ЕКПЕ ЕГУ екпінді жүруде

0
1666

Коронавирустың қарқыны әлі де қатты. Былтырғы маусым және шілде айларында тәжтажылдың құрығына іліккендердің талайы о дүниелік болып кеткенін де жасыра алмайсың. Сол сценарий қайталанбас үшін бүгінде сақтық шаралары қатаң түрде жүргізілуде. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу барысында Президент тұрғындарға вакцина салуды уақытылы және жаппай ұйымдастыру, эпидемиологиялық жағдайды қатаң түрде бақылауды ұсынды. Халықтың келсімімен қыркүйек айына дейін елімізде 10 млн-ға жуық адамды егу жоспарланған.

Ел арасында қазіргі таңда айтылар әңгіме вакцина жайында. Бірі қолдаса, бірі қорқынышпен қарайды. Дегенмен, Алматы облысы бойынша, 32 мыңнан астам тұрғын екпе қабылдады. Вакцинация жүргізуге арналған 125 егу пункті жұмыс істеуде. Сонымен қатар, 25 жылжымалы егу пункті ұйымдастырылып, барлық пунктке тоңазытқыш қондырғысы орнатылды.
Инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынуда. Ол екі кезеңнен тұрады. Басында 0,5 миллилитрлік дозамен бірінші компонентті салады. Одан кейін 21 күн өткен соң, екіншісін егеді. Оның көлемі де 0,5 миллилитр.
Раушан КАДЫРМАНОВА, Ескелді ауданының тұрғыны: «Бойдағы үрей мен қорқынышты жиып, болашағым үшін екпе салдырттым. Ешқандай теріс өзгеріс байқаған жоқпын. Жағдайым қалыпты. Сондықтан, елімді екпе егуге шақырамын. Айтарым, түрлі қауесетке сеніп жүре бермей екпе егуге асықсақ, ауру саны азайып, тәжтажалдың құрсауынан шығар едік».
Асылым НҰРЖАНОВА, Талдықорған қаласының тұрғыны: «Екінші екпені алуға келіп отырмын. Бірінші рет екпе салдырған сәтте, қызуым көтерілді. Бірақ, қобалжып сабырсыздық танытқан сайын қызу одан сайын көтеріледі екен. Содан мән бермеуге тырыстым. Қазір бәрі қалыпқа келіп, медицина қызметкерлерінің хабарласуыммен екінші екпемді алуға келіп отырмын. Кішкентай кезде адам баласына бәрі қызық қой. Жүрегі ауырып тұрған көзі көрмейтін апама жүрек дәрісінің орнына асқазан дәрісін бергенмін. Біраз уақыттан кейін жазылған түрін көрдім. Негізі, адамның сеніміне байланысты ғой».
Вакцина індеттен қоғамды құтқарып, болашақты көрсететін жолдардың бірі болғандықтан ақылмен әрекет ету керек. Жалғыз дәрігердің күші бүкіл халыққа жетпейді. Сондықтан, виурс жұқтырмаудың басты жолы екпе екенін ескерсек. Алматы облысы қызыл аймақта тұрғанын қарапайым халық білсе де сақтық шараларын қолданар емес. Бірі бетперде тақса, бірі бетпердесіз қаланы шарлап жүр. Олардың бойынан үрейдің ұшы да көрінбейді. Біздің қызыл аймаққа кіруіміздің басты себебі – осы шығар. Бетпердесіз жүрген жандарға айыппұл салып, тәртіпті қалыпқа келтіру шараларын да қатаң қолға алу керек секілді.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Вакциналау 132 елде жүріп жатыр және бүгінгі күнге дейін 400 миллионнан астам адам екпені салдырған. Соңғы көрсеткіш бір тәулікте 9,64 млн дозаны құрады, деп хабарлады Bloomberg. Сонымен, пандемия басталғаннан бері АҚШ-та 113 миллион екпе жасалды. Қазір бұл елде коронавирус жұқтырғандардан гөрі вакциналанған азаматтар саны көп.

Вакцинаны көп салдырған елдер:
Қытай (64,9 млн-нан астам),   Ұлыбритания (27 млн),
ЕО елдері (52,5 млн-нан астам),   Бразилия (14,4 млн),
Үндістан (36,4 млн-нан астам),   Түркия (12,3 млн).

Ардагүл ӘСКЕРБЕК


ПІКІР ЖАЗУ