ЖЕТІСУДА «ЖҰМЫСШЫ ЖАСТАР АМАНАТЫ» ФОРУМЫ ӨТТІ

0
39

Жетісу облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Жұмысшы жастар аманаты» форумы ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдің мемлекеттік органдарының өкілдері, еңбек ардагерлері, жас мамандар, кәсіпкерлер, салалық ұйымдардың қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты. Форумның негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін көтеру, жастар арасында техникалық және өндірістік салаларға деген қызығушылықты арттыру.
Форумның салтанатты ашылуында «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын сөз сөйледі. Ол Мемлекет басшысының бастамасы аясында қолға алынған жобалардың жастар үшін маңыздылығын атап өтті.
– «Елдің болашағы – еңбектің қадірін білетін, кәсібіне берілген жастардың қолында. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру – тек экономикалық міндет емес, бұл – қоғамның рухани жауапкершілігі. Біз жастарға тек қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың еңбек адамын үлгі тұтуына жағдай жасауды маңызды санаймыз», – деді Арын Арыстанғали Қадырұлы.
Форумда Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейт құттықтау сөз сөйлеп, жастарды еңбекке адалдық пен табандылыққа үндеді. Аға буынның тәжірибесі мен еңбек мәдениеті бүгінгі жастар үшін бағалы бағдар.
Форумның негізгі бөлімі жас мамандардың тәжірибесімен бөлісуге арналды. Алғашқы баяндаманы ауыл шаруашылығында табысты еңбек етіп жүрген «Бақыт-Қаратал» ЖШС-нің басшысы Серікжан Жексембиев жасады. Ол аралас ауыл шаруашылығының мүмкіндіктері туралы айтып, ауыл жастарының кәсіпкерлікке бет бұруының маңызын атап өтті.
– «Қай салада жұмыс істесең де, шын ниетпен, табандылықпен істесең, нәтиже болады. Жастар өз таңдаған мамандығын жетік меңгеріп, “кемел маман” болуға ұмтылуы керек. Өйткені елдің тірегі – ауылда, ал ауылды алға сүйрейтін – еңбекқор жастар», – деді Серікжан Жексембиев.
Келесі спикерлер қатарында «Ak Altyn Products» бас директоры Данияр Искаков, «АқсуҚант» қант зауытының зертхана меңгерушісі, «Үздік жас жұмысшы» көшбасшы 2025 Аруна Кенжеханова, АҚ «KEGOC» электромонтері Қуаныш Мұсабаев және техникалық колледж оқытушысы Айбек Иманжанов сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Форум аясында өндіріс, ауыл шаруашылығы, энергетика, зертхана, коммуналдық және құрылыс салаларында үлгілі қызмет атқарып жүрген бірқатар жұмысшы мамандар «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының алғыс хаттары табысталды.
Марапат иелерінің еңбекке сіңірген еңбегі, табандылығы мен кәсібіне деген адалдығы көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.
Форумның жабылуында «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Қуаныш Сайлаубай сөз сөйлеп, жұмысшы мамандықтарының ел болашағындағы рөлін атап өтті. Ол жастарды кәсіби дағды қалыптастыруға, жаңа технологияларды меңгеруге және еңбек мәдениетін дамытуға шақырды.
«Жұмысшы жастар аманаты» форумы Жетісу өңірінде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға, жас буынды еңбекке ынталандыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Айта кетейік, Жетісу өңірінде 14 пен 35 жасқа дейінгі жастар саны 191 962 адамды құрайды.