ЗИЯНДЫ АРАМШӨПТЕР – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАСЫРЫН ЖАУЫ

0
31

Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – арамшөптер. Олар мәдени өсімдіктермен ылғал, қоректік заттар, жарық және тіршілік кеңістігі үшін бәсекеге түсіп, өнім көлемі мен сапасын айтарлықтай төмендетеді. Кейбір зиянды арамшөптер зиянкестер мен аурулардың таралуына қолайлы орта қалыптастырып, шаруашылықтарға елеулі экономикалық шығын келтіреді.

Ең қауіпті арамшөптер

Қазақстан аумағында кең таралған және ауыл шаруашылығына ерекше зиян келтіретін арамшөптердің қатарында жатаған бидайық, далалық шырмауық, кәдімгі ошаған, сары қалуен және амброзия түрлері бар.
Амброзия – адам мен егінге ортақ қауіп. Амброзия тек егістік алқаптарға ғана емес, адам денсаулығына да үлкен қауіп төндіреді. Оның тозаңы күшті аллерген болып саналады. Бір өсімдік маусым ішінде ондаған мың тұқым беріп, бірнеше жыл бойы топырақта өнгіштігін сақтай алады.
Жатаған бидайық. Көпжылдық тамырсабақты арамшөптердің бірі. Оның жер астындағы тамыр жүйесі өте жақсы дамығандықтан, механикалық өңдеуден кейін де қайта өсіп шығады. Бұл арамшөп топырақтағы қоректік заттарды көп мөлшерде пайдаланып, мәдени дақылдардың өсуін тежейді.
Далалық шырмауық. Өсімдіктерге оралып өсетін бұл арамшөп жарықты жауып, мәдени дақылдардың фотосинтез процесін әлсіретеді. Нәтижесінде өнім мөлшері төмендейді және жинау жұмыстары қиындайды.
Арамшөптердің зияны. Ғалымдардың мәліметтері бойынша, арамшөптермен қатты ластанған алқаптарда өнім шығыны 30–50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Кейбір жағдайларда шығын бұдан да жоғары болады. Сонымен қатар арамшөптер: топырақтағы ылғал қорын азайтады; тыңайтқыштардың тиімділігін төмендетеді; зиянкестер мен ауру қоздырғыштарының сақталуына ықпал етеді; өнім жинау сапасын нашарлатады; тұқымдық материалдың тазалығын төмендетеді.
Күресу шаралары. Арамшөптермен күресте кешенді тәсіл ең тиімді болып саналады. Агротехникалық әдіс- Ауыспалы егісті сақтау; Сапалы тұқым пайдалану; Топырақты уақытылы өңдеу; Егістіктің фитосанитариялық жағдайын тұрақты бақылау.Механикалық әдістер-Культивация, тырмалау және отау жұмыстары арамшөптердің жас кезеңінде тиімді нәтиже береді. Әсіресе, біржылдық арамшөптерге қарсы әсері жоғары. Химиялық әдістер-Гербицидтерді ғылыми негізделген нормалар бойынша қолдану арамшөптердің таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Дегенмен препараттарды таңдау кезінде дақылдың түрі, арамшөптің биологиялық ерекшелігі және өңдеу мерзімі ескерілуі қажет.
Мониторинг пен болжамның маңызы. Фитосанитариялық мониторинг арамшөптердің таралу деңгейін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Болжам жасау арқылы олардың жаппай көбею қаупі бағаланып, алдын алу шаралары уақытылы жүргізіледі. Бұл шығындарды азайтып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін сақтауға көмектеседі.
Зиянды арамшөптер – ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығына қауіп төндіретін негізгі факторлардың бірі. Олармен күрес тек бір реттік шаралармен шектелмеуі тиіс. Тұрақты мониторинг, ғылыми негізделген болжам және кешенді қорғау жүйесі ғана егістіктердің фитосанитариялық жағдайын жақсартып, жоғары әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді.

Назерке ЗЕЙНОЛДАНОВА,
«РФД ж БӘО» РММ
Ескелді аудандық филиалының гербологы