ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛДАРЫ ЖАҢАРТЫЛУДА
Жетісу облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда Үштөбе, Лепсі, Сарыөзек, Бескөл, Жайпақ және Достық станцияларында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ал Талдықорған, Көктұма және Ақши вокзалдарындағы жұмыстар толық аяқталған.
Жаңғырту жұмыстарының барысын «ҚТЖ ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдин тексерді. Ол Сарыөзек және Үштөбе станцияларына барып, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы мен орындалу барысымен танысты.
Тексеру нәтижесінде мердігер ұйымдарға бірқатар нақты тапсырма берілді. Атап айтқанда, жұмыс қарқынын жеделдету, құрылыс жұмыстарын екі ауысымда ұйымдастыру, нысандардағы жұмысшылар мен арнайы техниканың санын арттыру және тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ, Талдықорған қаласында Жетісу облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевпен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында вокзалдарды жаңғырту жұмыстарының қазіргі жағдайы, туындаған мәселелер мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты нысандардағы жұмысшылар мен техниканың санын көбейтіп, құрылыс қарқынын арттыру қажеттігі атап өтілді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ



