Жомарт жанның жолы ашық
Тәңір сыйлаған дара дарынымен талайды таңдандырып, халқы үшін жасаған қалтқысыз еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген жандар саусақпен санарлық. Солардың бірі де бірегейі – білікті дәрігер, белгілі ақын, сазгер Толқын Ақанұлы. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бақкелді-2012» ЖШС-ның директоры, «Қазақ емханасы» медициналық орталығының бас дәрігері.
Бүгінгі күнге дейін еліміздің әр аймағынан және әлемнің 20-ға жуық мемлекетінен арнайы келіп, дертіне дауа іздеген науқастар оның қолынан ем алып, сауығып қайтқан. «Қазақ емханасының» Алматы, Тараз, Қарағанды сынды ірі қалаларда бөлімшелері бар. Емханада табиғи шөп дәрілерден пайдаланып, қазақтың дәстүрлі емдері мен әлемдік дәрігерлік ғылымды ұштастыра отырып, шығыс медицинасымен де ем жүргізіледі. Ондағы Толқын бастаған білімді де білікті дәрігерлер озық үлгідегі заманауи құрал-жабдықтарды көмегімен оған қоса қарапайым тамыр ұстау арқылы әрбір ауру түрін тура анықтай алады. Негізінен бұл орталықта созылмалы ауруға шалдыққандар дауаланады. Соның ішінде қан қысымы жоғары науқастар мен қант диабеті, асқазан, бауыр, өт, бүйрек, жүрек, ұйқы безі және ми қан тамырлары жіңішкеріп, түрлі нерв аурулары мен буын сырқатынан сал болып қалғандар емделеді. Ондағы әрбір маманның тәжірибесі мол қызмет көрсету сапасы жоғары болғандықтан, көптің алғысын алуда.
Орталық басшысы Толқын Ақанұлы Қытайдың медицина университетінен жалпы медицина мамандығы бойынша білім алған. Алғашқы еңбек жолын туған жеріндегі қалалық емхананың бас дәрігері болып бастаған. Осыдан соң Шығыс Түркістанда 20 жылдан астам еңбек етіп, дәрігерлік салаласында жеткен ірі-ірі жетістіктерімен түрлі марапатқа ие болған. Сол жылдары ол бас дәрігерлікпен қатар емхана, диспансер басшысы лауазымына көтеріліп, кейін денсаулық сақтау басқармасын басқарады. 2007 жылы тарихи атажұрты Қазақстанға біржола қоныс аударып, 2009 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында өз мамандығы бойынша медицина орталығын құрып, «Қазақ емханасында» жемісті еңбек етіп келеді. Содан бастап Толқынның емшілік даңқын естіп, біліктілгіне сүйінген ел ішіндегі және шет елдердегі науқастар оған арнайы келіп ем алып, дертіне дауа табуда. Оның айтуынша, мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы ең биік әрі киелі ұғым.
Халықтың құрметіне бөлену – елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән жетістік. Ал тер төге жасаған еңбектің еленуі атақ-марапатын былай қойғанда, алдағы күнге шабыт берері сөзсіз. Сол сияқты кейіпкеріміз біліктілігі мен көп жылдық еңбегінің нәтижесінде халық алғысына бөленіп, түрлі марапаттарды иеленуде. Бүгінде Толқын халықаралық экология академиясының академигі, «ҚР халық денсаулығын сақтау ісіндегі ерекше еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан, Қытай мен Моңғолия мемлекеттерінің медицина саласының үздігі, Моңғолия Баян-Өлгей аймағының Құрметті азаматы. Жақында дәрігер Қазақстан Ұлттық Агроөнеркәсіп палатасының вице-президенті болып тағайындалды. Сүйікті кәсібі мен қоғамдық жұмыстарды ұштастыра білген ол «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті, «Барқы би» қоғамдық қорының президенті сынды қызметтерді де қатар атқаруда.
Халқымыз «жомарт жанның – жолы ашық» деп бекер айтпаса керек. Толқын Ақанұлы әрқашан қарапайым ақеділ адамгершілікке сай асыл қасиеттерімен, атымтай жомарт кеңпейілдігімен де көпке үлгі болып келеді. Әйгілі Әйтеке би бабамыздың «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, Батыр болсаң, жауға найзаң тисін» деген дана тұжырымын берік ұстанған жан. Ол үнемі ұлт құндылықтарын ұлықтап, мұқтаж жандарға қаржылай қолдау көрсетуді өзінің адамдық әрі азаматтық боршына балайды. ол бүгінгі күнге дейін 20-дан астам адамға тұрғын үй салуға жер телімін сыйға тарса, шетелден көшіп келген, жағдайы төмен 5 отбасына баспана кілтін табыстаған. Сондай-ақ, шалғай ауылдардағы бірнеше азаматтың өз алдына кәсіп бастап, шаруашылығын дөңгелетуіне жәрдемдесіп мал сатып алып берсе, жанұясында қиыншылығы бар 15 мыңнан астам науқастың ерекше жеңілдікпен ем алуына мүмкіндік жасаған. Әрі еліміздің бас қаласындағы қыздар медресесіне ай сайын 200 АҚШ доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар жыл сайын еліміздің әр аймағында өткен танымал тұлғалардың мерейтойлық шаралары мен тағы басқа да халықаралық және республикалық мәдени іс-шаралардың өтуіне кәсіпкер ретінде өз үлесін қосуда. Мәселен, 2014 жылғы «Ер Жәнібек – 300» халықаралық жобасы аясында Елордасында өткен «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық ақындар айтысының өтуіне бастан аяқ демеушілік жасаса, белгілі ғалым, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтың 90 жылдығына орай дүниежүзі қазақ жастарының елде басқосуына барынша жағдай жасаған. Осы орайда Петропавл қаласында, даңықты әнші, композитор Сегіз сері Бахрамұлының 200, танымал ағартушы, дін ғалымы Халифа Алтайдың 100, қазақтың хас батыры Оспан батыр Сіләмұлының 120 жылдығын атап өту шараларына көлемді қаржы бөлген. Бұған қоса, белгілі ақын Омарғазы Айтанұлының, жазушы Жақсылық Сәмитұлының кітаптарының баспадан шығуына демеушілік жасап, Ақыт қажыны еске алу шарасына, ақын, Қытай мемлекеттік сыйлығының лауераты Серік Қапшықпайұлының 80 жасқа толуына орай өткізілген «Айдан ары, күннен бері» атты шығармашылық кешін қаржылай қолдаған. Ал, биылғы жылы орын алған бүкіләлемдік пандемия кезінде де түрлі шараларға атсалысып, халықтан көмегін аямады. «Еліңмен бірге бол!» акциясы аясындағы атқарылған көптеген қайырымдылық шараларына жақыннан жәрдем беріп, жан-жақты көмек көрсетті.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Қазақстан және Еуразия жазушылар одағының мүшесі Толқын Ақанұлының қарымды қаламгерлігі мен әуезді ән шығаратын сазгерлігі де өз алдына. Жалпы сегіз қырлы бір сырлы азаматтың отты жырлары мен әсем сазды әндері елімізге танымал әшілердің орындауында жұрт арасында кең тараған. Ақынның бұдан бұрын «Үміт сыйлағым келеді», «Қарағайбастауым» сынды жыр жинақтары жарық көрсе, жақында түрлі дертке және әлемдік індет коронавирусқа қарсы өнімді емдеу жолын ұсынатын «Емші кәдесі» атты шипагерлік кітабы баспадан шықты. Қай қырынан алып айтсақ та, оның әлі талай биікті бағындырары сөзсіз.
Лина АЙДЫНҚЫЗЫ