«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері»

0
43

Қадірлі отандастар!
Құрметті Құрылтай депутаттары және Үкімет мүшелері!
Бүгін мен Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымды жариялаймын. Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша. 25 қазанда ұлттық мерекеміз – Республика күнін атап өттік. Осы күні Егемендік туралы декларация қабылданды. Біз дербес ел болу жолында батыл қадам жасадық. Көп ұзамай Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, елдігіміздің іргесін бекіттік. Міне, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек. Биыл наурыз айында халқымыз мемлекеттігіміздің негізгі тірегін – Конституциямызды қабылдады. Бұл тұтас еліміз үшін тарихи мән-мағынасы терең оқиға болды. Конституцияны бірнеше ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім деп атауға болады. Өйткені Конституцияда Қазақстанның қазіргі бітім-болмысы мен болашақтағы бейнесі нақты айқындалды. Азаматтарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді. Жұртымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті. Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр. Бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бүгін мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларыммен бөлісемін, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталамын. Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз.
Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды. Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ. Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді.
Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс. Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз. Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет.
Құрметті депутаттар! Құрметті Үкімет мүшелері!
Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет. Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек. Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз. Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс. Бұған біздің күшіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді.Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтерілді. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату. Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл – адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғни ел болашағына салынатын ұзақ мерзімге арналған инвестиция.
Бірақ Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек. Бірінші кезекте аймақтарда перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады.
Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін. Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін.
Келесі мәселе. Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі. Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді. Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Тамыз айында  «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады. Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады. Қазақстан іс жүзінде Еуразиядағы жетекші логистикалық орталықтың біріне айналуы үшін осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермеуге тиіс.  Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің аумағымыз арқылы өтеді. Алайда барға қанағат етіп, тоқмейілсіп отыру – болашақта көш соңында қалу деген сөз. Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет. Негізгі мақсат – еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру. Қайталап айтамын: Бізге сапасы өте жоғары жолдар керек. Битум мен қиыршық тастардың сапасын алға тартып, сылтау айтуға жол берілмейді. Сіздерге зор сенім артылып отыр. Енді нәтиже күтеміз. Қазір Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Мұндай нысандарды бір мезетте салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады. Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз. Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабы болуы үшін көптеген маңызды міндетті орындауға тиіс. Қазақстан жыл сайын энергияның елеулі тапшылығымен бетпе-бет келіп жатады. Соның салдарынан, қыс мезгілінде, яғни электр энергиясына сұраныс шарықтайтын кезеңде көрші елдерден қуат көзін қымбат бағамен сатып алуға мәжбүрміз. Ал жаз айларында өзге елдерге энергияны тым төмен бағамен сатамыз. Осындай құйтырқы әрекет ондаған жылдан бері жалғасып келеді. Маған мұны энергетика саласындағы қалыпты жағдай деп түсіндіріп бағуда. Кезінде Балқаштағы ЖЭО құрылысының аяқталмай қалуына да осы жайт себеп болды. Қазір де Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұздағы жаңа генерация қуаттарын іске қосу мерзімдері кейінге шегеріліп жатыр. Сондықтан еліміз 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жету керек. Бұл – біздің алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Сол үшін жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағы нысандар мен электр желілерін жаңғыртуға тиіспіз. Сонымен қатар «таза» көмір генерациясын толыққанды дамытып, жаңартылатын қуат көздерін өндіру ісіне, соның ішінде күн электр станцияларын кеңінен қолдануға баса мән беруіміз керек.
Жалпы, Үкімет 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімге арналған бірыңғай энергетикалық теңгерімді қайта қарауға тиіс. Бұл орайда атом генерациясының маңызы айрықша. Қазақстандағы атом электр станцияларының қажеттілігін өтеу үшін уранның алдағы жүз жылға жететін мемлекеттік стратегиялық қорын құру жөніндегі ұсыныс өте орынды. Бұл бастаманы жан-жақты пысықтау қажет деп санаймын. АЭС құрылысына  қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуға, ядролық энергетика саласындағы тәжірибесімен бөлісуге, атом энергетикасы саласына  қажетті мамандарды даярлауға кеңінен тарту маңызды. Ресей мен Қытай компанияларынан осындай ұсыныстар түсіп жатыр. Келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауға болады. Тіпті, бастауымыз қажет деп санаймын. Сондай-ақ, «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тезірек бастау үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған жөн. Әрине, келіссөздердің әр тармағы Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан мұқият пысықталып, жан-жақты келісілуі керек.  Қазақстан – минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Бұл – біз үшін стратегиялық жетістік. Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек. Бізге озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн. Елімізде осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарт жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз еткен жөн. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс. Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек. Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз. Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Әрбір аймақ өзінің басымдықтарын айқындап, соған сай жұмыс істеуі керек.
Келесі мәселе. Ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет. Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр. Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек.Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет. «Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындады. Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек.
Елімізде шығарылатын технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажет. Бұл – өзекті мәселе. Еліміз осы белесті ойдағыдай еңсеріп алса, әлемдік ауқымдағы азық-түлік тапшылығы, яғни жаһандық ашаршылық туындаған жағдайда Еуразия азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталық болуы әбден ықтимал екеніне күмән жоқ.
Елімізде ірі су көздеріне жақын орналасқан үлкен аумақты алып жатқан жер алқаптары бар. Сол жерлерді суармалы егіншілікке пайдалану дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2-2,5 есе көбейтуге ықпал етеді. Ең алдымен, суды тиімді және үнемдеп пайдалану қағидаттарының жаппай сақталуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі заманда бұл ресурстың мән-маңызы айрықша. Үкімет пен әкімдіктер суды пайдалануға бақылауды күшейту керек. Түрлі желідегі, сондай-ақ, көлік жуу орындарындағы су шығынын азайтып, ауыз судың жөнсіз пайдаланылуына жол бермеу қажет. Ауыз суды көлік жууға тұтыну – барып тұрған сорақылық. Судың да сұрауы бар. Экономиканың негізгі салаларын дамыту үшін өнімді терең өңдеумен айналысатын, еңбек өнімділігін арттыратын жобаларға басымдық берген жөн. Бұл – басты талап.
Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол беруге болмайды. Бұл – маңызды талап. Әлемде инвестицияға талас күшейіп келеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін жедел шешімдер қабылдап, жылдам әрекет ету қажет. Бірақ елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ. Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді. Нәтижесінде кешенді көзқарас та, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді. Сондықтан инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіре түсу керек. Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек.

Шағын және орта бизнес туралы

Қазір оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келе жатыр. Шағын бизнестің маңыздылығы бәрімізге белгілі, ол көптеген елде экономиканың қозғаушы күші саналады. Бүгінде бұл саладағы кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысады. Сондықтан шағын және орта бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алу үдерістеріне қатыстыру тәсілдерін жетілдіріп отыру қажет. Сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің бір бөлігін шағын және орта кәсіпорындардың еншісіне  қалдыруға болады. Бұл ретте өнім жеткізушіге қойылатын талаптарды жұмсарту керек. Бір қарағанда, биылғы бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер жасаған заң бұзушылықтар саны 34 пайыз қысқарған. Дегенмен, айыппұл сомасы шамамен 11 пайызға ұлғайған, ал жоспардан тыс тексерістер ондаған есе көбейген. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің қаншалықты орынды екенін талқыға салуды ұсынамын. Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс — деп айтсақ артық болмас.

Қазақстан цифрлық экономика құруға міндетті

Біз өз мүмкіндіктерімізді дұрыс әрі шынайы бағамдап, жаңа технологиялар ұсынатын жақсы дүниенің бәрін халық игілігіне пайдалануға тиіспіз. Digital Qazaqstan кешенді стратегиясын іске асыру үшін негізгі инфрақұрылым салу ісі басталып кетті. Екі суперкомпьютер іске қосылды. Жыл соңына дейін үшінші қуатты компьютер пайдалануға беріледі. Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу жұмысы аяқталды. Деректерді өңдейтін орталықтар салынып жатыр.  Дегенмен, әзірге нақты іске қарағанда құрғақ сөз көп. Елімізде жоғары өнімді цифрлық экономиканы дамытуға тың серпін беру үшін қажетті нәрсенің бәрі бар.  Жастарымыз білімді әрі жасампаз. Интернет қолжетімді. Озық цифрлық инфрақұрылым құрылды. Бүгінде кез келген азамат үйінен шықпай-ақ бірнеше минуттың ішінде банк есепшотын аша алады. Парадигманы өзгертіп, алдымызда тұрған міндеттерге мүлде басқа қырынан қарауға тиіспіз. Халықтық цифрлық экономика құрудың стратегиялық мақсаты – әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру үшін заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану.
Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз озық әрі технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет құру ісіне серпін бердік. Енді бұл жұмысты әрі қарай жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет. Қоғам дамуының мүлде жаңа негізін қалыптастыруымыз керек. Жоғарыда айтқанымдай, осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге белсенді түрде кірісеміз. Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады. Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады. Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет. Инфляция, бейнелеп айтқанда, азаматтарымыздың тұрмысын күннен күнге тұралататын қауіпті кесел.
Қаржы нарығын реттеуші мекемелер де өз міндеттерін сапалы әрі тиімді орындауға тиіс.
Бүгінде Қазақстанның қаржы жүйесі айтарлықтай орнықты деңгейде. Оған дәлел: еліміздегі банктердің активі 75 триллион теңгеден (яғни 150 миллиард доллардан) асты. Депозиттердің көлемі рекордтық көрсеткішке, нақты айтқанда, 52 триллион теңгеге, яғни 105 миллиард долларға жетті. Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған. Бұл ұлттық теңгенің құндылығы арта түскенін көрсетеді.
Ендігі маңызды міндет – жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға тиімді пайдалану. Осыған орай, Ұлттық банкке баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, экономиканы дамытуға жол ашатын бастамаларды жүзеге асыруға да атсалысатын кез келді. Бұл – олардың негізгі миссиясы. Пайдасыз пікірталасқа уақытымыз жоқ. Елді дамудың даңғыл жолына салатын шешімдер қажет. Экономиканың басты салаларын ұзақмерзімді кредиттеудің жаңа тәсілдерін іске қосқан жөн. Әзірленіп жатқан Капитал нарығы туралы заңда нақты тетіктер қарастырылуы қажет. Орынсыз, тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндігін пайдаланған дұрыс.

Келесі басымдық –
салық саясатын жетілдіру

Жаңа Салық кодексі бүкіл жүйені кешенді түрде қайта жаңғыртуға негіз қалады. Бірақ мұндай ауқымды реформа жолында күтпеген мәселелер міндетті түрде шығады. Оны алдын ала болжау оңай емес. Соның салдарынан жекелеген нормаларды қолдану кезінде бизнес түрлі қиындықтарға тап болып отыр. Салық кодексі қатып қалған қағида не қасиетті кітап сөзі емес. Заң өмірдің шындығынан алшақ кетпеуге тиіс. Сондықтан қайшылықтарды жойып, екіұшты түсіндірілген нормалардан арылу керек. Кәсіпкерлерге салмақ түсіретін артық жүктемені азайтып, сыңаржақ тұстарын алып тастаған жөн. Салық жүйесі бизнестің дамуға деген ынтасына бөгет болмауы керек.
Қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қабылданды. Кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шықты десек, артық болмайды. Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қағидатын бекітті. Бұған қоса, жаңа тарихи дәуірдегі азаматтық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастырды. Дегенмен қанша жерден сапалы болса да, бұл Азаматтық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленді. Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Әрине, соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде еліміз де түбегейлі өзгерді. Осының бәрін ескере отырып, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санаймын. Бұл кәсіпкерлердің, инвесторлардың және азаматтардың алаңсыз жұмыс жүргізуі үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесе отырып, осы маңызды құжатты әзірлеуге тез арада кіріскені жөн. Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келесі жылдың аяғына дейін қабылдаса жөн болар.
Өткен онжылдықтарда әлеуметтік көмекті шамадан тыс көбейту есебінен мемлекеттік басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді жасырып-жабу, яғни азаматтардың көңілін табу қалыпты дүниеге айналды. Мемлекет ресурсы желге ұшты, тіпті жағдайы жақсы отбасылар да жәрдемақы алды. Осы кезде мектептер мен ауруханалар тапшылығы ұдайы ұлғайып отырды. Бұл қоғамда патернализм мен масылдық көңіл-күйдің күшеюіне түрткі болды. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде ашықтан ашық тонау және сыбайлас жемқорлық белең алды.Негізсіз жеңілдіктер мен жәрдемақылардың тым көптігі – институционалдық шалағайлықтың, керек десеңіз, мемлекеттік аппараттың әлсіздігінің белгісі. Бұл – елдің жарқын келешегін қамтамасыз ету ісінде көрегенділік жетіспейді деген сөз. Мұны түсінген абзал. Адамдарға бюджет қаражаты есебінен қамқорсынған сыңай таныту – барып тұрған популизм. Осының салдарынан халық мүддесіне қарсы, елдің орнықты дамуына тұсау болатын түрлі алаяқтық істер бүркемеленіп келді. Бүгінін ғана ойлайтын адамдардың түсінігі осындай болады. Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы.
Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет. Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді. Аталған жұмысқа бюджет қаражатымен қатар, жеке капиталды кеңінен тартқан жөн. Қолға алынған мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жобаларын сәтті жүзеге асыру қажет. Мұндай серіктестік түрі әлеуметтік инфрақұрылымға салынатын жеке инвестиция көлемін ұлғайтуға көмектеседі. Ең бастысы, тиісті рәсімдерді негізсіз созбай, шешімдерді тез қабылдау керек. Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді. Тағы бір өзекті тақырып. Инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны арта түсуде. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуға тиіс. Ауқымды құрылысты жүргізу кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауы қажет. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр.Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек.Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Оқу — ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет.
Құрметті Құрылтай депутаттары және Үкімет мүшелері!

Мен бұған дейін де айтқанымдай, еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басты.Осындай бетбұрысты сәтте ұлттық жоспарымыз бен стратегиямыздың бәрін қайта зерделеуіміз керек. Біз Тәуелсіздігіміздің келесі мерейлі белесіне қандай нәтижемен жететінімізді анық түсінуіміз қажет. Сондықтан, Президент Әкімшілігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, бір жылдың ішінде еліміздің ұзақмерзімді дамуының кешенді бағдарын айқындайтын құжат әзірлеуі керек. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер алдында тұрған міндеттер де күрделене түсті. Қазір билік жүйесін дамытудың жаңа стратегиясына сәйкес осы саланы түбегейлі реформалау қажеттігі туындап отыр. Бұл үдерісте тұтас мемлекеттік аппараттың және әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыру маңызды міндет болуға тиіс. Ең алдымен, Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарау қажет. Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық және біржола арылуы қажет. Мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн. Мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс. Бұл жерде жекелеген өзгерістер туралы сөз болып отырған жоқ. Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Президент Әкімшілігі 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсынуы керек.
Бұған дейін айтқанымдай, заманауи инфрақұрылымдарды салу ісі ондаған жаңа өндіріс орындарын ашуға ықпал етіп, ең бастысы халықтық цифрлық экономиканы дамытуға мүмкіндік береді.  Осылайша, біз темірдей тәртіптің, жоғары жауапкершіліктің және қажырлы еңбектің арқасында көп ұзамай ауылдарымыз бен қалаларымыздың келбетін түбегейлі өзгертеміз. Ортақ мекеніміз – Қазақстан Республикасын бұдан да қуатты, бұдан да тартымды елге айналдырамыз. Біз «Заң мен Тәртіп» қағидатына бағына отырып, адал еңбек ету арқылы көздеген мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз және келер ұрпаққа лайықты мұра қалдырамыз. Бұған дейін бірнеше мәрте айттым, тағы да қайталаймын: бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер кезеңінде елдің бірлігі мен қоғамның әлеуметтік тұғырын барынша нығайта түсуіміз қажет. Біз сонда ғана стратегиялық міндеттерімізді толық орындай аламыз.Осы жолмен жүрсек, Қазақстан әлемдік өркениет көшінің алдыңғы шебінен лайықты орын алатынына кәміл сенемін. Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек.«Әрекет түбі – берекет» деген халқымыз. Сондықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат екенімізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды. Ал отаншыл болу – заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз. Заңға құрметпен қарайтын адам табысты болады. Мен Қазақстан әрбір азаматтың дамуына жол ашатын, жалпыға бірдей мүмкіндік беретін, бірлігі бекем, Әділетті әрі Өркениетті мемлекет болуын тілеймін. Аталған мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімді салып келемін және алдағы уақытта да солай болады. Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды. Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады. Мен ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын.
Қадірлі қауым!
Бүгін мен елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістерге кеңінен тоқталдым. Жарқын болашағымызды айқындайтын маңызды бастамалар жөнінде айттым. Алдымызда тұрған тарихи міндеттерді табысты жүзеге асыруымыз керек. Біз әр азаматтың дамуына, барша жұрттың өркендеуіне жол ашатын берекелі қоғам, Әділетті Қазақстанды міндетті түрде құрамыз. Баршаңызға амандық және табыс тілеймін! Отанымыз – Қазақ елі мәңгі жасасын!