген қатынасы өзгеріп кеткен. Табиғи ресурстар шамадан тыс пайдаланылып, атмосфера мен орман қоры ластануда. Бүгінгі күні не болып жатыр және адамдар табиғатқа деген осындай қатынасқа қалай жетті?
Әрине, бұл – әзірше нақты жауабы жоқ өте күрделі мәселе. Мүмкін, ол – өзіміздің санамыздан, ондағы «өмірден бәрін ал» деген тұтынушылық көзқарастан туындайтын шығар. Табиғат заң бұзушылықтары санының жылдан жылға өсуі – соның бір айғағы іспетті.
Жалпы, табиғат аясында демалушылар, жабайы өскен жеміс-жидектерді жинаушылар мен аң, балық аулаушылар қоршаған ортаға үлкен өзгерістер әкеледі.
Мәселен, кейінгі жылдары жабайы жануарлардың елді-мекендерге жақындауы, ауыл шаруашылығы малдарына шабуыл жасау деректері өсуде. Мұның басты себебі – жабайы жануарлардың табиғи өмір сүру арелының кемуіне байланысты.
Әсіріесе, Алматы мен Жетісу облыстарының аумағында Қазақстан Республикасы Қызыл кітабына енген Тянь-Шань қоңыр аюы мен қар барысының үй жануарларына шабуыл жасау нәтижесінде тұрғындар арасында наразылық өсуде. Сол себепті орман шаруашылығы мекемелері тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Іс-шараға Полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері қатысуда.
Атап айтсақ, орман қоры аумағында не шектесуші аймақтарда орман пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар тарапынан Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидалары» №145 бұйрығының талаптарын сақтауы керек екенін еске саламыз. Себебі, Тянь-Шань қоңыр аюы мен қар барысы қызыл кітапқа енгізілген, оларды негізгі мекен ету ортасынан көшіруге немесе атуға тауға тыйым салынған. Сондай-ақ үй жануарларын қараусыз қалдырмау, жаю кезінде профилактикалық шарларды қолдану керек.
Табиғат – адамдар мен жануарлардың көпшілігінің өмір сүру ортасы, ол адамдар мен жануарларға жаңғақ, жеміс-жидек, саңырауқұлақ және т.б. ресурстарды беретін асыраушысы десе де болады. Сондықтан да барлығымыз өзімізді аңдар мен құстардың «жасыл үйіне» барған кезде, олардың қас жауы емес, досы және қамқоршысы ретінде ұстағанымыз абзал. Ал, егер сіз табиғат заң бұзушылық әрекетінің куәгері болсаңыз 8/72832/ 3-15-39; 3-11-13 немесе 102 телефондарына хабарласуыңызды сұраймыз.
Қозыкөрпеш Дидар Серікбекұлы,
«Қапал орман шаруашылығы» КММ
Ақсу-Арасан орманшылығының №6 айналымның орман күтушісі










