Көктемнің басы – көрісу

0
1893

Күн мен түн теңеліп, жер жаңарып, көктемнің келгенін, жаңа жылдың лебін айқын сездіретін Наурыз мейрамы еліміздегі басты мейрамның бірі. КСРО дәуірінде, яғни 1926 жылдан бастап мерекеленуі тоқтатылған наурыз мейрамы араға 62 жыл салып, 1988 жылы Қазақстанда қайта жалғасын тапты. Содан бері үздіксіз тойланып келетін халықтық мейрамға соңғы жылдары «Көрісу күні» немесе «Амал мерекесі» атты жаңа бір мейрам қосылды.

Жаңа деуіміздің сыры бұрын еліміздің батыс өңіріне ғана белгілі «Амал» соңғы жылдарда ғана жалпақ қазақ даласына қанатын кең жая бастады. Бірақ әлі күнге дейін «Амалды (Көрісу күнін)» бүкіл халық жете түсініп, толық қабылдап кетті деу қиын. Тойлағандар тойлайды, тойламағандар мән бермей жүр. Бұл наурыз туралы ұғым-түсінігіміздің әлі күнге толыққанды бір тоқтамға келмей жатқанының белгісі болса керек.
Жалпы, қазақ халқы көшпенді халық болғандықтан мезгілдеріне қaрaй қонысын: көктеу, жaйлaу, күзеу, қыстaу деп aтaғaн. Ертеректе қaзaқ aуылдaры нaурыз, көкек (сәуір), мaмыр aйлaрындa қыстaудaн көктеуге көшіп қонып, мaл төлдететін. Қыстaн aмaн шыққaн ел бір-бірімен aмaн есен көрісуін осы 14 нaурыз күнімен бaйлaныстырaды. Көшпелі ғұмыр кешкен aтa-бaбaмыз, aлты aй қыстaн aмaн-есен шығып, көктемге иек aртқaн шaқтa- aғaйынды іздеп бaрып, aмaндық сұрaсaды. Төс қaғыстырып, «Бір жaс қосуыңмен», «Жaс құтты болсын!» деген тілектер aйтaды.
Бұл мерекені тек Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтар арасында сақталған дәстүр. Ол жақтағы жұрт бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайды. «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарханын қазақтың құрт, бауырсақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сары май, уыз сынды дәстүрлі тағамдарымен жаяды. Таң атысымен қазанда бұрқырап пісіп жатқан бауырсақтың иісі Көрісу күнінің белгісі іспетті. Әр үйдің үлкендері оянып, дастарханын толтырып, көрісіп шығатын бала-шағаны күтіп отырады. Оларға ерекше ілтипат көрсетіп, төріне шығарады, ас ұсынады. Табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі, барған үйіне «Бір жасыңызбен!» деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі. Сондай-ақ, әр отбасы көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Үйді-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.
Негізінде, көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс.
Кейбір деректерде Шығыс елдерінің  кезіндегі күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан. «Наурыз» сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Ертеде қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл сөздердің айырмашылығы жоқ деуге болады. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп отыр.
Тағы бір деректерге көз жүгіртсек «Жaңa жылды Бaйбaқты Қaзыбек кaлендaры бойыншa қaрсы aлaтын aймaқ тұрғындaры 14 нaурызды «Көрісу (яғни қaуышу) күні» деп те aтaйды.
Қазақтың ғұлама ғалымы — Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында: « 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше:1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», — деп жазады.
Ал, бұл күн жайында ел не біледі?
Бекет Қыстаубайұлы, Көксу ауданының тұрғыны:
«Тәуелсіздігіміздің туы желбіреп, ақырындап салт-дәстүріміз қалыпқа келе жатыр. Оған да шүкір. Ата-дәстүріміз жалғасын тауып, көрісу салтын біз жанұямызбен бірге қарсы аламыз. Алдын-ала дайындалған дастарханымызды жайып, ағайын-туысқандарымызды күтеміз.
Негізі, көрісудің екі түрі бар, біреуі туысы қаза тапқанда «ой, бауырымдап» көрісіп жылайды. Екіншісі уақыт пен жыл жаңарғанда қуанысып көріседі. Бұның екеуі де бір өңірге емес, барлық қазаққа тән. Қайта жаңғырған дәстүрдің өсіп-өнуі бізге байланысты.»
Толеухан Битимбиев, зейнеткер: «Қар еріп, жер жіби бастағанда, шеті мен шегі жоқ сайын далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған. Сол себепті көрісу күні десе, кейбір жерлерде бұл күн «амал» күні айтады.
Көктем тіршіліктің ояну кезеңі. «Қыстың қамын жазда ойла дейді ғой. Амал жасайтын уақыт болғандықтан, солай атаудың да жөні бар. Қазақ әрдайым сал-дәстүрді орнымен жасайды».
Берікбол Ерғабылұлы, студент: «Шынымды айтсам «көрісу күні» дегенді естімеппін. Естімеу себебім, көрісу мерекесі наурыз мейрамымен қатар келгендіктен аңғармай қалатын шығармыз. Десекте, наурыз айында жасалатын әрбір дәстүр татулықтың белгісін көрсетеді.
14 наурыз – күннің жылынғанын, көктің шыққанын білдіретін мейрам. Көктемге жеткен халық осы 14-нен бастап, наурыздың 22-сіне дейін тойлауды жалғастырған. Көптен көріспеген жандармен бір ай бойы көрісіп, қауышуға болады. Мейрамның тәрбиелік мәні осында жатыр.

Ардагүл ӘСКЕРБЕК


ПІКІР ЖАЗУ