Бақұл бол, Бейсен!

0
4159

Жалған дүние  – жалған екенін тағы бір дәлелдеді.  Кеудесінде жаны бар пенденің  тірімін, жер басып жүрмін  деп  айтуға құқы  жоқ екенін   білсек те, ажалға  мойынұсына  бермейтініміз хақ! Бабаларымыз  айтып кеткен, «қамшының сабындай келте ғұмырда»  кімнің қанша өмір  сүретінін,   дәм-тұзының қашан таусылары  бір Алла ғана  аян.

Қаймана  қазақтың қабырғасы сөгілді. Қазақ журналистикасы қара бұлт жамылды. Тіршілігінде қолынан қаламы түспеген, қарға тамырлы қазақтың мұңы мен зарын жүрегіне жиып алып, «Айтуға оңай» деп  сол түйткілдің түйінін тарқатуға қарекет жасап, «Қарекет» деп ат қойып, айдарлап, қазақтың жетіміне, жесіріне, үйсізіне, күйсізіне де,  адасып, елмен-жерден жырақ кеткеніне  жоқтаушы болып, із кесіп, тауып  ата-анасы, ағайын-туысымен табыстырған, қарымды қаламгер, ақтангер азамат Бейсен Құранбек  бескүндік жалған дүниеден өтті.  Көңілдері құлазып, кеуделеріне мұң  мен шер қатып, егілген ел, Бейсен баласын  талбесіктен шешіп, жер бескікке бөледі.  Жер ана мәңгілік құшағына алды. Марқұммен қоштасқан 19 мамыр күні  қара жамылған қаралы елдің  көк аспанын да қара бұлт торлап, салқын самал есті.

Соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өзі қызмет жасаған, іргесін қалауға себепкер болған Талдықорғандағы  «Журналистер үйі» ғимаратында  өтті. Қараша қауымның сүйікті перезентіне айналған, өзінің жүрегі қандай кең болса, қазақ дейтін халықтың жүрегіне мейірім ұялата білген Бейсен Абайұлын  ақтық сапарға шығарып салуға жиналған халықта есеп болмады. Телевизия саласына сіңірген ұшан теңіз еңбегін елеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламеті Мәжілісінің  төрағасы Нұрлан Нығаматулииндер көңіл айту хатын жіберсе, бірге қызмет жасаған, әрі інісі, төл шәкірті ретінде жылы естеліктер айтқан ардагер журналист Нұртілеу Иманғали Бейсен Құранбектің айшықты еңбек жолына тоқталып, болшақта «Бейсентану» ғылымын қалыптастыруды ұсынды.

«2004  жылы  Президенттің жанында бірге жұмыс істедік. Сол кезде мен Бейсеннің еңбекқорлығына тәнті болатынмын. Ол әжесін Астанға алып келді. Бірақ  үлкен кісі елорданы ұнатпағаннан кейін ол шығармашлығын  тастап,  үйіне қайтты.  Сол  кезде «Бейсеке, сіздің болашағыңыз керемет, сізді Президенттің өзі жақсы көреді таниды, елордада қалсаңшы» дегенімде, келіспеді. «Апам өмір бақи жанымда жүрмейді. Ал, жұмыс табылады» деді. Бейсеннің даналағына мен әркез таңғалатынмын. Жаның жәннәтта болсын досым»,  – деді  журналист Александр Аксютиц.

Алланың маңдайына жазған ғұмырын сүріп, фәниден бақиға аттанған Бейсен Абайұлы 49 мүшел жасында  Талдықорғанға қарасты Еркін ауылында жерленді. Марқұм, айықпас кеселмен арпалысып жүріп, ғұмырының соңында соңғы жазбаларын оқырмандарына ұсынып үлгеріпті. Қоғамнан, биліктен қандай қолпаштау көрсе де, ардан аттамай, азаматтық қалпын  бұзбаған, елдің батасын алып, жүзі жарқырап, жан баласы туралы қисық сөз сөйлемеген екі адам болса соның бірі де, бірегейі осы Бейсен еді. Үлкенді де, кішіні де, «батырым» деп бауырына тартып, мейрімді болуға, жақсылық жасауға үндеп тұратын биязы мінезді Бейсен бауырымыздың соңғы жазбасын,  әріптестерінің, ел ағаларының көңіл айтуын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Бақұл бол, Бейсен, жаның жәннәтта болсын,  бауырым!

Бейсен Құранбектің соңғы жазбасы

«Білу — бөлек, түсіну — басқа. Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім… Бірінші,

Ұстазым жиі айтатын» бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол- ниеттің, тілектің, батаның күші»  деген сөздің рас екенін.

Екінші, халқымыздың «басты байлық — денсаулық» деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым.

Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған «Байлық — қолға ұстаған мұз, Бақыт — басқа қонған құс, Бала — артта қалар із, бұл өмірдің қызығы — Сіз бен Біз» деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін әр клеткаммен сезіндім».

Отбасының 7 қағидасы

1) Сыйластық бірінші кезекте тұру керек. «Үйленген күннен бастап мені «сіз» дейсің» дедім. Бастапқыда «сіз» дегені құлаққа түрпідей естіліп, күлкіге көміліп қалғам. Он бес жылдан бері «сіз» деген сөз отбасымыздың татулығының тірегіне айналды. Достарымның әйелдері біреуі 5 жылдан соң, біреуі 8 жылдан соң, біреуі 10 жылдан кейін күйеулерін «сіз» дей бастады. Анасы әкесін «сіз» деп сыйлап тұрса, бала да әкесін құрметтейтінін түсінді;

2) Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады;

3) Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кіргізбейміз;

4) Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз;

5) Ренжісіп қалсақ, 5 минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз;

6) Біздің үйде ер — азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» – деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері телефонмен: «Қайда жүрсің қаңғырып?» – деп жатқанын естігенде, телефоны болмаған біздің ата — бабалар не деген бақытты деп ойлаймын;

7) Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке — шеше бола алмайды.

Тұңғыш Президент  Нұрсұлтан Назарбаевтың  көңіл айту жеделхаты

  «Ол саналы ғұмырын отандық телевизияның дамуына арнады. Өз ісінің кәсіпқой маманы ретінде ұлттық ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосып, туған еліне адал қызмет етудің жарқын үлгісіне айналды. Талай тың әлеуметтік бағдарламалардың дүниеге келуіне септігін тигізді. Оның өнегелі өмірі мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталады деп сенемін».

Тоқаев Бейсен Құранбектің отбасына көңіл айтты

«Белгілі журналист, танымал тележүргізуші Бейсен Құранбектің дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Бейсен Құранбек қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, кәсіби қолтаңбасын қалыптастырған азамат еді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын жүргізіп, елдің ыстық ықыласына бөленді, халықтың алғысын алды. Ол Алматы облыстық «Жетісу»  арнасының директоры ретінде білікті басшы, ұтқыр ұйымдастырушы екенін де көрсете білді. Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын!».

Серік ӘБІКЕН:  «Аһ ұрғыздың ғой, Бейсеке!»

Ал, досым, қош.  Сенің төрт қабырғада өткен тоғыз айыңның ақыры осылай болды, мүшел уысынан шығармады. Сыр бермеген күйі тістеніп өттің. Арпалыстан қажыған бейнеңді өзгелер көрмесе деп мына жарық дүние үшін тек Гүлмираңды серік етіп күрестің. Бүгін таңда «Нормально, қайта беріңдер»  деп айта тұрып аһ ұрғыздың ғой, Бейсеке. Тұтас елің егілді. «Қарекетте»  аялаған, сені мына ажалдан  арашалау үшін бір сәт жаныңнан шықпаған  ұл-қызыңның,  жарқ еткен ғұмырыңның 11 жылын  арнаған «Жетісуыңдағы»  әріптестеріңнің  көзі мөлт-мөлт етеді.  Таңда жаназа. Мұндайды көрем деп кім ойлаған… Таудай болмысың кішкентай төмпешікке сыйып жер-бесікке бөленбексің.  Бір уыс топырақ бұйырар, сусыған ол топырақ тәніңді жасырғанымен  Алтай мен Атырау арасында лүпілдеген миллиондаған жүректегі жарқын бейнеңді көмескілей алмайды.  Бақұл бол, Бейсеке.

А.МҰХАМАДИ.

 

Кілтсөздер:ТҰЛҒА


ПІКІР ЖАЗУ