Көлік алудағы, көзбояушылық

0
1202

Біздің ауылда «ақыш» деген басы таз кісі болды. Сол жарықтық қой  қырқу науқаны кезінде қырқымшыларға арналып берілетін колхоздың  қымызын қырқымшылар ұйықтап қалғанда, кәністірдегі сусынға түннің  бір жарымында еңбектеп, ұрлыққа түсіп, күзетшіге  ұсталып қалыпты. Ертесі у-шу болып, ұрыны ұстап алған күзетші «ақыштаздың амалы-ай» деген екен. Сол күзетші айтпақшы, бүгінгі  қоғамда түрлі көзбояушылықтар мен ұрлық–қарлықтарды көріп, жағамызды ұстап, таңдайымызды  қағып, басымызды шайқап жүрміз.

     Жә, ұрлықты айтсаң әңгіменнің әлқисасын жоғары эшалоннан бастап етектегі ел тізгінін ұстағандарға бір соқпай өте алмайсың. «Балық басынан шіриді» деген тәмсіл сөзді бүгін даналар да, балалар да ауыздарынан тастамай айтып жүр. Көзге шыққан сүйелдей, бадырайып тұрған оң айтады да. Халыққа қызмет көрсете отырып, «түйені түгімен, пойызды жүгімен» жымқырып жатқан мәдениетті ұрылардың шортаны да, шабағы да торға түскен торғайдай шырмалып жатыр. Бірақ, айылын жиып жатқандары шамалы. Керісінше, бюджеттің бүйрегін теспей сорып, тендерден теңгелеп, миллиондап, миллиардтап, қарпығандардың қатары көбеймесе азайған жоқ. Ал біздің әңгіменің арқауы көзбояушылық туралы.

     Бұлар ешқандай да сиқыршы емес. «Айналаң ұры болған соң, адалдан бір мал соймайсың» – деп ақын Есенқұл Жақыпбеков айтпақшы, биліктің тұтқасын ұстап отырғандардың түрі – кісі, ісі – түлкі шенділердің әрекетін көрген соң, қарапайым халық та, түзу жолдан айналып өтіп, айла – амалға барып жүрген жоқ па? Қоғамды дүрліктірген Ресейден, Қырғызстаннан, Армениядан жеңіл көлік сатып алғандар ұлардай шулап, «Бізге Үкімет көлігімізді заңдастырып алуға мүмкіндік жасасын» дегенді. Себеп, кедендік рәсімдеудің аса қымбаттылығын көлденең тартқан жеңіл көлік иелері осы уақытқа дейін көліктерін тіркемей жүре бергенді. Үкіметтің құрығы ұзын екенін, күндердің бір күні құрықты тартып, тыныстарын тарылтатынын бұлар білмеді емес, білді. «Әй, бір амалы табылар, бір жеңілдік жасалар, өз күнін өзі көріп жатқан бұқараны шулатып қоймас» деген дәмелері де болғаны ақиқат. Басқа-басқа, 2014 жылдың 17 сәуірінде Жол қозғалысы туралы Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, жол қозғалысының қолдануының құқықтық негіздері мен жалпы шарттарын және оның қауіпсіздігін анықтауға қатысты 67 бапты көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуге тиым салу, көлік құралдарының тіркеу мәліметтерін өзгерту, көлік құралдарын басқару органдарының оң жағында орналасқан жолдар бойынша қозғалуға арналған көлік құралдарын бастапқы тіркеуге және олармен адамдарды тасымалдауға тиым салынады деп тайға таңба басқандай жазылған. Алайда, көлік алушылар бұл заңға құлақ түрмей, шетелден рөлі оң жақтағы көлікті әкелгендер енді бармақтарын шайнап жүр. Оның үстіне осы көлікпен адамдарды тасымалдап жүргендері тағы бар. Бұл қауіпсіздік шараларын, яғни, Қазақстан заңнамаларын біле тұра, заңды белшеден басып жүр деген сөз. Енді тықыр таянғанда ТМД мемлекеттерінен көлік әкелгендер, оның ішінде оң жақ және сол жақты рөлді автомашина иелері көліктерін тіркеуге келгенде дәрменсіздік танытып, ереуілге шығуда. Олар үшін екі жол бар, бірі, көліктерін қай мемлекеттен алды, сонда апарып сату, болмаса (утилизация) заң бойынша жоюға міндетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды уақытша тіркеуді тапсырды. 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Еуразия экономикалық одағы аумағынан әкелінген көліктердің бір ай ішінде бір рет уақытша тіркеуден өткізуі тиіс. Бұл тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жарамды болады деді. Осы мерзім аралығында кедендік баж салығы мен утилизация алымын төлеп, көліктерін тұрақты тіркеуден өткізу немесе көлікті Қазақстан аумағынан шығару, немесе заңмен тыйым салынбаған басқа әрекетті жүзеге асыруы тиіс деген Президент Бас прокуратураға бұл мәселеге құқықтық баға беруді тапсырды. Тіркеусіз жүрген шетелдік көліктерге қатысты ішкі істер министрлігі «Қазақстан аумағында жүрген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмері бар көліктерді заңға сай тіркеу керектігін» мәлімдеген соң, Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Петропавл және Семей қалаларының автожүргізушілері жиналып, көлікті тіркеудің шығыны тым көп екенін айтып, Үкіметтен автомашиналарын жеңілдікпен әрі арзан жолмен тіркеуге мүмкіндік беруді талап етуде. «Бақсам бақа екен» демекші, енді Армениядан көлік сатып алған қазақстандықтардың ұрлығы әрі көзбояушылықтары әшкере болып қалды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша Армениядан Қазақстанға шамамен 22 мыңнан астам көлік жеткізілген. Алайда, ТМД мемлекеттерінен көлік сатып алушылар ортақ тәртіпті бұзыпты. Министрлік өкілдері армян әріптестерімен бірге жұмыс істеп, маңызды ақпараттарды анықтағандарын айтуда.

     «Қазіргі кезде біздің мамандарымыз Арменияға кім барғанын және көлікті қалай сатып алғанын зерделеу үстінде. Осы орайда айта кетерлік жайт, бүгінде көлік алғандар наразылық білдіріп жатыр. Не істеп жатқанымызды білмедік»,– дейді. «Өкінішке қарай, олай емес», – деді «Нұр-Сұлтан» қаласында өткен баспасөз жиынында М.Қожаев. Сондай-ақ, «Қазақстан азаматтары бәрін білген. Ол көліктер тек Армения азаматтарына ғана арналған. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақтың талабы» деген ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М. Қожаевтың сөзінше, көлік сатып алушы қазақстандықтар сол жердің азаматы ретінде тұрақты тіркеуге тұру арқылы, көлікті сатып алып, өз аттарына аударған және заңсыз анықтама жасатқан деген мәлімдеме таратқан. Бұл дегеніміз барып тұрған қылмыс, әрі көзбояшылық. Қазақстан Республикасының заңнамасын айналып өту. «Ұрының құйрығы бір тұтам» дегендей, екі мемлекетті де, яғни, Армения мен Қазақстан заңнамаларын бұзып, көлік алып келгендер немесе делдалдар арқылы сатып алғандар енді заң алдында жауап берулеріне тура келеді. Өз мемлекетінің заңына пысқырып та қарамағандар өзге мемлекеттің атынан тіркеуге тұрып, сауда-саттық жасап, көліктерін Қазақстанға заңсыз алып кіргендер енді «бізге мемлекет жеңілдік жасасын», біз былай боларын о баста білмей қалдық» деп ақталғандар Армения мемлекетіне барып, қалайша тіркеуге тұрып жүр. Баланы алдауға болар, ал сауда-саттық жасауда сұрауы көп, заңы бар қос мемлекетті алдап, амалдағандар енді неге ұлардай шулайды?! Әлде бұл «сасқан үйрек артымен сүңгидінің кері ме? Онысымен қоймай осы Армения мемлекетінен келген көліктердің 10 пайызы оң жақ рөлді көліктер екені анықталған. Демек, бұл көліктер техникалық регламентке сай емес. Сондай-ақ, Ресей мен Қырғызстаннан сатып алынған көліктердің саны шамамен 15 мың. Олардың да басым бөлігі сенімхатпен сатылған дейді Ішкі істер министрінің орынбасары. Жол қазғалысындағы қауіп-қатердің көбі осы жеңіл көліктерден болып тұр. Адам шығыны да осы көліктерден. Жол ережесін бұзатындар да осылар. Екі күннің бірінде адамдардың беймезгіл ажал құшуы, жылдамдықты өрескел арттыруы немесе ішімдік ішіп рөлге отыруы, жол ережелерін бұзуы темір тұлпар тізгіндегендердің шектен шығуымен байланысты. Демек, Қазақстанда тіркеуде жоқ, шетелдік көлікті тізгіндегендер Үкімет қойған талапқа бағынулары тиіс. Көлікті сатып аларда оны заңдастыру қалай болады. Кедендік баж салығы қаншалықты арзан, не қымбат дегенді ойластырмай «бір әрекеті болар» дегендердің көзбояушылығы ешқандай ақтауға жатпайды. Бұл, әсіресе, Армениядан көлік сатып алғандарға қатысты. Осы көліктерге байланысты интернет желісін ақтарғанымызда «Маңғыстаудан Канадаға қоныс аударған Қазақстандық азаматтың жариялаған репостын көзіміз шалды. Ол азаматтың бейнесюжеті бойынша Канада да көлік сатып алу Қазақстанмен салыстырғанда екі есе арзан екен. Мәселен, біздегі шетелдік «Тайота», «Мерседес» және көлемі 4-5 болатын көліктер 2013-2014 жылғыларды 3 миллионға сатып аласың дейді. Әрі Канада да, көлемі үлкен көліктерге кедендік салық салынбайды екен. «Бізде неге солай жасамасқа?» деген бейнесюжет жариялаған. Бұл жерде «әр елдің салты басқа иттері қара-қасқа» демеске лаж жоқ. Канаданың заңын біздің ел көшіріп алған жоқ. Әйтсе де, білім және денсаулық,ауылшаруашылық заңдарын Европадан алдық деп айтқандары еріксіз ойға оралады. Қазақстан тұрғындарының көбінің көліктері ескі, сонау 1991-1995 жылғы, одан да арғы ескі-құсқы көліктерді мініп, салық төлеп жүргендері бар. Олардың барлығы заң аясында мемлекеттік тіркеуге тұрғандар. Ал, тіркеуде жоқ, шетелдік көлікті тізгіндегендер Қазақстандық заңнама аясында әрекет етулеріне тура келеді. Бір жыл ішінде оған мүмкіндік берілген. Ендеше, қамданып қалыңыз, көлік иелері!

А. МҰХАМАДИ.

Кілтсөздер:ЗАҢҚОҒАМ


ПІКІР ЖАЗУ