FlyArystan Талдықорғанда баспасөз мәслихатын өткізді

0
33

Кездесуде әуе билеттерінің бағасы, лоукостердің жұмыс істеу қағидаты, қол жүгі мен багажды тасымалдау талаптары және тіркелу тәртібі туралы айтылды.
Жетісу облысының Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында FlyArystan әуе компаниясының баспасөз мәслихаты өтті. Кездесу FlyArystan мен Жетісу облысы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін ұйымдастырылды. Құжат өңірдегі әуе қатынасын дамытуға бағытталған. Ал Талдықорған FlyArystan маршруттық желісін кеңейтуге әлеуеті бар қала ретінде қарастырылып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Журналистердің сұрақтарына FlyArystan корпоративтік коммуникациялар басқармасының басшысы Марат Айнабеков пен сату басқармасының басшысы Дәкен Шемет жауап берді. Кездесуде әуе билеттерінің бағасы, лоукостердің жұмыс істеу қағидаты, қол жүгі мен багажды тасымалдау талаптары және тіркелу тәртібі туралы айтылды.
– Лоукостердегі билет бағасы неден құралады?
Марат Айнабеков: «Біздің басты қағидамыз – жолаушы тек өзіне қажетті қызметтер үшін төлейді. Базалық тарифке ұшу құны мен салмағы 7 кг-ға дейінгі бір орын қол жүгі кіреді. Ал багаж, орынды таңдау, тамақтану және басқа да қосымша қызметтерді жолаушы өз қалауына қарай сатып алады. Әуе компаниясының жұмыс моделі шығындарды тиімді басқаруға негізделген. Біз бір үлгідегі Airbus A320 әуе кемелерін пайдаланамыз, ұшақтарды келесі рейске дайындау уақытын қысқартамыз және билеттерді онлайн сатамыз. Мұның бәрі базалық тарифті қолжетімді деңгейде ұстауға мүмкіндік береді».
– Әуе билеттерінің бағасы қалай белгіленеді және тиімді тарифті қалай таңдауға болады?
Дәкен Шемет: «Билет бағасы бағытқа, ұшу күніне, сұранысқа және билеттің қаншалықты ерте сатып алынғанына байланысты. Әр рейске әртүрлі бағадағы билеттер ұсынылады. Бағасы ең төмен билеттерге сұраныс жоғары болғандықтан, олар бірінші болып сатылып кетеді. Сондықтан сапарды алдын ала жоспарлап, билетті ертерек сатып алған жолаушы тиімді тарифпен ұша алады».
– Erte акциясы мен ERTE — 90, ERTE- 60, ERTE — 30 промокодтары қалай жұмыс істейді?
Дәкен Шемет: «Қазақ тіліндегі «Ерте» сөзі акцияның мәнін толық аңғартады: сапарын ертерек жоспарлаған жолаушы билетке аз төлейді. Промокодтар FlyArystan мобильді қосымшасында билет сатып алған кезде қолданылады. «ERTE-90» промокоды ұшуға 90 күннен астам уақыт қалғанда билет сатып алса, 20% жеңілдік береді. «ERTE-60» промокоды бойынша 60 күннен астам уақыт қалғанда – 15%, ал «ERTE-30» промокоды бойынша 30 күннен астам уақыт қалғанда – 10% жеңілдік қарастырылған. Акцияға қатысатын бағыттар мен толық шарттарды мобильді қосымшадан көруге болады».
– Қол жүгінің тегін тасымалдау нормасы неге 7 кг. болып белгіленген?
Марат Айнабеков: «2026 жылғы 1 наурыздан бастап тегін қол жүгінің салмағын 5 кг-нан 7 кг-ға дейін арттырдық. Оның рұқсат етілген өлшемі – 56×23×36 см. Лоукостер жұмысының маңызды ерекшеліктерінің бірі – уақытты тиімді пайдалану. Әуе кемесін келесі рейске дайындауға орта есеппен 30 минут кетеді. Сондықтан қол жүгіне қойылатын бірыңғай талаптар жолаушыларды отырғызу үдерісін жылдамдатып, рейстердің уақытылы орындалуына ықпал етеді. Бұдан бөлек, борттағы жүктің салмағы жанармай шығынына, демек, билет құнына да әсер етеді. Қысқа сапарға 7 кг. қол жүгі әдетте жеткілікті. Ал қосымша заттары бар жолаушылар қол жүгінің салмағын алдын ала 10 кг-ға дейін арттыра алады».
– Багаж бен тамақтану қызметтері неге билет құнына кірмейді?
Марат Айнабеков: «Әр жолаушыға чемодан қажет емес, қысқа рейспен ұшатындардың бәрі бірдей тамақтануға тапсырыс бермейді. Егер багаж бен тамақтану билет құнына қосылса, бірнеше күнге жеңіл жүкпен ұшатын жолаушы өзі пайдаланбайтын қызметтердің ақысын да төлер еді. Ал қызметтерді бөлек ұсыну әркімге тек өзіне қажеттісін таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бортта тіскебасарлар, сусындар, кофе мен десерттер сатып алуға болады».
Дәкен Шемет: «Егер сапар кезінде багаж, қол жүгінің қосымша салмағы немесе тамақтану қажет болатынын білсеңіз, бұл қызметтерді сайт немесе мобильді қосымша арқылы алдын ала рәсімдеуге кеңес береміз. Қызметті неғұрлым ертерек сатып алсаңыз, соғұрлым тиімді болады. Әуежайда рәсімдеу құны жоғары».
– Қол жүгінің салмағы небәрі 1 кг-ға асып кетсе де, жолаушы неге 11 000 теңге төлеуі керек?
Дәкен Шемет: «Бір нәрсені нақтылап өткім келеді: 11 000 теңге – артық әр килограмм үшін алынатын төлем емес. Бұл қол жүгінің рұқсат етілген салмағын 7 кг-нан 10 кг-ға дейін арттыру қызметінің құны. Яғни жүктің салмағы 1 кг-ға немесе 3 кг-ға асып кетсе де, қызмет бағасы өзгермейді. Ең жоғары тариф осы қызмет әуежайда ұшуға 40 минуттан аз уақыт қалғанда рәсімделген жағдайда қолданылады. Ал сайт немесе мобильді қосымша арқылы алдын ала сатып алса, қызмет құны 5 000 теңгеден басталады».
Марат Айнабеков: «Жолаушылардың отырғызу алдында артық салмақ үшін қосымша ақы төлеуге мәжбүр болғанын түсінеміз. Сондықтан талаптармен алдын ала танысқан маңызды. Қол жүгінің 7 кг нормасы мен қосымша салмақты рәсімдеу құны туралы ақпарат билет сатып алғанға дейін сайтта және мобильді қосымшада көрсетіледі. Ең тиімді жол – сөмкені үйде өлшеп, қажет болған жағдайда қосымша салмақты билет брондау кезінде рәсімдеу. Ұшуға аз уақыт қалғанда қызмет құны жоғары болады. Себебі отырғызу қақпасының алдында қол жүгін рәсімдеу бүкіл рейстің отырғызу үдерісін баяулатуы мүмкін».
– FlyArystan әуе компаниясының онлайн тіркелу қызметінің қандай артықшылықтары бар?
Марат Айнабеков: «Біздің артықшылықтарымыздың бірі – онлайн тіркелудің ерте ашылуы. Жолаушылар рейске ұшуға 30 күн қалғанда тіркеле алады. Ішкі рейстерде тіркелу ұшуға 40 минут, ал халықаралық рейстерде 60 минут қалғанда жабылады. Осылайша, жолаушы билет сатып алғаннан кейін бірден тіркеліп, әуежайға дайын отырғызу талонымен келе алады. Бұл уақытты үнемдеп, кезекте тұру мен асығыстықтан сақтайды».
Кездесу соңында спикерлер жолаушыларға билет сатып алмас бұрын тариф шарттарын мұқият тексеруге кеңес берді. Бұл билетке қандай қызметтер кіретінін алдын ала білуге және әуежайда қосымша шығындардың алдын алуға көмектеседі.
Әуе билеттерінің тарифтері, қол жүгі мен багажды тасымалдау нормалары, қосымша қызметтердің құны және басқа да ережелер туралы толық ақпаратты flyarystan.com ресми сайтынан және мобильді қосымшадан табуға болады. Сондай-ақ билет сатып алмас бұрын оның толық құны мен тасымалдау шарттарымен танысуға мүмкіндік бар.
Жетісу облысымен бірлескен жұмыс жалғасады. Талдықорғаннан жаңа бағыттарды ашу мүмкіндігі жолаушылар сұранысы мен операциялық тиімділікті ескере отырып қарастырылады.
Редакциядан: Баспасөз мәслихаты барысында көптеген сұрақтарға берілген жауаптар арқылы біраз ақпараттық мәселелерге қанық болдық. Десе де соңғы жылдары ашылған бұл әуе қатынасы туралы толық білмейтін жолаушылар әлі де бар. Толық білмегендіктен бұл әуе қатынасының ережелерін түсіну көбімізге оңай емес. Әсіресе қол жүгінің салмағы мен «Ерте» билеттері және басқа да мәселелер төңірегінде наразылықтар туындап жатады. Олай болса төменде бұл компания туралы әлем желідегі деректер не дейді?

Лоукестер әуе компаниясының ерекшеліктері

Алдымен «Лоукостер» деген не? — деген сұраққа жауап іздедік. Лоукостер дегеніміз ағылшын тілінен аударғанда low-cost — «төмен құн» деген сөз екен. Демек, бұл компания жолаушыларға билетті өте арзан бағамен ұсынатын әуе компаниясы. Оларды халық «бюджеттік әуе компаниялары» немесе «дискаунтерлер» деп те атайды екен. Мұндай компаниялардың басты принципі: «жолаушы тек ұшқаны үшін ғана төлейді, ал қалған қызметтерді өз қалауымен бөлек сатып алады». Лоукостерлердің қарапайым әуе компанияларынан (мысалы, Air Astana-дан) негізгі айырмашылықтары мен құпиялары мынада:
• Ұшақ бортында тегін тамақ берілмейді: Билет құнына түскі ас немесе сусындар кірмейді. Бірақ ұшақ ішінде тамақ пен суды ақшаға сатып алуға болады.
• Багаж ережесі қатаң: Тегін тек шағын қол жүгін (рюкзак немесе сөмке) ғана алып өтуге болады. Үлкен чемодан өткізгіңіз келсе, билет бағасына тең немесе одан да қымбат соманы бөлек төлейсіз.
• Тіркелу шарттары: Әуежайдағы тіркеу үстеліне барып тіркелу әдетте ақылы болады. Жолаушы өз телефоны немесе компьютері арқылы әуе компаниясының сайтында (немесе қосымшасында) онлайн режимінде тегін тіркелуі керек.
• Орын таңдау ақылы: Ұшақта қатар отыру немесе терезенің алдын таңдау үшін бөлек ақы төленеді. Егер төлемесеңіз, жүйе сізге кез келген бос орынды автоматты түрде алып береді.
• Бір типті ұшақтар паркі: Лоукостерлер әдетте тек бір үлгідегі (мысалы, тек Airbus A320 немесе тек Boeing 737) жаңа ұшақтарды пайдаланады. Бұл оларға ұшақтарды жөндеуге және ұшқыштарды оқытуға кететін шығынды азайтуға көмектеседі.
• Эконом-класс қана болады: Ұшақ ішінде бизнес-класс деген болмайды. Орындар өте тығыз орналасады, бұл бір рейске мүмкіндігінше көп жолаушы сыйдыру үшін жасалады.

Қазақстандық FlyArystan
(Флай Арыстан)

• Мәртебесі: Қазақстанның алғашқы бюджеттік әуе компаниясы (лоукостер). Ол 2018 жылы құрылып, алғашқы рейсін 2019 жылғы 1 мамырда орындады.
• Құрылтайшысы: Air Astana әуе компаниясының 100% еншілес кәсіпорны. 2024 жылдан бастап компания жеке әуе пайдаланушысы сертификатын алып, дербес FS кодымен ұша бастады.
• Негізгі базалары: Алматы, Астана және Ақтау қалаларының әуежайлары. Бас кеңсесі Алматыда орналасқан.
• Бағыттары: Қазақстан ішінде және жақын шет елдерге (Өзбекстан, Қытай, Түркия, БАӘ, Грузия, Армения) 40-тан астам бағыт бойынша қатынайды.
• Әуе паркі: 25-тен астам Airbus A320 және Airbus A320neo ұшақтарынан тұрады. Ұшақтардың барлық орындары эконом-класс форматында жасақталған.
• Ерекшеліктері: Лоукостер болғандықтан, билет бағасы арзан, бірақ қосымша қызметтер (багаж тасымалдау, борттағы тамақ, орын таңдау) бөлек төленеді. FlyArystan ресми сайтында онлайн тіркелу тегін, ал әуежайда тіркелу ақылы болып табылады.
• Жетістіктері: Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі «Үздік лоукостер» (Best LCC in Central Asia & CIS) номинациясы бойынша Skytrax марапатын бірнеше жыл қатарынан иеленді.
Қысқаша айтқанда: Егер сіз тек бір сөмкемен, артық шығынсыз, бір қаладан екінші қалаға тез жеткіңіз келсе — лоукостер ең тиімді таңдау болады.

Бұл лоукостерге жиі
айтылатын сын-ескертпелер

Қазақстандық әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде және жолаушылардың пікірлерінде FlyArystan (Флай Арыстан) әуе компаниясына қатысты жиі айтылатын негізгі сын-ескертпелер мен жағымсыз жағдайлар төмендегідей санаттарға бөлінеді:
1. Рейстердің жиі кешігуі және ауыстырылуы . Бұл жолаушылар тарапынан ең көп айтылатын шағымдардың бірі. Рейстердің бірнеше сағатқа (кейде тәуліктен астам уақытқа) шегерілуі немесе мүлдем тоқтатылуы жиі кездеседі. Сонымен қатар, ұшу уақытын ауыстыру бойынша ережелер өте қатаң және оның ақысы кейде билеттің өз құнынан да асып кетіп жатады, бұл қоғамда және тіпті депутаттар арасында үлкен сын тудырды.
2. Қол жүгі мен багажға қатысты қатал талаптар және жоғары қосымша төлемдер. Лоукостер форматы болғандықтан, компания қол жүгінің көлемі мен салмағын өте қатал тексеред. Жолаушылар басқа әуе компанияларында (мысалы, Air Astana немесе SCAT) еркін өтетін стандартты сөмкелерді Флай Арыстан қызметкерлерінің «үлкен» деп тауып, әуежайда қосымша үлкен сома (айыппұл ретінде) төлетуге мәжбүрлейтініне жиі шағымданады. Әуежайдағы жүк үшін төленетін тарифтер өте жоғары.
3. Әуежайда тіркелудің ақылы болуы және «iJan» терминалдары. Компания әуежайдағы тіркеу үстелі арқылы тіркелуді ақылы қылған. Егер жолаушы ұшаққа дейін онлайн тіркеліп үлгермесе немесе әуежайдағы iJan терминалы істемей қалып, кассаға жүгінсе, қосымша ақы төлеуге міндетті болады. Бұл әсіресе егде жастағы адамдар мен технологияны жақсы меңгермеген жолаушылар үшін үлкен қолайсыздық тудырады.
4. Қызмет көрсету сапасы және қызметкерлердің дөрекілігі. Әлеуметтік желілерде әуежайдағы немесе борттағы қызметкерлердің жолаушылармен сөйлесу мәнеріне, жоғары тонда сөйлесуіне немесе мәселені шешуге көмектеспей, бейжай қарауына қатысты критикалық пікірлер аз емес.
5. Қоғамдық резонанс тудырған ірі наразылықтар.
• Баланы бортқа мінгізбей тастап кету оқиғасы: Ең үлкен резонанс тудырған оқиғалардың бірі — әуе компаниясы қызметкерлерінің 12 жасар қыз баланы Астана әуежайында (ұшақта орын жетпей қалуына — овербукингке байланысты) жалғыз өзін қалдырып, ұшып кеткені. Бұл оқиғадан кейін компанияға үлкен айыппұл салынып, қоғам тарапынан қатты соққы соққан болатын.
• Тіл мәселесі: Бортта немесе ресми хабарламаларда мемлекеттік тілдің (қазақ тілінің) тиісті деңгейде қолданылмауына байланысты да бірнеше рет дау туындаған.

Түйін: FlyArystan-ның басты артықшылығы — билет бағасының арзандығы болғанымен, жолаушылар сервистің төмендігін, жасырын әрі жоғары қосымша төлемдерді және тұрақсыз ұшу кестесін компанияның басты кемшіліктері ретінде атайды.

АЛАТАУ-АҚПАРАТ