қысқа да нұсқа
«TAZA POST – АЛАКӨЛ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында Алакөл көлі жағалауында тазалық шарасы өткізілді. Ақши ауылындағы көл жағалауында ұйымдастырылған «Taza Post – Алакөл» экологиялық акциясына жалпы саны 100-ге жуық адам қатысып, тазалық жұмыстары барысында аумақтан 1,2 тонна қоқыс шығарылды.
Акция барысында арнайы нүкте ұйымдастырылып, демалушыларға экологиялық бокс түрінде қоқыс жинауға арналған қолғаптар мен қаптар ұсынылды, сол сияқты балалар үшін шағын сыйлықтар да қарастырылды. Алакөл көлінің жағалауы мен оған іргелес аумақтардағы шашылған тұрмыстық қалдықтарды жинап, тазалау жұмыстарына демалушылар да атсалысты.
Акцияны ұйымдастырушы «Jetisu jastary» КММ өкілдерінің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – Алакөл көлінің табиғи тазалығын сақтау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және демалушыларды табиғатты қорғауға бағытталған нақты іске тарту.
«MISS TALDYQORGAN – 2026»
Дәстүрлі сұлулық додасына биыл 20-дан астам бойжеткен қатысуға ниет білдірген. Іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 13 ару ақтық сынға жолдама алып, сахна төрінде бақ сынады.
Финал барысында қатысушылар көркімен ғана емес, сахна мәдениеті, шығармашылық қабілеті, таланты мен білімін ұштастыра отырып, өздерін жан-жақты таныстырды. Әр кезеңде арулар өнерлерін ортаға салып, көрермен көзайымына айналды.
Байқаудың арнайы қонағы ретінде «MISS KAZAKHSTAN» сұлулық байқауының өкілі Алима Тулейбаева Талдықорғанға арнайы келіп, қазылар алқасының құрамында финалистердің өнерін бағалады. Ол байқауға қатысушы аруларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақылына көркі сай, әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен дараланған финалистер арасынан үздікті анықтау қазылар алқасына оңайға соқпаған. Дегенмен байқау қорытындысы бойынша 20 жастағы Малика Окапова «MISS TALDYQORGAN – 2026» атағының иегері атанды. Жеңімпазға арнайы тәж табысталып, 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.
ҒАСЫРЛЫҚ АТА КӘСІПТІ ЖАЛҒАҒАН ШЕБЕР
Талдықорғанға қарасты Көктал ауылының тұрғыны Өркен Сәйдібекұлы атадан балаға мирас болған ағаш өңдеу өнерін кәсіпке айналдырып келеді. ІТ саласында білім алған жас кәсіпкер әке жолын жалғап, ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды.
Бүгінде «Шеру» шеберханасында 15 адам тұрақты еңбек етеді. Мұнда ағаштан ыдыстың 10-ға жуық түрі жасалады. Шеберханада 50-ге жуық арнайы қондырғы бар. Шеберлер қайың, тал, терек ағаштарын пайдаланады. Өнімдер еліміздің өңірлеріне жөнелтіліп, Қытай мен Моңғолияға да экспортталуда.
Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы қымыз жиынтықтарына сұраныс жоғары. Алдағы уақытта Өркен Сәйдібекұлы өндірісті кеңейтіп, жаңа шеберхана ашуды, сондай-ақ домбыра мен киіз үйдің ағаш бөлшектерін жасауды жоспарлап отыр.
Осылайша, ғасырлық өнерді жалғастырған шебер ұлттық құндылықты дәріптеп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да үлес қосып келеді.
«TALDYK SUMMER – 2026»
ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖАБЫЛУ КЕШІ
Талдықорған қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын жазғы маусымның ең жарқын шараларының бірі – «TALDYK SUMMER – 2026» фестивалінің жабылу кешіне шақырамыз.
22 тамыз күні сағат 19:00-де қалалық жағажайда өтетін мерекелік кеште көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй, әуезді әндер мен ерекше атмосфера сыйлайтын музыкалық бағдарлама ұсынылады.
Кештің басты хедлайнерлері – Қазақстан эстрадасының танымал жұлдыздары, Жетісу өңірінің мақтанышы, жерлестеріміз Серікбол Сайлаубек пен ӘДЕМІ. Өнерпаздар өздерінің көпшілікке сүйікті әндерін орындап, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлайды.
Жаз бойы қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған «TALDYK SUMMER – 2026» фестивалі осылайша мазмұнды музыкалық кешпен өз мәресіне жетеді. Жаздың соңғы жарқын кешін бірге өткізіп, әсем әуен мен көтеріңкі көңіл-күйге бөленуге шақырамыз!
Ақпарат ашық деректерден алынды



