13 қабатты студенттер жатақханасы пайдалануға берілді

0
2095

 Талдықорғанда студенттерге арналған 288 орындық көпқабатты жатақхана ғимараты пайдалануға берілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елбасының «5 әлеуметтік бастамасының» аясында жатақхана құрылысы өткен жылы қолға алынып, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2,3 млрд. теңге жұмсалды. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысты.

13 қабатты, сәулеті келісті  жатақхана  Талдықорғандағы бірден бір жоғары оқу орны І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері үшін беріліп отыр. Бұл нысан білімгерлердің өмір сүру жағдайын жақсартып, білім сапасын арттыруға ықпал ететін қадам болмақ.

Жатақхананың ашылу салтанатында облыс әкімі А. Баталов студент жастарға ізгі тілегін білдірді.

Кезінде кәсіп иесі қонақ үй саламыз деп, кейін құрылысын аяқсыз қалдырып кеткен нысанның бетоны үгіліп, арматурасы тозып, қараусыз жатқан болатын. Осы құрылысты студенттер үйі ретінде салсақ деп шешім қабылдап, бүгін, міне, пайдалануға беріп отырмыз. Ғимараттың жобасын марқұм, белгілі сәулетші Ақмырза Рүстембеков жасады. Талдықорған қаласының ажарын ашатын бұл нысан жетісулық жастар үшін үлкен сый деп білемін. Енді бұл жатақхана жалынды, жігерлі жастарымыздың өз үйіндей болады. Біз жастарға үлкен үміт артамыз. Осы ғимартта болашаққа жол салыңдар, армандарың орындалсын!  деген облыс басшысы жұмысты сапалы орындаған «НСК Астана-Құрылыс» ЖШС құрылыс компаниясына алғысын білдірді.

Мұнан соң І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ректоры Қуат Баймырзаев, студенттік парламентінің спикері, құқық және экономика факультетінің 4 курс студенті МадинаТұрдаш сөз алып, жастарға деген қамқорлығы үшін ел ағаларына университет ұжымының атынан, студенттердің атынан ризашылықтарын білдірді.

Жиналған көпшілік ғимараттың ішін аралап, кітапхана, кинозал, өзіндік жұмыс бөлмесі, демалыс бөлмесі, асхана, жатын бөлмелерге кіріп көрді. Келушілерге «Bolashak Books» бұрышы таныстырылды. Әр бөлмеде студенттердің еркін білім алуы мен демалуына барлық қажетті жағдай жасалған, тиісті құрал-жадбықтармен толық қамтылған. Әзірге мұнда «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілері қатарындағы және интернет жылдамдығы баяу шалғай елді мекендерден келген жалпы саны 13 студент орналасты.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ