Сыбайластар сыбағасын алуда

0
2404

«Алаған қолым, береген» дейтін тәмсілді жемқорларға қаратып айтуға болады. Жұлынға кірген жегі құрттай, қоғамды улап жатқандар арасында кімдер жоқ дейсіз. Жоғарғы эшелоннан бастап, етектегі ептілер де екі асап биге шығып жүр. Тұтылып жатқандардың арасында киті де, шортаны да, шабағы да бар.

     «Жемқорлық – індет, оны жою – міндет» деп білек сыбана кіріскен қаржы полициясы мен қоғам өкілдері жұмылдырылса да, бұл кесел толастар емес. Керісінше, заң қатқылданып, жауапкершілік артқан сайын жемқорлардың араны апандай ашылуда. Мәселен, Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің бес айғы атқарылған жұмыстарын талдап көрсек, 105 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның 70%-ы сыбайлас жемқорлыққа қатысты болған. Ауыр және аса ауыр қылмыс ретінде сараланған сыбайлас жемқорлық 65% болса, шырмауықтай шырмалған сыбайластықтың тағы бір түрі парақорлық су төкпеген жоғадай бүлкілдеп тұр.
Қылмыстық кодекстің 366, 367, 368-баптары бойынша әрбір екінші тіркелген қылмыс 56%-ды құрайды екен. Ал, лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, мемлекет мүлкін, қаржысын талан-таражға салу 18,7%-ға, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлікті иемдену немесе ысырап ету 6,7%-ға, алаяқтық немесе 5-билікті асыра пайдалану 8%-ға тең.
Есептік кезеңнің бес айында сыбайлас жемқорлықпен қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке 42 адам тартылса, оның ішінде әртүрлі деңгейдегі мүйізі қарағайдай 18 бірінші басшылар бар.
Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 33,3%-ы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, 14,3%-ы ҚР Қор-ғаныс министрлігінің лауазымды тұлғалары, 10%-ы құқық қорғау органдардың қызметкерлері, 11%-ы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және 4%-ы квазимемлекеттік сектор қызметкерлері болып тұр. «Сенген қойым сен болсаң…» дегендей, сыбайлас жемқорлық фактілерінің ең көп үлесі жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үлесінде. Мәселен, 2020 жылдың 5 айында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты 7 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, 4 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Құқық қорғау орган-дарының қызметкерлері жасаған қылмыстардың негізгі бөлігі пара алумен байланысты болған.
Жергілікті атқарушы органдар мен оларға ведомстволық бағыныстағы мекемелердің 14 қызметкерлеріне қатысты есептік кезеңде 30 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелсе, бүгінгі таңда 12 қылмыс аяқталып, сотқа жіберілген.    Департамент мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында бюджет қаражатын ұрлаудың жолын кесуге бар ынта-жігерімен кірісуде.
Бес айда атқарылған жұмыстардың нәтежесінде, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде 10 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелсе, 5 адамға қатысты іс сотқа жолданумен қылмыс аяқталған. Олардың ішінде: «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша бір-бірден, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 4 қылмыс және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 4 қылмыс анықталған.
Қылмыстық істер бойынша жалпы залал 1,9 млрд.теңгені құралса, соның 1,6 млрд. теңгесі өтелген. Сондай-ақ, аяқталған қылмыстық істер бойынша 265,0 млн. теңге мүлікке тыйым салынып, 5 адам сотталған. Оның ішінде екі адамға бас бостандығынан айыруға 2 жылдан 5 жылға дейін мерзім беріліп, 3 адамның мүлкі тәркіленген. Бұған қоса, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 21,7 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған.

Айтақын МҰХАМАДИ

Кілтсөздер:ЖЕМҚОРЛЫҚ


ПІКІР ЖАЗУ