ЕЛ ҮШІН ӘДІЛЕТ ІЗДЕГЕН АНА

0
28

Бізге хабарласқан Сарыөзек тұрғындары айтқан әңгіменің желісі бойынша, Военкомат жақтағы көше тұрғындары ұйымдасып, Жетісу телеарнасынан журналистерді шақырып, әкімшілікке барғандардың бір-екеуінен мән-жайды сұраған едік. Оның бірі: «Біздің көшеде су мәселесі шешілді, күндіз-түні ағып тұр», — десе, Байғабатова Бақтыгүл ана маған жолығып, төмендегідей пікірімен бөлісті:

«Бізге, Сарыөзекке, Кербұлақ ауданына жол жыр болды ғой. Енді су жүргізу кезеңдерінен өтіп жатырмыз. Миллиардтап ақша бөлінді, үкіметтен бөлінбей қалған жоқ. Бірақ сол қаражат құмға сіңгендей, мәселеміз шешілмей келеді. Әкімдер ауысқан сайын ақша бөлінеді, подрядчиктер келеді, олар суды жүргізе алмайды, кетеді. Жерге көмілген құбырлар төрт-бесеу, ал енді соның бәрінде судың аққаны да, ақпағаны да белгісіз болып қалды. Судың қай трассамен кетіп жатқанын ешкім біліп жатқан жоқ. Бізге осының бәрін дәлелдеп айтатын су шаруашылығы бойынша арнайы оқу орнын бітірген, көзі ашық мамандар керек. Бұрын әке-шешелері істеп кеткен балаларды әкеп тықпалайды, ол балалар не бітіреді? Арнайы білімі жоқ, ештеңе бітірмейді. Бұрын әке-шешелерінен көргенін ғана жасайды. Олар Су жүйесін тонап болды. Бізге су жүйесіне аудит керек, тексеріс керек, менің қақсап айтып жүргенім сол. Біз халық соны талап етеміз.
Біздің «Әділетіміз» әділетті болып, халыққа қызмет етсе екен дейміз. Ол әкімге жұмыс жасамасын. Халық үшін іс істесін, халыққа керегін айтсын. Мен соны талап етемін, менің қасымдағылар да соны талап етеді. Біздің бұзық ойымыз, жаман пікіріміз жоқ. Әкім болып келдің бе, елдің жағдайын ойла! Халыққа көмектес! Журналистер немесе жоғарыдан «келеді» дегенде ғана жүгірмей, халықтың жағдайына қарай жүгірсе, онда ол нағыз әкім болады, арада сыйластық болады. Ал қазір халық пен әкім арасында алтын көпір жоқ.
Біз Жетісу телеарнасына 18 адам бардық, бәрімізді кіргізбеді. Біреумізді ғана кіргізіп, мән-жайды білген соң: «Сіздер ертең әкімдікте күтіңіздер, біз журналистер жібереміз» — деп шығарып салды. Біз әкімдікке барғанымызда, әкім полиция шақыртты. Ал, келген журналиске бір қарияның үйіндегі ағып тұрған суды көрсетіп, қайтарған. Кешке Жетісу телеарнасынан «бәрі жақсы» деген хабар берілді. Судың мәселесі шешілмеді, халық зардабын тартып жатыр. Біз әділет іздеп отырмыз. Әділет бола ма, халыққа жағдай жасала ма? Халықтың аманаты болған судың түрі мынау, халық аманатсыз қалды. Судың зардабын тартып отырмыз. Халықтың бәрі бірдей су тасып немесе сатып іше алмайды».

    Тыңдап, жазып алған Қ. Мусанова

«Алатау»