Алакөл асыл жылқысы

2
3807

Қазақтың жаны малмен бірге. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтіні де сондықтан. Төрт түлікті өрбітіп, 90 мың жылқы айдаған қисса-дастандардағы қарабай мен байбөрілер туралы аңыздарда, тіпті малының көптігінен санынан жаңылып, суатқа түсіргенде өзен-көлдердің суы сарқылыпты деген аңыз бен әпсаналарды тыңдап өстік. Енді, міне сол аңыздар шындыққа айнала бастады. Белгілі меценат «Zhersu» инвестициялық-өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Кеңесбекұлы Оспановтың «Аlakol Asyl Zhylkisy» ЖШС-ны көзбен көріп, таңдай қағып қайттық.

«Мариям» деп аталатын, күншығысқа қарай бет алатын қыстаудың бір шеті, бұрынғы (Бөрілітөбе ауданы) аталған қазіргі  Сарқан  ауданына қарасты «Матай», «Лепсі» аймағымен шектесіп жатыр. Осы құмды өңірде Қамбар ата тұқымын асылдандыру мақсатында бес мың бас жылқы өсіріп отырған шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен таныстық. Болашақта жылқы басын 25000-ға жеткізуді көздеп отырған «АLAKOL ASYL ZHYLKISY» ЖШС-дағы үйір-үйір жылқыларды көріп, көзің сүйінеді. Қолына құрықтарын сүйретіп, ат құлағында ойнаған жылқышылар өткен жылы құлындаған биелердің төлдерін, яғни еркек тайларын бөліп, сұрыптауда. Бүгінде кезектесіп бағатын жылқышыларға бөліп беріп, ен-таңбаларын салып жатқанда бардық. Аналығын өсіріп, аталығының іріктелгенін етке өткізу жоспарға алыныпты. Бұл үшін Жапония мемлекетінен келген арнайы делегациямен келісімшарт жүргізіліп жатқанын айтқан «ALAKOL ASYL ZHYLKISY» ЖШС директоры Дүйсен Қоспанов: «2016 жылғы төлдердің күйі жақсы, Алла сәтін салса, шетелге ет экспорттаудың алғы шарты алдағы уақытта жүзеге асырылады» – дейді. «Ішсең қымыз, жесең ет, мінсең көлік» болатын жал-құйрығы сүзілген, қамыс құлақты жануарларды асылдандыруда «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтымен тағыз қарым-қатынас орнатқан. Шаруашылық 20 мың бас жылқының алғашқы 10 мың басын бірінші кезеңге жоспарлапты.

«Ғылыми жүйемен жылына орташа есеппен екі жарым мың бастан қосылып отыру керек. Одан әрі етке әрі сауын бағытында қымыз өндіріп, одан да түрлі тағамдар жасап, нарықтық сұранысқа бейімделуді көздейміз» – деген меценат Бауыржан Оспановтың пайымдауынша үлкен жұмыстар атқарылмақ. Жылқыларды сұрыптау үшін арнайы орталыққа айдап әкелгендерін айтты. Былтыр бөліп алған тайларға биыл тағы бөлінгендерді қосып, толықтырып, еркектерін айғырға шығып кетпес үшін тарттырып, іріктеуде. Мал басын көбейту барысында көрші Ресейден және Қазақстанның Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан жылқылар сатып алынғанын және биыл да сырттан алты жүз бас жылқы сатып алатындарын айтты. Оның бес жүзі – ұрғашы, жүзі – еркек. Ресейден әкелінген Алтай, Барнауылдан әкелінген таза қанды жылқылар мен қазақстандық жылқыларды шағыстырып, мал тұқымын асылдандыруда үлкен жұмыстар жүзеге асырылуда.

Мал басының көбеюі үшін бірінші оны бағатын жылқышыларға бар жағдай жасалу керек. Осы мақсатта «Мариям» қыстауынан 80 шықырымдай жерде, жатақхана салынуда. Сәуір айынан бастап қарқын алып, тамызға дейін бітіруді жоспарлап отырған орталық еуростандартпен салынып жатыр. Бұл жатақхана малшылар жуынатын душ, ыстық су, суық су, әжетхана, кинотеатр, кітапхана, кір-қоң жуатын орындармен толық қамтылады. Әр жылқы басына 1000 теңгеден еңбекақы төлеп отырған шаруашылықта жылқышылардың бар жағдайлары жасалған. Мәселен, бір табында төрт жылқышы болса, олар кезектесіп екі-екіден вахта тәртібі бойынша бағады. Он бес күн бағып он бес күн демалады. Әрі өздері де 100 басқа дейін жылқыларын өсіруге рұқсат берілген. Жем-шөп, барлығы шаруашылық есебінен. Әрі малдары да шаруашылық есебінен тегін асылдандырылады. Бір табында 550-700-800 бас жылқы болса, әр басына 1000 теңгеден шаққандағы табысты төрт жылқышыға бөліп көріңіз. Біз барған наурыз айында қыстан қысылмай шыққан жылқылардың қоңын көрсеткен шаруашылық басшысы, тебіндеп жайылған аяқты малдарды асылдандыру арқасында бораны үзілмейтін, қысы суық аймаққа үйренісіп кеткен. «Алтай, Барнауыл өлкесінен әкелінген жылқылардың Жетісу өңіріне жерсініп кетудің өзіндік себебі бар. Ресей өңірінің қысы қатал, жазы салқын. Ал, бұл өңірде ондай қатты қыс болғанның өзінде бұл малдар төзімді келеді. Әрине, бір жерден екінші жерге ауысқанда бейімделу болады. Шығынсыз болмайды» – деген Бауыржан Оспанов жылқыларды асылдандырудағы басты мақсат қазақ жылқыларының ірілендіруді қолға алғанын баса айтты. Ет пен сүт бағытындағы бұл жылқылардың құрамында алтайлық, барнауылдық және Қазақстанның батыс аймақтары Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан өңірлерінен әкелінген жылқылармен будандастыруда. Мәселен, тұқымынан жорғалығы үзілмеген жылқыларды бір бөлек сұрыптаса, ақалтеке, бәйге және спорттық ойындарға қатысатын жылқылар бөлек күтімге алынған. Жығылсаң жалын төсейтін жануарлардың сапасын арттыру мақсатында қыруар жұмыс жүзеге асуда. Жазы ыстық, қысы суық болатын Алакөл аймағына шыдас беретін, жерді тебіндеп жайылатын, ет пен сүтті мол беретін, қоюлығы мен дәмділігін сақтай отырып, қазақ жылқыларын әлемге әйгілеуде ғалымдармен бірлесіп жұмыс атқаруда. Жергілікті аналық жылқылардан өткен жылы жүз басқа 82% құлыннан алынса, сырттан әкелінген жылқылардан 50%-дан төл алынған. Ал сырттан әкелінген жылқылардың төлді аз беруіне олардың жерсініп, бейімделуден өтулері себеп болған.

Бауыржан Кеңесбекұлы ОСПАНОВ, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы: 20 мың бас жылқы өсіруді көздеп отырмыз. Соның алғашқы кезеңі – 10 мың басқа көбейту. Бұл жылқылар өздері тебіндеп жайылады. Мұнда жорға жылқылармен жеке жұмыс жасаудамыз. Мынандай құм далада, үйір-үйір жылқылардың күйін көріп тұрсыздар. Бүгін-ертең барлық жылқыларды іріктейміз. Екі жасар байталдарды бөліп, 2016 жылғы бөлінген үш жасар байталдарға қосамыз. Орташа табында 600 биеден 800-дің аралығында. Жастарымен санайтын болсақ 8-9 табын болады. Ең бірінші мақсат, үлкен проекті 20 мың асыл тұқымды жылқы өсіру. Құдай қаласа, соған жету мақсатында ғалымдармен бірлесудеміз. Бұл ет пен сүттің бағытында.

Бұдан бөлек, мініске арналған жорғалар, ағылшын, ақалтеке жылқыларын да өсірудеміз. Асылдандыру барысында кезіндегі кеңестік дәуірдегі ауыр салмақты жылқылар мен «Мұғалжар» жылқысы бар. Былтыр мұғалжарлық 60 бас айғыр әкелінді. 100 ауыр салмақты жылқылар сатып алынды. Бұдан бөлек аталығы бар, аналағы бар 130 жылқы тағы алынды. Бұлардың барлығы ет пен сүт бағытына арналған. Ғалымдарды жұмылдыра отырып, қазақы жабылардың көбейтсек деген ауқымды жоспарымыз бар.

Ресейден, Қазақстанның әр өңірінен әкелінген жылқыларды асылдандырып, жерсіндіруге күш жұмылдырып жатырмыз. Тебіндеп, өз тамақтарын жайылып жүріп тояттайтын әрі күйлі, құлындайтын, сүтті, етті мол беретін, қазақ брендінің сапасын сақтап қалуды мақсат тұтудамыз. Мұнда жылқының бойын өлшеп, санын артыру ғана емес, салмағы мен сапасын арттырып, денсаулығы мықты жылқыларды өсіретін боламыз. Әр табында төрт-бес жылқышыдан бар. Бақташылар жылжымалы вагонда тұрады.

Амангелді ТҰРАБАЕВ, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі: «Қазіргі кезде Қазақстанда отандық төрт жылқы тұқымы бар, оларды шығу уақытына қарай айтатын болсақ бірінші халқымыздың төл жылқысы – қазақы тұқым. Қазақы жылқы тұқымының ішінде етті, мығым денелі қазақы жабы жылқысы, Маңғыстау, Атырау облыстарында өсірілетін жеңіл типті «Адай» жылқысы және кейін ғалымдармен апробациядан өткен зауыттық тип жылқылары кездеседі. 1951 жылы шығарылған спорттық бағыттағы «Қостанай» тұқымы, ет-сүт бағытындағы 1976 жылы шыққан «Көшім» тұқымы болса, кейін 1998 жылы шыққан Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстарында шығарылған «Мұғалжар» тұқымын айтуға болады.

Қазақстанның жылқысын зерттеген профессор Ю.Н. Барминцев кезінде Алматы облысының шығыс жағындағы шекара аймағында өсірілетін жергілікті қазақы жылқының бір түрін «найман жылқысы» деп бөліп атаған екен. Найман жылқысы туралы 1896 жылы И. Мердер мен В. Фирсов «Русская лошадь в древности» деген мақалаларында да жазған. Енді Алматы облысының Алакөл ауданында өсірілетін аласа бойлы, тірідей салмағы 400 килограмнан аспайтын, бірақ таулы-тасты жерлерге жүруге икемді, мемлекеттік шекара бойын аралауға жүріс беретін, жергілікті жерге жақсы бейімделген, семірген кезде сойыс шығымы 56-58%-ға дейін құрайтын жергілікті қазақы жылқыны әлі де «найман жылқысы» ретінде арнайы мемлекеттік статус алуға асықпай келеміз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әртүрлі себептерге байланысты мал шаруашылығында асылдандыру жұмыстары артта қалып, малымыздың тұқымдық деңгейін түсіріп алдық. Міне осы олқылықты жолға қою – қазіргі кезде әрбір қазақтың міндеті деп білемін. «Қайыңды» жылқы шаруашылығында асылдандыру жұмысын жолға қою 3-4 жыл бұрын басталған-ды. Бірінші шаруашылықта өсірілетін жылқы табындарын тұқымына, өнімділігіне, типтілігіне қарай іріктеп, үйірдегі айғырларға көңіл бөліне бастады. 2017 жылы Қарағанды облысы «Шолақ Еспе» жылқы шаруашылығынан «Мұғалжар» тұқымының 60 бас жас айғырлары сатып алынып, әрқайсысынан үйірлер топтастырылды. Биыл Ресейдің Алтай аймағынан «Новоалтай» тұқымының асылтұқымды 100 бас еркек тайлар сатып алынды. Қазір жергілікті жерге бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Бұл тайларды сатып алудың басты мақсаты – жастайынан жерімізге бейімдеп, 4 жасында жергілікті биелермен жұптастырып, сіңіре будандастыру арқылы II және III ұрпаққа дейінгі будан төл алып, кейін осы будандарды «өзіне» өсіру арқылы жергілікті жылқылардың өнімділігін жоғарылату. Қазір осы ауданда жаңа өнімдік бағытта «ALAKOL ASYL ZHYLKISY» ЖШС жылқы шаруашылығы ұйымдастырылып, «Қайыңды» ЖШС жылқы шаруашылығынан жергілікті қазақы жылқыларын сатып ала бастады. Басты мақсат – осы өңірде тірідей салмағы жоғары, ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды жылқы басын көбейтіп өсіру. Осы мақсатқа жету үшін бірінші барлық зоотехникалық селекциялық шараларды (биелерді сәуір айында жаппай құлындату, әрбір жас тұқымдық айғырларға тек іріктелген байталдар салып беру, жылдағы құлындардың барлығы азотпен таңбалану, ата-тегі мен өнімдік көрсеткіштері толтырылып тұру, құнды тұқымдық айғырларға GPS трекер қондырғылар пайдалану, жылқы басы АТЖ (ИАС) бағдарламасына енгізу, жыл сайын қазан, қараша айларында бонитировкадан өткізу, т.б.) жолға қоюдан басталды. Елімізде 180 миллион гектар жайылымдық жерлердің тек 45-50 миллион гектар ғана пайдаланылып келеді, қалғаны иесіз, иен далада бос жатыр. Жайылымды тиімді пайдаланудың бір жолы – жылқы басын көбейтіп, далалы, шөлді, шөлейтті жерлерді игеру керек. Жылқы жануары қой, сиыр тіршілік ете алмайтын жерге де барып тіршілік ете алады.

«АLAKOL ASYL ZHYLKISY» ЖШС жылқы шаруашылығында өнімдік бағыттан басқа ерекше спорттық бағытта «Қазақ жорғасын» шығару жолында жұмыс жасаудамыз. Қазақы жылқының ішінде бойында жорғалық белгісі бар табыннан биелер іріктеліп алынып, Еуропа елдерінен әкелінген, елімізде жорға бәйгелерінен жүлделі орын алып жүрген айғырлардан I ұрпақ будандары алына бастады. Келешекте осы будандардан III – IV ұрпаққа дейін төл алып, тек жорға қасиеті бойына бекіген «қазақ жорғасын» шығарсақ деген мақсатты алға қойып отырмыз.

Дүйсен ҚОСПАНОВ; «ALAKOL ASYL ZHYLKISY» ЖШС жылқы шаруашылығының директоры: Қазір жылқы басы 5 мыңдай бар. Олар сегіз табынға бөлінген. Әрқайсысында 4-5 адамнан, жалпы қырықтай жылқышы бар. Шоғырланған жылқылардың арақашықтығы 15-20 шақырымдай болады. Әр жылқыда нөмірленген таңбалары бар. Егер жылқылар қосылып кеткен жағдайда бір-біріне хабарласып, жылқыларын ажыратып алады. Алыс дегендерінің арақашықтығы – 60 шақырым. Қаратаудан бері Қызылқайыңға дейінгі аралықта жайылады. Болашақта мал жайылымын ұлғайту жоспарда бар, Алакөлмен шектесіп жатқан Ақтоғайға дейін бос жатқан 200 мың гектар жерді алдағы уақытта мал басының өсуіне байланысты игерсек деген ниеттеміз. Қазіргі кезге 60 мың гектар жерде жайылып жүр. Жылқышылардың жағдайы жақсы. Әр басқа 1000 теңгеден төлейміз. Әр топта 500-600-800-дей жылқы табыны бар. Вахталық жүйемен бағатын жылқышылар өздері біледі, жандарына көмекші алам десе алады. Біз жылқы басына есептеп айлық төлеп отырамыз. Олар «Газ-66» жылжымалы вагонда тұрады. Жылқыға қай жер ыңғайлы, қай жерде жайылым жақсы сол жерде бағады. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының Амангелді Тұрабаев деген профессор бізге ай сайын келіп тұрады. Сол кісімен жұмыс жасап жатырмыз. Өзіміздің қазақтың жылқысы төзімді келеді. Бірақ кішілеу келгендіктен Ресейден «Новоалтай» тұқымды айғырлар әкеліп, ірілету жұмыстарын жасаудамыз. Қазірдің өзінде Мұғалжардан 100 бас еркек құнандар алып келдік. Алдында 60 бас алып келгенбіз. Қазіргі жоспарымыз ірілету болғандықтан, осы мақсатта жұмыс жасаудамыз.

«Ер қанаты – ат» еді,

Жақындатқан алысты.

Жарауы келсе жануар,

Қыздырған бәйге жарысты.

Ерін басқа жастанып,

Айылыңды босатпай,

Ерлер мінген намысты.

Қадіріңді кеш біліп,

Тарихыңмен бұл қазақ,

Кеште болса танысты» – деп, жылқыға арналған аламан айтыста осылай толғаныппын. Қазақтай көреген халық қайда бар, ат болатын құлынды желісінен танып, желдей ескен жүйріктің екпінін шамалап, тұлпарды тұрқынан, сұңқарды сұрқынан таныған ғой. Егесте ердің серігі болған, қайшы құлағын қайшылап шапқанда, тұяғының тиген жері ор болып қазылып, жанарынан от шашып үйірін қасқырға бермес небір айғырлар жайлы аңыздар бар. Ол ол ма, соғыс жылдары, қазақ даласынан майдангерлерге апарған текті жылқылардың туған өлкесіне қайтып келгені туралы тарихи оқиғалар әлі күнге ел жадында. Ол туралы кітап та жазылды. Тізбелей берсең, Сейітбаттал мінген сары атты, Қарабек мінген қара атты, Ерқосай мінген торы атты, Қамбар мінген қасқа атты, Ертарғын мінген тарланды, Алпамыс мінген шұбарды, Ақан мінген құла атты, Қабанбай мінген қу басты айтуға болады. Осындай жылқылар Күреңбайдай сыншылардың көзіне шалынған. Қыл құйрығы мен жалы қобызға ішек және қыл арқанға жараған, еті мен сүті адам денсаулығына зор тағам болған, қасқа тісі күректей жануарды бүгінгі қазақ машинаға айырбастап жіберді.

Ауыздықпен алысқан,

Жануарым ойқастап.

Кең алатын құлашын,

Шапқан сайын жай тастап.

Дертке шипа қымызың,

Бағдарласаң ой тастап.

Талғай білмей тағамын,

Талғамы зор бұл қазақ,

Арзанға жүр айырбастап.

Қамар ата қаділім,

Қарабай жоқ баяғы,

Мыңдап жылқы айдаған.

Желіге құлын байлаған,

Ойсыл қара орманым,

Бұланбай жоқ бүгінде,

Бес мың түйе өргізіп,

Көштің көркі түйе деп,

Жабу жауып сайлаған.

Бұл қазаққа мал бітсе,

Базарға сатып ұсақтап,

Одан қалса пышақтап,

Қазысы мен қартасы,

Қазанында қайнаған.

Некен-саяқ баптаушы,

Сусындатқан бұлақтан.

Сұлы беріп сүтпенен,

Турап берген құрақтан.

Машина артық болып тұр,

Арғымағың пырақтан.

Ойсыл қараң ойсырап,

Жантақ жеп жүр жырақтан.

Арақ қымбат әзәзіл,

Қымызбенен шұбаттан.

Белдемесі қанат болған, қаз мойынды жануар өз үйірін пір тұтып, басқа үйірге шаппаған. Қасиетіне кір жұқтырмай, тектілігін сақтаған киелі жылқы малын 20 мыңға жеткізуге бел буған белгілі меценат Бауыржан Кеңесбекұлы Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының жетекші  ғылыми  қызметкері Амангелді Тұрабаевпен бірлесе отырып, ет пен сүт бағытындағы қазақы жабыларды көбейтуді басты мақсаттары тұтқан. «Әрі жоғарыда ғалымдардың зерттеулерінде айтылғандай кезінде жергілікті жерде өсіп-өнген жылқы малдарының атауларына қайта оралып, оларды ғылыми үлгіде өсіріп және зоотехникалық тәжірбиемен ұштастырып, қазақты тұқымды көбейтетін боламыз» – дейді!

Айтақын МҰХАМАДИ

 


2 пікір

    • Админ 2 июля, 2020 at 11:22 Ответить

      Құметті Нұрлан, редакция дүйсенбі-жұма күндері, 09:00-18:00 уақыт аралығында жұмыс істейді. Барлық сұрақтарыңыз бойынша, байланыс нөміріне: 8 (7282) 41 11 70, хабарлассаңыз болады! Ізгі ниетпен, Алатау газеті.