ЗАҢ МЕН ТӘРТІП — БАСТЫ БАҒДАР
«Заң мен тәртіп – басты бағдар» — бұл құқықтық мемлекет пен кемел қоғам құрудың негізгі формуласы. Заң мен тәртіп мемлекеттіліктің берік тұғыры.
Адамзат баласы өркениет көшіне қадам басқан сәттен бастап, қоғамдық қатынастарды реттеудің, тұрақтылықты сақтаудың және ілгерілеудің басты құралын іздеді. Ол құрал – Заң мен Тәртіп. Бүгінгі таңда егемендігін бекемдеп, әлемдік қауымдастықтан өз орнын алған Қазақстан Республикасы үшін де бұл қос ұғым – мемлекеттіліктің алтын діңгегі, ел дамуының басты бағдары болып табылады.
Заң – тек қағазға түскен ережелер жиынтығы емес. Ол – қоғам мүшелерінің өзара келісімі, әділдік пен теңдіктің кепілі. Құқық үстемдігі орнамаған жерде ешқандай экономикалық өрлеу немесе әлеуметтік жаңғыру мүмкін емес. Заңның басты мақсаты – азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау, қоғамдағы заңсыздық пен әділетсіздікке тосқауыл қою.
Атақты ойшыл Әл-Фарабидың «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегінде айтылатын тәртіп пен әділдік идеясы бүгінгі құқықтық мемлекет тұжырымдамасымен үндесіп жатыр. Заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетке деген сенімді нығайтатын басты фактор.
Егер заң қоғамның жүрегі болса, тәртіп оның соғысы. Кез келген заң тәртіппен, яғни оның мүлтіксіз орындалуымен ғана құнды. Тәртіп бар жерде береке бар, даму бар. Қоғамдық орындардағы мәдениеттен бастап, мемлекеттік қызметтегі жауапкершілікке дейінгі аралықты қамтитын «мүлдем төзбеушілік» (нулевая терпимость) қағидасы – қазіргі қоғамның басты талабы.
Ұлы Абай: «Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын» — деп, жүгенсіздік пен тәртіпсіздіктің ел бірлігіне іріткі салатынын ащы болса да дөп басып айтқан. Демек, тәртіпке бағыну – құлдық емес, еркіндік пен қауіпсіздіктің ең жоғары көрінісі.
Қазіргі таңда мемлекетіміздің саяси және құқықтық реформаларының өзегі — «Заң мен тәртіп» қағидасы. Бұл бағдарламалық ұстаным әрбір азаматтың заңды құрметтеуін, өз міндеттерін терең сезінуін талап етеді. Құқық бұзушылықтың кез келген түріне, мейлі ол ұсақ бұзақылық немесе ірі жемқорлық болсын, заң жүзінде тосқауыл қойылуы тиіс.
Мемлекет басшысы атап өткендей, заң мен тәртіп орнаған қоғамда ғана әділеттілік салтанат құрады. Саяси мәдениет пен құқықтық сауаттылықты арттыру – әрбір азаматтың, әсіресе өскелең ұрпақтың басты міндеті.
Заң мен тәртіп – қатар жүретін, бірін-бірі толықтыратын егіз ұғым. Олар мемлекеттің қауіпсіздігін, тұрақтылығын және болашаққа деген сенімін қалыптастырады. Біз заңды қастерлеп, тәртіпті ту еткенде ғана қуатты, өркениетті және құқықтық мемлекетке айналамыз. Ендеше, «Заң мен тәртіп» әрбір қазақстандықтың өмірлік ұстанымы әрі басты бағдары болуы шарт.
Ж.М. КАДИРОВА,
Талдықорған қаласының
мамандандырылған тергеу сотының судьясы
