ЕЛ БІРЛІГІ – ГЕОСАЯСИ СТРАТЕГИЯМЫЗДЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ

0
28

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын біраз күтіп қалдық. Уақыт жағынан. Сондықтан да болар жарияланған сәтте-ақ Жолдауды «не жазылды екен» деп қызыға оқып шықтым. Расын айтсам, алғашқы геосаяси тақырыптағы Жолдау сөздері маған өте қатты әсер қалдырды. Өйткені әр жерде болып жатқан соғыстан қорқуға болады. Ол жағдайлар кімді де болса немқұрайды қалдырып жатқан жоқ.

        Бүгінгі таңда әлемдегі геосаяси жағдайдың күрделі екені ешкімге жасырын емес. Халықаралық қатынастардағы шиеленістер, экономикалық санкциялар текетіресі және әлемде үстемдік жүргізгісі келетін мықты державалардың тайталасы, үстемдікке ұмтылуы кез келген мемлекеттен саяси қырағылық пен ішкі тұрақтылықты талап етеді.Соңғы кезде көбейіп жатқан саммиттер де осының салдарынан деп түсінуге болады. Соғысып жатқандарды мәмілеге келтіру оңай еместігі байқалады. Осындай алмағайып заманда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы салмақты бағыты мен елдің ішкі тұтастығын сақтау мақсатында Жолдауды содан бастауы еліміздің болашағының кепілі деп түсінемін.
«Елдің бірлігі болмаса, біз алға жылжу тұрмақ өспейміз және өнбейміз» деген қағидасы ойланарлық мәселе. Мен Мемлекет басшысының осы саяси ұстанымын, яғни сыртқы геосаяси сын-қатерлерге қарсы тұрудың ең басты қаруы – ішкі бірлік деген тұжырымын толықтай қолдаймын. Өйткені қазіргі кезде біздің бірлігіміз ғана мемлекетімізді сақтап қалады. Әлеуметтік желілерде Жолдауды талдап жатқандар ішінде популистік ойлар да кездесіп қалып жатыр. Дәл қазіргі сәтте тек «мен ғана дұрыс айтып отырмын Жолдау туралы» деген кеудемсоқтық пікірден аулақ болғанымыз жөн бе деймін.
Еліміздің географиялық орналасуы ерекше болғандықтан және біздің басқа елдермен достастық қарым-қатынасымыз ауқымды болғандықтан әлемдегі мемлекеттердегі кез келген тұрақсыздық біздің экономикамыз бен қоғамымызға тікелей немесе жанама әсер етпей қоймайды. Мемлекет басшысы сыртқы саясатта халықаралық құқықты, БҰҰ Жарғысын басшылыққа ала отырып, ұлттық мүддені қорғаудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Қай елдің болмасын мемлекет басқарып отырған президентімен тең құқықты деңгейде сөйлесе алады.
Бұрынырақта, датасы есімде жоқ, президент Тоқаев Қ. Кремльге барғанында Ресей журналисі Соловьевтің «Сіз үлкен державалар ортасындағы елсіз, қай елге бүйрегіңіз бұрады?» деген сұрағына «Қазақстанға ғана» — деп жауап бергені естен кетпейді. Бұлайша тек Тоқаев қана жауап бере алады. Өйткені ол халықаралық құқықты терең меңгерген. Өз еліне бүйрегін бұратын мемлекет басшысы кез келген мықты сыртқы саясат болмасын ішкі тұрақтылыққа тікелей тәуелді екенін, егер мемлекет іштей іріп, қоғам жікке бөлінетін болса, ешқандай сыртқы дипломатия елді қорғай алмайтынын сезіп, білгендіктен Президенттің геосаяси бағытының өзегі – ел ішіндегі татулықты, ұлтаралық келісімді және заң мен тәртіпті сақтау болып табылады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, біз «Әділетті Қазақстанды» құруды мақсат еткендіктен біздің елде ауызбіршілік те жоғары болуы керек. Осыларды Жолдауда атап өткен Президент, менің ойымша, көреген саясаткер. Біз түрлі көзқараста болсақ та Отанымыз – бір, мақсатымыз ортақ Қазақ еліміз. Сондықтан мен Президент Жолдауында айтылған ел бірлігін сақтау стратегиясын қолдаймын! Жұмылған алақандай бірлігі мықты ел болсақ қана біз дамыған мемлекеттердің қатарына қосыла аламыз.
Еңлік Бұралқиева,
зейнеткер