САЙЛАУ КҮНІ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ТЕГІН ҚАТЫНАЙДЫ
Жиырма үшінші тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау күні Талдықорған қаласында қоғамдық көлік жолаушылар үшін тегін қызмет көрсетеді.
Қалалық жолаушылар тасымалдаушы ұйымдардың бастамасымен сайлау күні қаладағы барлық қоғамдық көлік бағыттарында жолақы алынбайды. Автобустар таңғы сағат 06:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жолаушыларға қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында саяжай тұрғындары үшін сайлау учаскелеріне қатынайтын арнайы автобус бағыттары ұйымдастырылады.
Тегін жол жүру мүмкіндігі тұрғындардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетіп, азаматтық міндетін атқаруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. 24 тамыздан бастап қаладағы қоғамдық көлік қалыпты жұмыс режиміне көшеді.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»



