ТАМЫЗ КЕҢЕСІНІҢ СЕКЦИЯЛЫҚ ОТЫРЫСЫ
Мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясы – жаңа оқу жылы қарсаңында өтетін маңызды педагогикалық жиын. Бұл алаңда өткен оқу жылының қорытындысы жасалып, білім беру саласындағы басым міндеттер, жаңа технологиялар, әдістемелік өзгерістер мен мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары талқыланады.
Талдықорған қаласы білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «САПАЛЫ БІЛІМ, БЕРІК ҚҰНДЫЛЫҚ, ТАБЫСТЫ ТҰЛҒА: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕР» атты облыстық тамыз кеңесінің секциялық отырыстары 17 тамыз №30 мектеп базасында өтті.
Секциялық отырыстарға қала мектептерінен барлық пән мұғалімдері, педагог-ұйымдастырушылар, әлеуметтік педагогтер, педагог-психологтер, логопедтер мен дефектологтер, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ұстаздары, тәрбие саласы бойынша мектеп директорларының орынбасарлары, оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарлары, мектеп директорлары қатысты. Барлығы 629 мұғалім қамтылды.
Секциялық отырыстар барысында ұстаздар бір-бірімен ашық пікір алмасты, өз тәжірибелерімен бөлісті. Әдістемелік әдіс-тәсілдерді ортаға салып, тиімді тәжірибелерін ұсынды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылына арналған негізгі мақсаттар мен міндеттердің жобасымен танысты.
Жиын барысында оқу және тәрбие үдерісіне қатысты көптеген маңызды мәселелер қаралып, жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттары талқыланды.
Сембек ӘБДІ-РАХМАН



