Жетісуда жаңа күн электр станциясы іске қосылды

0
34

Жетісу облысында жаңартылатын энергетиканы дамыту жұмыстары жалғасуда. Республика күні қарсаңында өңірде қуаты 40 МВт болатын күн электр станциясы іске қосылды. Жаңа нысан пайдалануға берілген соң облыстағы жаңартылатын энергия көздері нысандарының саны 20-ға жетті. Өңірдің электр энергетикасының жалпы белгіленген қуаты 370 МВт болса, оның 291 МВт-ы жаңартылатын энергия көздері нысандарына тиесілі, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Панфилов ауданында «Жаркент-2» күн электр станциясы пайдалануға берілді. Құны 5,8 млрд теңгені құрайтын ауқымды инвестициялық жоба өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, экологиялық жүктемені азайтуға, сондай-ақ Қорғас агломерациясындағы тұрғын үйлер мен қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындарды тұрақты әрі таза электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Асет Қанағатов қатысты.