Егемендік алған күн

0
36

Егемендік – мемлекеттің сыртқы саясатта толық тәуелді болуы және елдің ішкі саясатында мемлекеттік биліктің бәрінен жоғары тұруы. «Егемендік» ұғымын алғаш рет ХVI ғасырда француз ғалымы Жан Боден қолданды. Бұл ұғым қоғам дамуының әр кезеңінде әр түрлі мәнге ие болды.
Мемлекеттің өз ішкі саясатын, заңдарын, экономикалық және мәдени бағыттарын өз бетінше шешу құқығы Егемендік болып табылады.
1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация елдің егемендігін жариялады. Бұл кезде Қазақстан кеңестік одақтың құрамында қалды, бірақ орталық биліктің шектеулеріне қарсы шығып, өз дербестігіне алғашқы қадам жасады.

Тәуелсіздік дегеніміз не?
Ол – үлкен бір жүйеден немесе империялық құрылымнан толық бөлініп шығу, абсолютті еркіндік алу, яғни мемлекеттің халықаралық аренада дербес субъект болуы, өз армиясын құруы, шекарасын бекіту және сыртқы саясатты ешкімнің ықпалынсыз жүргізуі.
1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конститутциялық Заң қабылданып, еліміз толық тәуелсіз мемлекет атанды.
«Елімізде 2022 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен қайта атала бастаған Республика күні, яғни 25 қазан – жалғыз ұлттық мейрам болып табылады. Ал 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекелер қатарына көшірілді», — дейді «Алатау» газетінің редакторы Баян Таңатарова.
Олай болса, еліміздің Егемендік алған күні құтты болсын дей отырып, Қаратал ауданының жас ақыны Лида Жанботаның «Ақ бұлақтың сыңғыры» кітабынан «Тәуелсізбін» өлеңін және Кербұлақ ауданы Сарыбұлақ орта мектебінің түлегі, болашақ журналист Ақбота Баймеделдің мектеп қабырғасында жүргенде жарық көрген «Жүрегімнің сыры» кітабынан уыз жырын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қазақстаным, қарышта

Сөзі: Сембек Абдрахмановтікі
Әні: Амангелді Тоқымбековтікі

Отаным, бай өлкем жайнаған,
Халқым бар сол жерді жайлаған.
Таулар мен жазықтар, өзен, көл,
Ортасы мол бақыт кең далам.

Қайырмасы:

Қыран боп қалықта,
Әуенім шарықта,
Көк Туым желбіреп,
Жігер бер алыпқа,
Қазақстан, қарышта!

Елтаңбам көрінер еңселі,
Көк Туым тулардың ең сәні.
Әлемге шарықтап, қалықтап,
Шырқалсын шаттықты Гимн әні!

Қайырмасы:

Қыран боп қалықта,
Әуенім шарықта,
Көк Туым желбіреп,
Жігер бер алыпқа,
Қазақстан, қарышта!

Тәуелсізбін

Лида Жанбота

Тәуелсізбін, ешкімге емес мүдделі.
Қасіретке қойдым соңғы нүктені.
Бейбіт елім, ашық аспан астында
Осы емес пе қазағымның күткені?

Тәуелсізбін, қанат қаққан көсіліп,
Белін буған өркениет көші нық.
Жасампаз боп өмір сүру – тілегім,
Алпауыттың елуіне қосылып.

Тәуелсізбін, кеңге құлаш сермеген,
Дұшпандарға қолдан намыс бермеген.
Болашаққа алтын көпір жол салып,
Еңбек етіп, ақ самайы терлеген.

Тәуелсізбін, адал жүріп жол тапқан,
Жүріп өттім талай қиыр, соқпақтан.
Қонақжайлы, ашық-жарқын болмысым,
Қаһарлы жыл суық көшін тоқтатқан.

Тәуелсізбін! Басып өттім қарлы шың,
Дұшпандардың елемей еш қарғысын.
Ойлы-қырлы соқтықпалы жолға сап,
Мынау өмір менен талай алды сын.

Тәуелсізбін, қиыншылық көп көрген,
Патшалықтар қанжығаға бөктерген.
Жасырсам да оны ішіме бәрібір,
Ұлы тарих сыр шертеді өткеннен.

Тәуелсізбін, өмір көште сыналған,
Сынға түсіп, зор нәтиже шығарған.
Мың өлсе де мың тірілген ел үшін
Жүзеге асты бүгінгі таң тың арман.

Тәуелсізбін, көз тастаған ғарышқа,
Ұшқыр қиял жетелеген алысқа.
Тереземіз теңелетін өзгемен,
Ғажап емес айналуым барысқа.

Тәуелсізбін! Елім үшін серт алғам,
Сақадай сай: Әнұран, Ту, Елтаңбам.
Ұлдарың бар ел басқарған ақ жүрек,
Елі үшін самайынан тер тамған.

Тәуелсізбін! Ата Заңым – айбынды,
Елім дархан – кең пейілді, қайырымды.
Биіктерге, тек қана өрге ұмтылам,
Баққа балап өткен-кеткен қайғымды.

Қазағым

Құралай Мұсанова

Мінезі – тұлпар, көңілі – сұңқар қазағым,
Аз емес ауыр күндерде кешкен азабың.
Даламдай дархан, тұлғалы асқақ шыңсың-ау,
Бәріне шыдап, ілгері басты қадамың.

Білмейді кімдер қан төккен зұлым жоңғарды,
Қажырлы елім қырық жыл одан қорғанды.
Көк бөрі елдің — қас жаулар зұлым заманда
Мақсат қып тұтты – ұрпағын тегіс жойғанды.

Ауырға төзіп, қиынды жеңіп келеміз,
Алқынып жүрек, сыздайды сызат денеміз.
Бодан да болдық. Азамат ұлдан айырды,
Тілімде ізін әлі де айқын сеземіз.

Жетпіс жыл киген қамытты шешіп тастадың,
Егемен ел боп тірлікті қайта бастадың.
Алғашқы қадам қашан да «тәй-тәй» болғанмен,
Құламай тұрдың, нықталды қадам басқаның.

Мұхиттан асып, сығалап келді дағдарыс,
Гуледі әлем, тұтанғандай-ақ бар қамыс.
Толағай таусың, әлемді өрт шалса да
Міз бақпай тұрсың, көкірек толған ар-намыс.

Егемен елім, тәуелсіз бүгін күн кештің,
Бебіт өмірдің тірлігіменен үндестің.
Қасиет қонған киелі жұртың аман ғой,
Көп ұлтты жиған еліңді қалай сүймес кім?

Момақан елім, бейбіт деп әлем таныды,
Сындыра көрме өркендеуде де сағыңды.
Қазақстанымды «Мәңгілік ел» деп білсін жұрт,
Жастарың өссін ержүрек әрі жалынды!

Отан

Ақбота Баймедел

Отан менің мәңгілік
Әнімде жүрер жыр екен.
Отан деген біздерге
Берілген бақыт, нұр екен.
Отансыз өткен әрбір жан
Опасыздармен тең екен.
Отан деген мен үшін –
Күбір сөзбен айтпайтын
Қасиетті жыр екен.
Отан барда мен бармын,
Отан маған пана екен.
Отансыз жан қор болса,
Нағыз бақыт менде екен.
Отаны бар болса да
Өзгелерге қызыққан –
Нағыз сорлы сол екен.
Нағыз батыр ел үшін
Қан майданда жан берген.
Нағыз ерлік ел үшін
Ауыр жүкті өңгерген.
Қазақтың жерін қорғаған –
Нағыз батыр, от кеуде.
Отанынан ұялар
Опасыздар көп неге?
Отан деген біз үшін –
Барлық байлық емес пе?
Егеменді елміз біз —
Ұмытпай сақта сен есте!