Жетелі сөздің жетегінде…

0
1483

Тамыры жеті санымен астасқан тарих та, таным-түсінік жолы да қызық һәм өнегелі. Мәселен, қасиетті тұрғындар саналған баяғы вавилондықтар заманында жеті планета бар деп топшылаған дейді. Ғалымдардың бағамдауынша, дүниедегі жарық атаулының жеті түстен тұратыны да дәлелденген. Тіпті, кәдуілгі кемпірқосақтың пайда болуы да осы жеті түске тіке қатысты екені тағы рас. Ал қазақтың төл мәдениетінен, төл тарихынан түгелдейін хабар беретін «жеті қазына», «жеті ата», «жеті жарғы», «жетіге тиіспеу» сынды ұлттың болмысына айналған бірсыпыра сөздің барын көп жұрт білсе де, көп ескере бермейтіні, тіпті салмақтап, сананың сүзгісінен өткізе алмайтындығы – тағы шындық.

Расында жетіге түзілген қатпары қалың, қазынасы қатқат атауларды танып-біліп, әспеттеп құны құлдырамас рухани байлығымыз ретінде бағалау – бүгінгі ұрпақ, бізге парыз сынды. Керек десеңіз, шын мәніндегі жаңғыру тетігіміздің бір ұшы осында деуге болады. Қазақ нанымындағы сап алтындай салмақты жетіге қатысты атаулардың ішіндегі «жетіге тиіспеу» қағидатында үлкен мән бар. Бұл туралы XV ғасырдың ғұлама ғалымы, шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кітабында жазылғанын да бірі білсе, бірі білмес. Ол кітапта ғалым бабалар қалдырған бұл өсиетнаманың құны туралы, адами түсінік пен пайым-парасат, тұлғалық сипат қалыптауда аталған жеті қисынның маңызының зор екенін алға тартқан. Сонымен, қазақ «Жетіге тиіспеу» деп нені айтқан десеңіз, жазалық. Әуелі көктемде көктеп келе жатқан көкке тиіспеу туралы айтады. Бала күнде жазғытұрым болысымен «көк шөпті жұлма, көктемей қаласың» деген ата-әже тыйымында да тиянақты тәрбиенің болғаны ақиқат. Тіпті, Құранда да, Буддада да айтылмаушы ма еді?! Қарапайым қисынға жықсаңыз да, көктемде бауыры иіген қара жерден дүрк берген, балауса ғана бүрлеген көкке қиянат жасаудың өзі нағыз үлкен күнә емес пе? Бұл қазақтың обал-сауап төңірегіндегі тәлім-тәрбие, тәртіп тұжырымы деп біліңіз. Жетіге тиіспеудің екінші бір тыйымы: қыбыр-жыбыр тірлігін енді бастаған ұсақ жәндік – құртқұмырсқаға тиіспеуді өсиет етеді. Бұл да қазақтың қанына сіңген адами мораль, қастерлі түсінік десек, еш асырып айтқанымыз болмаса керек. Мәселен өрмекші көріп сескеніп, не қорқып өлтіргісі келген бала болса, үлкендер бірден: «Бұл пайғамбарды құтқарып қалған қасиетті жәндік» деп оны өлтіруден араша етіп алады. Ал құмырсқаны «еңбекқор» деп өзгесінен «бір төбелеп» бөлекше бір ақтап алса, оның да асыл дінімізде әспеттелген жәндік екенін және бір алға тартады. Осылайша, әр жәндіктің өз қасиетін түгелдеп, олардың да тірі жан иесі екенін ұрпағына ұғындырады. Бұл қазақтың бойына бала болмыста сіңуі, қалыптасуы тиіс мейірім сезімнің көрініс табуы еді. Осы бір тыйымда біз айрықша назар аударған өсиеттің бірі «Қашан да қонаққа тиіспеу» ұстанымы-тұғын. Қонақ десе астындағы жалғыз атын атап сойып, алдындағы адал асын аузына төсейтін қазақ үшін бұл қағидаттың жүйесі де тым бөлек. Осыған қарап кейде мейманының ықыласына иіліп жастық, жайылып төсек болар, ықыласын уыстатып, пейіліне мейір қандырар жалғыз ұлт болса, ол қазақ болар деп ойлайсыз. Бақсақ атадан қалған аманат та сол екен. Таяз түсінікті, тасыр танымды сөгіпті сосын. Сөйтіп, қонақжайлықты баласының зердесіне құлын жасынан құйған дана қазақ тектілігін толықтырып отырыпты. Әңгіменің әуелгі жайы осы қонақжайлық дегеннен шығады. Ата-баба салтдәстүрін негізге алған «Жеті жарғыға» жүгінсек, қазақ үшін қонақжайлық бұлжымас заң ретінде қабылданған. Ең қызығы онда қонақтың құқығымен қатар, қоналқы ауылға түспес бұрын атқарар, я ұстанар тәртіптері де нақты атап көрсетіледі. Айталық, жолаушы қонар үйді межеледі делік. Ал сонда ол түнеулік үйге қалай баруы тиіс дейсіз ғой, қонақ ауылдың сыртымен оң келуі шарт. Онда да төтелеп тартып, қотан-қораны жағалай өтуге болмайды. Сосын көңіл көншітер үйге жеткен жолаушы үйдің сыртынан жақындап, ата салтымен сәлемнің жоралғысын жасап, сонан соң барып «сөйлесетін кім бар-ау?!» деп дауыстайды. Бұл ретте, аталған жөн-жосынның мүлтіксіз орындалуы үй иесіне қонақтың көргенді-көргенсіздігінен, жетелі-жетесіздігінен хабар беріп, адамдық қасиетін мәлім етеді.

Жетіге тиіспеу: 1. Көктемде көктеп келе жатқан өскінге тиіспеу; 2. Көктемде көбейетін жорғамаларға тиіспеу; 3. Көктемде көрінген қозғалғыштарға тиіспеу; 4. Көктемде көз ашпаған шикілікке тиіспеу; 5. Қай-қашан да қонаққа тиіспеу; 6. Қай-қашан да көршіге тиіспеу; 7. Қай-қашан да елшіге тиіспеу.

Ал, қонағыңыз көз байлануға таяп аңқалап-сусап, шаңырқапшаршап атқа болдырып бой алдырып келсе, не қонғысы келетінін білдірмек болса, жол бойы кезіккен кез келген ауылдың сыртында аттан түсіп, ауылға қарап малдас құрып отырады. Оны байқапбағамдаған ауылдың ата-салтына берік ұстанатын кез келген ашық қабақ, мәрт көңіл азаматы келіп шақыратын болған. Қонақжайлық дәстүрі бойынша құрметті қонақ келсе үй иесінің өзі аттан түсіріп, не балалары, әйелі, қызы қонақтың атын байлайды. Егер мейман ауылға жақындап, аттан түсіп, оны тұсап, өзі жаяу келсе ол да білгендіктің белгісі ретінде саналады. Бұл арада мәрттік турасында да, қазақтың меймандос психологиясы турасында да ауыз толтырып айтуға болады. Үй иесі алыстан бөтен адамның төбесі көрінгенін байқаса, үйіне қонақ түсерін бұрын болжап, ас-суын дайындап, дастарқанын қамдай бастайтын болған. Кей жағдайда қонақтың салауатына, жасының үлкен-кішілігіне қарай бата сұрар мал ыңғайлау мен қазан көтерудің қамына да алдын ала кірісер болған. Ең кереметі, осындай көңіліне, жомарттығына қайтарым етпей, қонақ ауылға түспей өтіп кетсе, ол жөн білмегендіктің, асырып айтқанда, басынғандықтың белгісі ретінде саналып, арты өкпе-ренішке ұласып жататын тұсы да болады. Көрдіңіз бе, әлемде асымды ішпей, қонағым болмай, ақ дастарқанымнан аттады деп ренжитін, тіпті ар сотына салатын жалғыз ұлт болса – ол тағы қазақ! Осыдан соң қазақтың даналығына, баба тарихтың бай болмысты байламына таңғалмай көріңіз. Бүгінде екінің бірі үйіне қонақ келсе жаратпай тыжырынып, бырысып-тырысып құрғақ сылтаумен шығарып салса, бұрын да қонаққа мұндай қылық таныту ауылдың ақсақалдарының сынына ұшырап, көргенсіздік деп танылатын болған. Ал көргенсіз атанған адамның былайғы жерде ел алдында бетінің жарық болмасы, басының елге симасы тағы анық. Бұл қарапайым қағида – ел іші қариялар еншісіндегі сот деп танылса, ал бидің соты – өз алдына және бір мақаланың жүгін арқалайтындай-ақ әңгіме болар. Бидің соты дегеннен шығады, атақты Әз Тәукенің «Жеті жарғысына» зер салсақ, кез келген қазақ үйі жолаушыға құдайы қонақ тамағын беріп, төсегін жайлауға тиіс деп көрсетілген. Алда-жалда, үй иесі шаңырағына түскен жолаушыға қонақасы беруден бас тартса, қонақ сол елдің биіне барып арыз айтып ат-тон айып алуға хақылы болған. Қонақтың бұлай үй иесінің айыбына орай ат-шапан айып алуының да өз себебі бар. Себебі, атам қазақтың: «Атамыз Алаштан қалған бөлінбеген еншіміз бар» деп келетін бір-ақ ауыз сөзі би сотында шешімді қашанда жолаушының пайдасына шешіп берген. Тек мұндай мүмкіндікке ие болудың бір-ақ сыры бар-ды. Ол мейманның қашанда қазақ болуы. Сонда ол «бөлінбеген еншісін» әманда даулай алатын болған. Бұдан әсте, өзге жұртқа қазақтың қонақжайлығы құр сөздің сықпыты деген сыңаржақ пікір тумауы керек. Жақсылық аты – алғыс, қиянат аты – қарғыс екенін тануға жол ашатын Өтейбойдақ бабаның жетіге тиіспеуге, қырық бірге жұғыспауға ескерткен даналығы әр қазақтың санасында жатталуы тиіс.

Д.ӘМІР.


ПІКІР ЖАЗУ