Іскер әйел Бақытгүл

0
2333

Нарық жүйесінің өз қағидасы бар. Ол – кәсіпкерлік сала. Бұл да картаның ойыны сияқты, ашқан кәсібің дөңгелесе, пайдаға шаш етектен кенелесің. Көңілің жайланып, дүниең түгелденеді. Қазақша айтқанда төрт құбылаң тең.

 

Ал, экономикалық құлдырау, доллардың бағасы шарықтап, мұнайдың құны төмендесе, дағдарыстың дауылы ұрса, шағын кәсіп тұрмақ мұртын балта шаппайтын ірі өндіріс орындарының өзі шатқаяқтап, үнемдеуге көшіп, жұмысшыларын қысқарта бастайды. Бұл бөлек әңгіме. Басты тақырып кәсіпкер болу. Оған аса білімдарлықтың да, экономист болудың да қажеті жоқ. Мектепті үзіп-жұлып әрең тәмамдағандар да кәсіп ашып, асығы алшысынан түсіп жүргендер жайлы сан мақала оқығанбыз. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген тәмсіл тура осы заманға қаратып айтылғандай. Кәсіптің көзін тапқандар, қолынан іс келетіндер бірді-бірге жамап,  қанаттарын кеңге жаюда. Бармағынан бал тамғандар темірді қамырша илеп, ою-өрнек салып, терезе қоршауларынан бастап, қақпа, есік алдындағы жаппа (навес) жабдықтауда дәнекерлеушілердің айы оңынан туып тұр. Бұдан бөлек, ағаштан,  тері өнімерінен,  қорғасын, күміс, жезден көздің жауын алатын қолөнер шеберлерінің өнімдеріне сұраныс артқан. Ал, әйел қауымы ұлттық өнерді, салттық тұрмыстағы көрпе-көктеу, құрақ жамау, жүн өнімдерінен сырмақ, текемет, алаша, әрі  шұлықтан бастап, киіз үй жабдықтарын жасап нарыққа шығаруда. Міне, бұл да ата-кәсіптің айқын көрінісі. Сан-салалы кәсіптің түрін сараласақ, дайын өнімдерді алып келіп, үстіне бес-он теңгесін қосып, жеке дүкен ашып,  кәсібінің нәсібін көріп отырғандар жайлы кеңінен әңгіме толғауға болады. Әсіресе, ауылдағы ағайындар, мал мен егістікті ұштастырып істің көзін табуда. Мақалаға арқау етіп отырған  біздің кейіпкерміз де осы кәсіптің бейнетін бір кісідей көрген жан.  1964 жылы   Алматы облысы Панфилов ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген Бақытгүл  Бекмырзақызы Мырзахметова  сонау кеңестік жүйеде Талдықорған коопучилишесін 1981-1982 жылы тәмамдап, туған ауылындағы сауда орталығында сатушы болып еңбек еткен. Шотты «шақа-шұқа қаққанда саусағы саусағына тимейтін менің балдызым  социализм құлап, капитализм тамыры тереңде қаулап өсетінін біліп туғандай. Колхоз тарап, дүние талан-таражға түскенде әкесі марқұм отбасыларына тиесілі жер пайын алды. Техникадан үлес тимей жалаң қолмен егістік жағалағандардың көрген күні күн болмады. Амалсыз, бала-шағалары қала жағалады. Менің балдызым да отбасымен Талдықорғанға қоныс аударды. Әуелі, көше бойында  ұсақ сауда сатып, амалдап жүріп орталық базардағы дүкенге сатушы болып орнықты. Күні-түні дүкенге қонып, бала-шағасын сырттай бақылаумен болды. Үйелмелі-сүйелмелі төрт бала бұғаналары  қатпай жатып, үй тірлігі мен сабағын  қатар алып жүрді. Жолдасы Аман – Талдықорған, Жаркент, Қорғастан, Алматы Қырғызстанға таксилетіп адам тасыды. Айтуға оңай болғанмен,  жан кешті бейнет еді. Мұндай бейнетке шыдамағандар екі қолды бір сілтеп, тағдырларына наласын айтып, торғайдай тозып кеткендері қаншама? Ал, біздің балдыз, осы бейнеттің бәріне төзіп, ағысқа қарсы жүзді.   Қалада сатушы болып  жүріп, ауылынан дүкен ашты. Оған  қайынсіңлісін  сатушы етіп, өзі екі күннің бірінде Талдықорған мен Жаркент арасындағы Үшарал ауылына тауар тасумен болды. Тиыннан  теңге құраған, әрі азық-түліктің қайсы тез өтімді әрі сұранысқа ие екенін жетік білген Бақытгүл Бекмырзақызының еңбегі еш кетпеді. Ауылдағы саудасы дөңгелеп, кәсібі алға басқанда қаладағы бозторғайдың ұясындай үйін сатып, туған ауылына қайта көшті. Туған жері «мысыр шаһары» қарасу бойына үй салды. Үй салғанда мол салды. Саудасының арқасында  ата-анасы мал баққан «Жаңабаз» бөлімшесіне баратын қара жол бойынан екі қабатты үлкен үй салып, қосымша тағы да дүкен, есік алдына, кішігірім той-томалақ өткізетін арнаулы орын ашты.  Жол бойында ары-бері өткендер,  келін алып, қыз ұзатушылар біздің балдыздың дүкенімен тойханасынан шықпайтын болды.   Тәуліктің 24 сағатында бір жабылмаған сауда үйімен шағын ғана тойханасының арқасында кәсіптерін ұлғайтқан Аман мен Бақытгүл бүгінде шаруашылықпен де айналысуда.  Мал басын көбейтіп, ірі қара өсірумен айналысқан кәсіпкер, мал жайылымы мен шабындық және егістік жерлерді жалға алып отырғандарын айтуда. Аудандағы іскер әйелдер  мүшесі Бақытгүл балдызымның да өз айтары бар.

– Ауылда жұмыс жоқ емес, бар. Бірақ, үйлестіруші жоқ. «Жастарды жұмыспен қамту керек» дейді. Ал, жұмыссыздарын жұмыспен қамту орталығына тіркейді. Үш айлық қайтадан оқыту курстарына жіберіп жатады. Көбі, көше тазалау, ағаш түбін ақтау, яғни, маусымдық жұмыстар атқарады. Одан тапқан 40-50 мың теңге не болады.  Күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы шарықтап барады.  Ал, жұмыссыздың алған 40-50 мыңы қай жыртығын жамайды. Сондықтан аймақтарда шикі өнім бар. Ол малдың терісі, жүні, егер ауылды жерлерде жеңіл өнеркәсіп орындарын ашып, заманауи технологиямен жабдықтаса, жастарды қолдаудың шыңы сол болар еді. Кезінде кеңестік жүйе тұсында  малдың мүйізіне дейін қажетке  жараттық. Ал, қазір қазақы қойдың жүнін ешкім алмайды. Іріп-шіріп далада жатыр. Қазақстанның байлығы көрші Қырғызстанды он орайды. Оларда  жеңіл өнеркәсіп орындары кеңестік дәуірден бері үздіксіз жұмыс жасап келеді. Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Бізде шұлық шығаратын өндіріс орны жоқ» дегенді ашына айтқаны бар. Рас қой. Аграрлық салада малдың өнімдерін өңдеуден кенже қалдық. Олардың қызығын көрші Қытай көріп, өнім өндіріп өзімізге кері сатуда. Егер, кішігірім жіп иіретін  шағын зауыт ашылса, ауыл әйелдері  үшін тігін цехы жұмыс жасаса,  болмаса киіз зауыты қайта қолға алынса, төрт түліктің өзінен әлем өнім өндіруге болады. Ауылдықтар ет, сүт, қаймақ, ірімшік өндіреміз, оны базарға шығарып болар болмас тиын-тебенге сатамыз. Осыны тікелей өндіріс орындарымен үйлестіріп, ортадағы сатып алушы делдалдарға тосқауыл қойылса, ауыл халқының ахуалы  ажарлана түсер еді. Жастарды еңбекке баулуды мектептен бастау керек. Мектептегі еңбек сабағын ұлғайтпай дала да, қала да, оңбайды. Ескіні аңсаған емес өткен дәуірде мектептегі еңбек сабағында оқыдық. Тіпті мектепті бітіргенде трактор, машина жүргізетін маман болып шыққандар бар. Нарықтың сұранысына орай, неге мектептерде тері илеу, оны өңдеу, жүн түту, киіз басу, қайыстан қамшы өру, кесте тоқу, сырмақ сыру, әрі оны саудалай білуді неге үйретпеске? Мен іскер әйелдер мүшесі ретінде әлеуметтік аз қамтылған және мүгедек жандардың жанұяларында жиі боламын. Оларға мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып та жатыр. Кәсіпкерлер де қолұшын созуда. Алайда, түйіні шешілмеген түйткіл бар. Мәселен, мүгедектер  бірінші, екінші, үшінші  топқа бөлінеді. Осыларды бір жыл  сайын ВТЕК-тен өткізу бір машақат. Олар ВТЕК-тен өткенге дейін өздері тіркеуде тұратын жергілікті жердегі емханаларда ем-домын алып тұрады. Кейде екінші топтағы мүгедекті үшінші топқа түсіріп, үшінші топтағы мүгедекті жұмысқа жарамды деп мүгедектігін жойып жатады. Ал, олар бұған қанағаттанбайды.  Бұл қаншалықты дәлелді.  Бір рет мүгедек деп  танылған соң  оларды  жыл сайын ВТЕК-тен  өткізудің не қажеті бар. Мәселен, өндіріс орнынан жарақат алып,  аяғы, не қолы шолақ болып қалды делік. Осындай мүгедектерді неге жыл сайын тексерістен өткізу керек. Оған қол немесе аяқ өсіп кетпейді ғой. Тағы бір мәселе, қомқоршылық жасап жүрген, яғни, бала бағушылардың жалақысы мардымсыз. Жалпы, әлеуметік аз қамтылғандар мен мүгедек жандарды баспанамен  жұмыспен қамту бүгінгі қоғамдағы күрделі мәселе.  Бұл, даланың ғана емес қала халқының да көкейкесті мәселесі – дейді біздің балдыз!

 

Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ