Сақтандыру жарнасы: сапалы ем алуға бола ма?!

0
1559

 Қаңтардан бастап елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі іске қосылды. Соған сәйкес енді еліміздің әр азаматы тегін медициналық қызметтерге қол жеткізе алатын болды. Мемлекет денсаулық сақтау саласындағы осындай күрделі өзгерістерге халықты бірнеше жыл бойы дайындады. Артықшылығын тізіп, сақтандыруға сенімді күшейтті. Ал енді сөзді қойып, іске кірісетін уақыт жетті. Жарнасы төленіп, жүйе іске қосылғанда, халық сақтандыруға неге әлі де сенімсіздік танытады?

 Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі толықтай күшіне енгелі бір ай өтті. Қазіргі күннің өзінде 80 пайыздан астам қазақстандық сақтандырылған болып табылады. Десек те, халықтың басым бөлігі ескертпелерді елемей  жаңа сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуға асықпайтын сыңайлы. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры Алматы облыстық филиалының берген ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда Жетісу өңірінің өзінде 300 мыңнан астам адам шартты сақтандырылмаған болcа, 27 893 адам ешбір медициналық мекемелерде тіркелмеген. Еске сала кетейік, әр азамат осы жылдың сәуір айына дейін МӘМС жүйесінің қатысушысы атануы керек. Солай ғана ол тегін  әрі сапалы медициналық қызмет алуға толықтай құқылы болады. Ол үшін азаматтың әлеуметтік мәртебесі анықталып, кейін емханаға тіркелуі керек. Осы тұста сіз емхананы және тіркелген жеріңіздегі учаскелік дәрігерді таңдай аласыз. Себебі, МӘМС аясында 2000-ға  жуық медициналық мекеме халыққа қызмет көрсететін болады. Мысалы, талдықорғандықтарға қормен келісім шарт жасасқан қаладағы барлық мемлекеттік медициналық ұйым  және  «ХАК» МО, «Зире» ЖШС, «Көксу Мед» ЖШС, «Аккорд КZ» ЖШС, «Нур-Авиценум» МО, «Нефрос-Азия» ЖШС сияқты жекеменшік емханалар медсақтандыру  бойынша тегін медициналық қызмет көрсетеді.  Ал облыс бойынша барлығы 71 медициналық мекеме талаптарға сай болып таңдалып алынып, МӘМС қорымен келісім шартқа қол қойған. Яғни, осы емханалар медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға төлеген жарнасының көлеміне қарамастан, мемлекет кепілдік берген барлық медициналық қызмет түрлерін көрсетеді. Атап айтқанда, әр азамат профилактикалық, мамандандырылған тексеруден, қымбат диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық (КТ, МРТ, ПЦР және ИФА, т.б.) тегін өтуге мүмкіндік алады. МӘМС бойынша (ТМККК кіретін қызметтен бөлек) қосымша мынадай қызмет түрлерін де алуға болады: амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамту, стационарлық және жоспарлы стационарлық көмек, балалар мен ересектерді медициналық оңалту: кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология және ортопедия. 

 Бүгінгі күні белгіленген жарна көлемі төленіп, жүйе толықтай іске қосылса да,  сақтандыру арқылы ем-дом алудың шикіліктері әлі де бар. Оған қала ауруханаларын аралап жүріп, халықпен тілдесіп көз жеткіздік. Тұрғындар әлі де ақылы түрде анализдерін жасатып, дәрігерлерге ақшасын төлеп қаралуда. «Сақтандыруың бар болса да, жоқ болса да жылына бірақ рет тегін қараласың», – деген бір науқастың сөзін естіп, тұрғындар бүгінге дейін МӘМС жүйесінің қалай жұмыс жасайтынынан бейхабар екенін аңғардық. «Сақтандыруым бар, тіркелгенмін» – деп өзің айтпасаң, аурухана да өз тарапынан науқастарды жаңа жүйе арқылы  қарауға құлшыныс білдірмейді.  Сондай бір жағдай көз алдымызда қалалық емханалардың бірінде орын алды. Кезекті тексеруден өтуге келген азаматқа анализдерді ақылы түрде жасатасыз деп анықтама жазып берген. «Мен жұмыс жасаймын, табысымнан бір пайызын сақтандыруға аударады. Неге ақылы анализ жасатуым керек?!» – деп шамданған емделушіге ауруханадағылар «Бізде сақтандыру қорымен келсім шарт әлі дайын емес», – деп жауап қайтарған. Медициналық сақтандырудан хабары бар азамат, бірден МӘМС қорына қоңырау шалыпты. Емделушінің айтуынша, телефонның аржағынан қай қала, қандай емхана, бас дәрігердің аты-жөнін сұрап шағымының қабылданғанын айтқан. Көп ұзамай, дәрігердің өзі келіп емделушімен сөйлесіпті. Соңында олқылықтың орны толығып, бәрі сақтандыру жүйесінің талаптары бойынша жасалған.  Бұл өз құқығын біліп, талап ете алған бір адамның басынан өткен оқиға. Ал жәрдем сұрап келгендердің арасында өзін-өзі қорғай алмайтындары да бар емес пе?! Сонда оларға жөн сілтер медицина қызметкерлерінің өзі жұмған аузын ашпаса, жарна төлеп отырған қарапайым халыққа сақтандырудан не пайда?! Ал медициналық мекемелер қор есебінен де қаржыланады, әрі сақтандыру жүйесінен бейхабар азаматтардан да қызмет үшін ақы алады ма, қалай?!  Ендеше, халықтың сақтандыруға сенімсіздік танытуы бекер емес. Тегін қарайтын облыстық және қалалық ауруханалар туралы«дұрыс қарамайды, емделушімен дөрекі сөйлеседі, ұзақ күттіріп қояды» – деген шағымдарды естуге құлағымыз әбден үйреніп қалған. Сондықтан, халық ақысын алып, жылы сөйлеп, сапалы қызмет көрсететін мемлекеттік емес ауруханаларға қаралуға дағдыланып кеткен. Ал енді МӘМС жүйесі бойынша жеке-меншік ауруханалар да тегін қызмет көрсететін болады дегенге халық күмәнмен қарайды. Қаладағы емханалардың бірінде ақылы ем алған науқастың: «Егер халықты тегін қарайтын болса, жеке-меншік ауруханалар мемлекеттік сияқты болып кетпей ме…», деген сөзін естіп, сенімсіздіктің қайдан туындағанын түсінуге болатындай. Мемлекеттік аурухана сияқты дегені, яғни мәселе көрсетілетін қызметтің сапасында болып тұр ғой. Халықтың осындай пікірі мен сақтандыруға байланысты орын алған түрлі келеңсіз оқиғаларға қарап жаңадан іске қосылған жүйенің әлі де шикіліктері бар екенін аңғаруға  болады.

 Еліміз бойынша сақтандыру қорының бірыңғай байланыс орталығы жұмыс жасайды. Алайда, бұл қызмет – емханалардың үстінен төніп, үнемі тексерістер ұйымдастыра алмайды. Сондықтан олар халықтың арыз-шағымдарымен тікелей жұмыс жасайды. Кез келген азамат 1406 нөміріне хабарласып, арыз қалдыра алады. Сақтандыру қорының Алматы облыстық филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімі де Жетісу өңірі бойынша келіп түскен арыз-шағымдарды қарап, шешімін табу мақсатында жұмыс атқарады. Ондағы қызметкерлердің сөзінше, бүгінгі таңда облыс бойынша орталыққа 65 арыз-шағым келіп түскен. Ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімі қоңырау шалған әр адамның мәселесін жеке қарап, медициналық мекемелермен тікелей жұмыс жасайды. Тіркеу, медициналық қызмет алу және басқа да сақтандыру жүйесіне байланысты мәселелер туындаған жағдайда  сақтандыру қорының Алматы облыстық филиалын құлағдар етуді ұмытпаған жөн.

 Денсаулық сақтау жүйесіндегі осындай күределі өзерістерге еліміз бірден келе қоймады. Бес жылға жуық уақыт бойы қалыптасып, кемшін тұстары түзетіліп, оңтайландырылып халыққа жол тартқан бұл реформа халықты әлеуметтік қорғаудың бір түрі. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, әр адам табысынан бір пайызын ғана сақтандыру қорына аударады да, есесіне құйған қаражатынан он есе артық көлемде медициналық қызметке қор есебінен қол жеткізе алады.  Ал зейнеткерлер, балалар, жүкті әйелдер, көп балалы аналар, студенттер, жұмыссыздар, мүгедектер мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерге ие адамдар үшін мемлекет өзі жарна төлейді. Ойлап қарасаңыз тиімді жағы көп. Дей тұрғанмен, адамдардың көпшілігі әлі де болса сақтандыруға сенімсіздік танытуда. Оның себебі де жоқ емес. Ел тарихына көз жүгіртсек 90-жылдары осындай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  қоры құрылды. Бірақ қор басшысы жиналған қаражатты жымқырып, шетелге қашып кетті. Осылайша, медициналық сақтандырусыз қалған халық бұл жүйеге сенуден қалған. Ал МӘМС жүйесіне күмәнмен қарайтын экономистердің: «бұл сақтандыру емес тағы бір салық түрі» – деген пікірлері де ұзақ жыл бойы айтылып келеді. Олардың сөзінше, адамның медициналық көмекке жүгіну не жүгінбеуіне қарамастан әр ай  сайын міндетті түрде қорға жарна аудару кәдімгі салық сияқты. Айтпақшы, бұл жарнаның пайызы жыл сайын өсіп отыратыны тағы бар… Қалай десек те, денсаулық сақтау саласындағы осындай реформалар бізге керек те шығар. Ал жұмысын бастаған жаңа жүйе отандық медицинаның кемшіліктерін жоя ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер. Әзірге біз табысымыздың белгілі мөлшерін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударып отыруға міндеттіміз…

Айсұлу ӘБІШЕВА

Кілтсөздер:МЕДИЦИНА


ПІКІР ЖАЗУ