ЖЕТІСУЛЫҚ КРЕАТОРЛАР 16 МЛН ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН САТТЫ
Астанада Жетісу облысының креативті индустрия өкілдері өз өнімдерін елорда жұртшылығына таныстырды. 15-16 тамыз күндері Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында өңірдің креативті индустриялар жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге Жетісу облысынан 30 креатор қатысып, ұлттық қолөнер, дизайн, өнер, гастрономия және заманауи технологиялар бағытындағы өнімдері мен жобаларын ұсынды. Екі күн ішінде көрмеге 5 мыңға жуық адам келіп, жергілікті шеберлердің шығармашылығына қызығушылық танытты.
Жәрмеңке барысында жетісулық креаторлардың өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Нәтижесінде жалпы тікелей сатылым көлемі шамамен 16 млн теңгені құрады.
Атап айтқанда, суретшілердің картиналары 9 млн 975 мың теңгеге сатылса, шеберлердің бұйымдары 3 млн 85 мың теңге көлемінде саудаланған. Ұлттық қолөнер бұйымдарының сатылымы 800 мың теңгені, өзге де өнімдердің сатылымы 961 мың теңгені құрады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай алаңдар өңірдегі креативті индустрия өкілдерінің әлеуетін танытып қана қоймай, олардың өнімдерін жаңа нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді. Астана төріндегі жәрмеңке Жетісулық креаторлар үшін өз өнерін кең аудиторияға таныстырып, жаңа тұтынушылар мен серіктестер табуға жол ашты.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»



