Оқушылар төрт бағытта оқытылады

0
1648

Жазғы демалыстың аяқталып,  жаңа оқу жылының басталар уақытына да санаулы күн қалды.  Өздеріңіз білетіндей, еліміздегі карантин режиміне байланысты 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсаны қашықтан оқыту форматында жүзеге асқан болатын.  Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты  жаңа оқу жылы да  қашықтықтан оқыту форматында басталады.

 Қашықтықтан оқыту жас ұрпаққа білім беруде кедергі болмауы тиіс. Алматы облысында  жаңа оқу жылына қарқынды дайындық жүруде. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов жергілікті БАҚ  өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында  айтты.

Аймақ басшысы өңірдегі білім мәселелеріне қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталып, оқу жылын қашықтықтан өткізу форматының ерекшеліктеріне тоқталды.

 Өңір басшысының айтуынша,  Алматы облысында биылғы жылы білім саласының бюджеті 314,2 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 108 млрд. теңгеге артқан.  Жалпы облыста әлеуметтік салаға бөлінген бюджет қаражатының 65 пайызы  білім саласына бағытталады.  Осындай мүмкіндіктердің арқасында өңірдегі білім сапасы артып келеді. Мәселен, соңғы 5 жылда білім сапасы 10,8 пайызға  артып, 65,4 пайызға  жеткен.

Жаңа оқу жылында оқушы саны өткен жылмен салыстырғанда 16,6 мың балаға өсіп 426 мыңнан асып отыр. Ал, 1 сыныпқа 48 мың баланы қабылдау жоспарланған.

«Биылғы эпидемиологиялық  жағдайға байланысты балаларды төрт бағытта оқыту жоспарлануда.  Бірінші, оқушылардың 70% немесе 299 653 оқушы білім беру платформасы интернет желісі арқылы жүргізіліп, оқумен қамтылатын болады. Екінші, 20% немесе 84 471 оқушы «Аль-Фараби», «Еларна» республикалық телеарналары мен облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы білім алады. Үшінші, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған 138 мектепте санитарлық талаптарға сәйкес, екі ауысымда (15 баладан)  7721 немесе 2% оқушы  штаттық режимде оқиды.  Төртінші, бастауыш сынып оқушылары, ата-аналардың өтініші негізінде болжаммен 5214 кезекші сыныптарда 34 792 (8%) бала білім алатын болады.  Штаттық режимде білім беретін мектептерде қатаң санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Кіре берістерде залалсыздандыру төсеніштері,  тепловизор, санитайзер және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет есебінен  227  млн. теңге қаржы бөлінді», – деді облыс әкімі А. Ғаббасұлы.

Аймақ басшысы  Амандық Баталов  қашықтықтан оқыту кезінде мектеп оқушылары мен ұстаздары үшін электронды құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесі  жайында да тілге тиек етті.

«Жалпы облыс бойынша 91 743 оқушыға компьютерлік құралдарға қажеттілік бар. Осыған сәйкес, аталған мәселені шешу үшін аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балаларды компьютерлік техникамен қамтамсыз ету мақсатында қосымша 75,6 мың компьютер сатып алынды. Мемлекеттік — жекеменшік әріптестік аясында 20 мың компьютер сатып алынады. Меценаттар тарапынан аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 150 компьютер құралдарын тегін беруі жоспарлануда. Қабылданған шаралар нәтижесінде жаңа оқу жылында облыс оқушыларын компьютермен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілетін болады»,  – деді Амандық Баталов өз сөзінде.

Алматы облысында 41 625 педагог жұмыс істейді, олардың барлығы компьютерлік техникамен қамтылған. Оның ішінде 40 165  мұғалім немесе 96,4 пайызы интернетке қосылса,  3,6 пайызы қосылмаған. Бұл мәселені шешуде  нақты жұмыс жүргізіліп жатқандығы да  айтылды.

«Цифрландыру бүгінгі даму процесіне ерекше әсер етіп отыр. Бұл талап бүгінгі жағдайда барлық салаға енгізілуде. Соның ішінде білім беру саласы да бұл жұмыстан тыс қалған жоқ. Bilimland.kz сандық ресурсы облыстағы 737 (97%) мектепте қолжетімді. Кең жолақты интернетке 752 (98%) мектеп, «Күнделік» жүйесіне 704 (95%) мектеп қосылған», – деп атап өтті А. Баталов.

Облыс әкімінің айтуынша,  өңірде 732 елді мекеннің, 19 ауылында  интернет желісі жоқ. Ондағы мектеп жасындағы 886 баланың 730-ы телеарна арқылы, қалған 156 бала штаттық режимде оқытылатын болады. «Қазақтелеком» АҚ арқылы 98 мектепте интернет жылдамдығын 4 Мбит-тен, 8 Мбит-ке  дейін ұлғайту күтілуде.Сондай-ақ, интернет желісіне қосылу үшін оқушыларға 43 мың роутерлар сатып алу жоспарланып отыр. Жалпы Алматы облысында жаңа оқу жылында балаларды компьютер және интернет желісімен қамту мәселелерін шешу үшін барлық жағдай жасалуда.

Баспасөз конференциясында  Алматы облысында мектебі жоқ 69 шалғай жатқан елді мекеннен оқушылар тасымалдау үшін 71 жаңа заманауи автобус сатып алынғаны да айтылды. Ал бұл мақсатқа биыл  облыстық бюджеттен 940,6 млн. теңге бөлініпті.

Бүгінгі күні жоспарланған автобустардың 61-і сатып алынды. Атап айтқанда, 5-еуі Ақсу ауданына, 10-ы —  Еңбекшіқазақ, 5 — Жамбыл, 11 — Іле, 11 — Қарасай, 6 — Кеген, 2 — Райымбек, 10 – Талғар аудандары мен 1-еуі Талдықорған  қаласына сатып алынды. Қалған 10 автобус тамыз айының соңына дейін алынады.

«Балаларды тасымалдауға озық үлгідегі, орындықтары жайлы, ішінде камерасы орнатылған, нағыз заманауи автобустарды сатып алдық. Олардың сыртын біркелкі түскен боятып, арнайы логотип салғыздық. Енді бұл жаңа автобустар балалардың игілігіне қызмет ететін болады», –  деді А. Баталов.

Алматы облысында  жалпы 760 мектеп бар. Мемлекеттің қолдауымен алдағы уақытта үшауысымды мектептер саны азаймақ. Өйткені биыл 23 мектептің құрылысы жүргізілуде.  Жаңа оқу жылында Алматы облысында 8 мектеп ашылады.

Баспасөз мәслихатында  өңір басшысы журналистер қойған сауалдарға да  жауап берді.

С. ӘЙТЕНОВА

 


ПІКІР ЖАЗУ