Кітапқұмар қыз

1
3267
КІТАПҚҰМАР ҚЫЗ

КІТАП  адамды  қалыптастырады. Канадалық жазушы  Робин  Шарманың былай деп айтқаны бар. «Бес жылдан кейін кім болатыныңызды білгіңіз келсе, маған қазіргі оқып жатқан кітаптарыңызды айтыңыз».  Ал  Толстой былай дейді: «Жақсы  кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей». Мұны неге айтты демеңіз…  Кітап деген –  құндылық. Ол адамды  көбірек ойға жетелейді. Албырт сезімімізді тежеуге, ішкі ойлау күшімізді арттыруға себеп болады. Кітап – дос, жұбатушы әрі басшылық қабілетті арттыратын құрал. Бүгінде сол құрал күнделікті қолданыстан шығып қалғандай ма дейсің, кейде.  Бірақ,  кітапқұмар жандарды көргеніңде бұл  ойдан  алыстап қаласың.   

 

 Жазушы Софы Сматаев бір сұхбатында: «Кітап  менің сырласым, мұңдасым, жолдасым болып алған. Өйткені, кітаптан жаныма нәр, жүрегіме шер аламын, сол кітаптан жұбаныш табамын. Бетін ашып қалсам, көңілім елжірейтін, жүрегім тебіренетін. Сондағы өлең шумақтары, шығармалар жүрегіме дәрі болатын. Кітап – біз үшін әрі білім, әрі ғылым, әрі өнер, әрі мәдениет, әрі әдебиет. Кітап солардың бұлағы деуге болады», – деген еді.

Жазушы айтқан осы бір ойларды  біз тілге тиек еткелі отырған кейіпкерміздің кітап жайында айтқан әр сөзінен аңғардық.  Кітап әлемінің бір бұрышынан өзіне ыңғайлы орын алып жайғасқан жанмен сырласа отырып, көп дүниені көңілге түйдік.  Он алты жастағы Аружан МАНАРБЕКҚЫЗЫ кітапты  баға жетпес байлыққа теңейді.

ОНЫМЕН тілдесе отырып,  ұлы ғұламаның жетінші қара сөзі  ойға орала берді. «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынады. Білсем, көрсем, үйренсем дейді».  Аружан да бала шағынан  айналасындағы дүниелерді білуге, үйренуге талпынды. Небары үш жасында ешкімнің көмегінсіз әріп  танып,  оқуды үйренді.

«Ата-анам – дәрігер. Олар таңнан кешке дейін жұмыста жүреді. Бірде үйдің маңында серуендеп жүргенбіз. Мен билбордтағы жазуды оқығанымда мамам қатты таңғалды. Бірақ, ол үйдің  маңында орын тепкен билборд болғандықтан, бұған дейін маған біреу оқып берген болар, соны жаттап алған шығар деп ойлады. Серуеннен қайтып  үйге келгенімізде  сөредегі  кітаптардың бірін алып  қолыма берді.  Сол сәтте менің өз бетіммен әріп танып, оқуды үйренгеніме шын таңданыспен қарады. Ал енді қалай үйрендім? Бұған  тәтемнің әсері болды-ау деймін. Сол күннен бастап анам маған түрлі кітаптарды сатып алып беретін болды.

…Ата-анамның кітапқа құмарлығы туралы ештеңе айта амаймын. Себебі, олар үнемі жұмысбасты адам болды.  Шынымды айтсам, кітап оқуға мұршасы да келе бермейтін.  Менің  кітапқа деген құмарлығым  «Назарбаев зияткерлік мектебіне»  келген күннен бастау алды. Бұл білім ошағына үшінші сыныпта келдім. Алғаш мектептің кітапханасына  барып, сөрелердегі кітаптарды көріп  қызыққаным, сол мезеттегі кітапханашы апайдың «қандай кітап оқығың келеді, қандай кітап ұнайды» деп сұрағаны  да әлі күнге есімде. Сол күні ол   маған осыны оқы деп берген  түрлі сурттермен безендірілген кітабын  екі күнде бітіріп, қайта апарып бердім. Авторы  есімде  жоқ, бірақ бұл кітап жаныма ерекше әсер қалдырды. Неге десеңіз, күнделікті өмірде бір ғана нәрсе қайталана береді. Ал  кітапты оқыған  сәттен бастап басқа өмірді, өзге мемлекеттің адамдары жайлы танып білдім, таңғалушылықтан кітапқа деген махаббатым оянды. Осы күннен  кітапханадағы ең көп кітап алып оқитындардың қатарына іліктім десем болады. Кітап оқу арқылы мен өсіп, жетілдім, болашағыма жол аштым» деп ағынан жарылған  Аружан: «Оқығанымнан оқымаған кітаптарым көп. Алайда қызыққан кітабыма қол жеткізуге тырысамын. Бір кітапты екі күнде,  ары кетсе жеті күнде оқып бітіремін. Ол енді кітаптың тартымдылығына  байланысты » дей келе  кітап  адамды тәрбиелейтінін айтты. Бұл  тұста ақын А. Әлімнің сөзі  бар емес пе еді:  «Кітап та адамды тәрбиелейді, бірақ ол көпжылдық жеміс тәрізді. Жемісін бірден бермегенімен, алдымен жан-жүрегіңе әсер етіп, сана-сезіміңе ықпал етеді. Содан бірте-бірте ойыңа да, бойыңа да сіңіп, уақыт өте келе жемісін береді. Яғни, білімді әрі білікті азамат ретінде эволюциялық жолмен қалыптастырады». Біздің кітапқұмар қызымыздың да  ойы осы айтылғандармен  ұштасып жатқандай.  

БҮГІНДЕ  Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сыныбында оқитын Аружанның алға қойған мақсаты да айқын. Аталмыш мектептің оқушысы болу, ондағы  оқу талаптарын орындай жүріп, кітап оқуға уақыт табу ол үшін түкке де тұрмайды. Оның әр күні жоспарланған.  Айтуынша,  кітап оқуға уақыт жоқ деу миға қонымсыз,  ақымақтың сөзі. «Онсыз да күнделікті керексіз дүниелерге уақыт жоғалтып жатамыз.  Ютубтағы қажетсіз бейнероликтерді тамашалауға, миды тежейтін түрлі ойындарды ойнауға, телефонға телміру сынды түкке тұрғысыз  істер, тағысын тағы. Көпшілігіміз (оның ішінде мектеп оқушылары)   кітап  оқу деген  артық жүктеме дейміз. Сабақ оқу үшін миды шаршатпай,  денеңді босаңсытып алмау керек. Бәрімізде де сол бір уақытқа бағыныштымыз. Бірақ, біреулер демейін, өзімді алайын, мен  үлгеруге тырысамын, үй жұмысын тыңғылықты орындауға, арасында кітаптың  50-150 бетін оқып тастауға әрқашан  уақыт табамын. Әлбетте, бұл күнде қайталанады демеймін, өйткені кейде үйіп-төгіп беретін үй тапсырмаларынан бас ала алмай қалатын сәттер болады әрі бақылау жұмысына дайындық дегендей. Алайда  мен   кітап оқуға  басқаша қараймын. Ол миға жүктеме емес,керісінше, жаттықтырушы. Кітап оқуда   санаңды өзге әлеммен қауыштыру  арқылы айналадағы келеңсіздіктер мен өзекті мәселелерді ұмытасың. Қайталап айтамын, уақыт жетіспеу деген жай ғана сылтау» деген Аружан егер тырыссаң, уақыт табуға әбден болатынын айтады.

 БІЗ  кітапқұмар қыздан оқыған кітаптарыңның ішінде жанына жақын  қай жазушы  және қандай кітап екенін сұрағанбыз. Ол болса Маркус Зузактың  «Книжный вор» атты тарихи романын атады. Шығармада екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы Лизель атты кішкене қыздың  тағдыры суреттеледі екен. Сол тұстағы кітапқа деген  қолжетімсіздік,  Лизелдің   өзге үйлерден кітап ұрлауы, кітапқа деген құштарлығы тәнті етіпті. Бұл роман оның жанын қозғап қана қоймаған, өзінің Лизелге ұқсастығын  сезінгендей болғандығын айтады.

«Маған көп адам бірнеше жылдан кейін кітапты ешкім оқымайтынын, тіпті жер бетінен жойылып кетеді, сенің инста парақшаңдағы  кітап туралы жазғаның да ешкімге қажетсіз болып қалады, себебі адамдар бәрібір кітап оқымайды деп айта береді. Тіпті, кітап сатып ала беретінім де кей адамдарға ұнай бермейді. Осы орайда: «қазір электрондық кітап бар ғой, соны тыңдап жүре бермейсің бе?» дейтіндер де бар. Бұл сөздер  іштей қынжылтқанымен, көп жағдайда  жаныма жақын алып жатпаймын. Кітаптан  оқу өзіме ұнайды. Себебі  эстетикалық жағынан құндырақ,  әрі бетін парақтап, оның иісін сезіну деген ғажап қой», – дейді ол.  

Ғ. Мүсіреповше айтсақ, кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тыйыларымыз анық…

 КЕЙІПКЕРІМІЗ  айтқандай, инста парақшасында  оқыған кітаптарымен бөлісіп отыруды әдетке айналдырған. Әрі кітап  мазмұнын, жанрын, сериясын,  оны қашан оқып, аяқтаған күнін де түртіп қоятын блокнот  ашып қойған. Мұнымен қоса ол  әр жылға қанша кітап оқитынын да жоспарлайды. Мәселен, өткен жылы 115 кітап оқыса, оның 3-уі қазақ тілінде, 36-сы ағылшын, қалған 47 кітап орыс тілінде.  Олар  түрлі жанрдағы кітаптар. Ал оны қызықтыратын негізгі жанр фэнтэзи.

 Соңғы уақытта ол поэзиялық кітапты оқуға  ерекше ден қойған. Оның ішінде Анна Ахматованың поэзиясы  туралы: ақын өлеңдеріндегі қолданатын сөздердің ерекшелігін, нағыз  әйелдің қолтаңбасы аңғарылатынын айтады.

 Кітап әлемінің ханшайымы кітап оқумен ғана емес, уақытын кітап жазуға да бөліпті. Өткен жылы  орыс тілінде  фэнтэзи жанры бойынша  «Пекуларис» атты қиял-ғажайып әлем туралы әңгіме жазса, екінші кітабы  ағылшын тілінде жазылған   махаббат тақырыбындағы роман. Ал биыл детектив жанры бойынша қазақ тілінде  үшінші кітабын жазу жоспарда бар.       

«Мектеп кезінде айына 3-5 кітап оқимын. Ал  жаз мезгіліндегі бір айда ең аз дегенде 10 кітап оқимын. Себебі жазда кітап оқуға уақыт жетеді.

Классикалық жанрдағы кітаптарды үш күнде оқып тауысамын. Негізі  қолым қалт  ете қалған уақыттың бәрін кітап оқуға арнаймын. Мейлі ол күн, түн болсын… айналаңда адам толы, шуылдап жатса да, оған еш мән бермеймін. Мұның әдісін арнайы курстарға барғанда үйретті.

Рас. Минутына 1500 сөз оқығанмын. Мұны да  осыдан үш жыл бұрын  жылдам оқыту курсына  барып  үйрендім. Бірақ,  қазір дәл солай 1500 сөз оқи аламын деу қиын», – деген Аружан кітап туралы, ондағы  шығармалар бойынша түсірілген фильмдер жайында да ойланып көріпті. Осы төңіректе: «Неге адамдарға фильм көрген ұнайды,  оған  кітап оқыған» деген  сауалға жауап іздепті. Ойлана келе, мынадай қорытынды шығарған. Айтуынша, сөздердің өзінде үлкен философия жатыр. «300 беттік кітаптан  түрлі ой түю оны қорыту адамға көбірек эмоция сыйлайды. Ал кино көру деген, мен үшін біреу саған тамақты шайнап бергенмен тең. Бұл менің жеке көзқарасым», – дейді.   

 Аружанға  жиі қойылатын сауалдардың бірі –  балаларға  қандай  кітап оқуды  ұсынар едің, оларға қандай кітап ұнауы мүмкін? Бұл тұрғыда ол: әр баланың  өзі оқитын кітабы бар. Тіпті сол үшін жазылған  және оған ұнайтын.  Ал оны табуда көпшілігінің шыдамы жетпей жатады. Оны таппайынша, барлық кітап қызықсыз деп оқымай кетуі мүмкін. Бірақ, осы жерде ең маңыздысы  шыдамдылық таныта отырып, сол кітапты табуға ниеттену керек.

«Шамамен 500-ге тарта кітап оқыппын. Үйімде  400-ге жуық кітап бар. Кітап – ой-өрісті кеңейтіп қана қоймай,  өмір туралы  кең ауқымда  ойлануыма  мүмкіндік берді. Әр түрлі жазушылардың кітабынан өзіндік ой түюді, сол ойларды өзімнің өмір-жолымда пайдалана білуді, адамдармен қалай сөйлесуді үйрендім. Бір сөзбен айтсам, Аружанның  ойын  қалыптастыруға жол ашты», –дейді.       

КІТАПҚҰМАР  қыздың  арманы – журналист болу. «Сізге бұл айтқаным ұнай қоймас. Дегенмен айтайын. Мен шет ел журналистикасы бойынша білім алғым келеді. Неге десеңіз, қазіргі журналистикаға өз басым көңілім толмайды. Біздегі журналистика  тек белгілі бір форматпен ғана жүйеленген. Қатып қалған форматпен жұмыс істейтіндей көрінеді. Мәселен, тезисті айту, оқырманды қызықтыратын бірнеше жаттанды сөздерді қолдану, аргументтер айту секілді.

 

…Негізі, менің анам көп кітап оқуыма қарсы. Оның ойынша, мен тым қияли көрінемін. Кітап оқыған жақсы, бірақ  барлық уақытты кітапқа  арнау дұрыс емес дейді. Ал мен тіптен олай ойламаймын.  

 Негізі қыз баланың кітап оқуы ХIХ ғасырда көбірек бағаланған  ғой. Кейде  сол  кезде туылуым керек пе еді деген ой келеді. Сол шақта жазылған кітаптар  қатты ұнайды, соның ішінде  Джейн Остиннің. Сол ғасыр маған менің ғасырымдай көрінеді»,  – деп ой топшылаған Аружан:  ғасыр өзгергенімен  ішкі түйсігім  адамдардың көбірек кітап оқи бастайтынын,  кітаптар адам өмірінен жоғалмайтынын сезеді дейді. Лайым солай болғай.           

P.S. Биылғы  жылға Аружан қанша кітап оқимын деп жоспарлады және ол қандай кітаптар? Мұны  кітапқұмар қыздың  инста парақшасынан оқып, білулеріңізге болады? 

Сарби ӘЙТЕНОВА

Кілтсөздер:КЕЙІПКЕР


1 пікір