Нұрлы-Арасанға барыңыз!

0
2436

Кәсіпкер деген ұғым Тәуелсіздік алғалы санамызға сіңісіп«шіркін кәсіпорын ашсам, кәсібімді дөңгелетсем, дәулетті жаның бірі болсам» деген арман әр қазақтың ой-санасын толқытқаны хақ! Жекеменшік дәуірде, істің көзін тапқандар, қиыннан қиыстырып, кәсібінен нәсіп тауып, бақуатты өмір сүруде. Аса дәулетті, орта дәулетті, тақыр кедей деп үшке бөлінді.

Бүгінгі қоғамда ақиқатқа жүгінсек, байырғы қоныстанған қазақтардан тәуелсіздіктің алғашқы легінде және бертінде Монғолия, Қытай, Ираннан көшіп келген қандастарымыз сауда-саттыққа, жеке шаруаға икемді болып шықты. Әсіресе, мал шаруашылығына, оның өнімдерін өткізуде, әрі ұлттық бұйымдарды қолдан өндіріп сатуда, отырықшы қазақтардан оқбойы озық болғанын жасырып-жабудың өзі әбестік болар еді. Тіпті, солардың іскерлігі, қара жұмыста жанкештілігін көріп; «мыналар жерді игеріп, малды көбейтіп, сауданы жасап, алдымызды орап кетті ғой» деп қызыға да, қызғана да, айтып жүрміз! «Бәрекелді» деп қуанудың орнына, күндестігіміз, іштарлығымыз, қазақты-қазақ кемсітіп, содан ләззат алатын кертартпа кеселеміз тағы бар. Сонау 1955-1962 жылдары Қытайдан елге көшіп келген қазақтарды жергілікті билік, араларында сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдісіне қарамай, қаражұмысқа, көбін ата-кәсіп деп мал бағуға мәжбүрлепті. Оларда іскерлігімен көзге түсіп, бірте-бірте советтік дәуірдің қыр-сырын меңгеріп, білімін алып, топты жарады ғой. Кешегі қанды майданда жауынгерлерді арақпен суарып, харам суды ішуді үйреткен Совет үкіметін де, тұратын он бес елдің бұратана халқы, сәл қуанышын арақсыз атап өтпейтін кездер болды. Тіпті қонағыңа мал сойып, жайылып жастық, құрақ ұшып-құрмет көрсетіп бір жарты арақ құймасаң, өкпелеп «сараң екен, жүз грамм құюға жарамады» деп сөгіп кететін. Сондай кезеңнің бірінде арғы беттен келген бір ағайын дүкеннен іш киім алыпты. Соны көрген жергілікті бір тұрғын «жумайсың ба?» деп көмейі бүлкілдеген ғой. Сонда күйіп кеткен қандасымыз: «Советте турси алсаң жу дейді екен, Жумасаң қытайдан келген қу дейді екен» деп өлеңге қосыпты. Өнерден де, шаруадан да, білімнен де, өріс тауып, қара жерге кеме жүргізген қандастар қатарында Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы Ауданының, Іле Қазақ Автономиялы Облысына қарасты Құлжа қаласының Сулы Алматы қыстағында 1962 жылы дүниеге келген Райыс Арипжанұлы бар. Білімі жоғары, химия саласының хас маманы, миллиардтаған қытайдың ішінде жүріп, алған білімі бойынша аспан асты елінің ғалымдарын қайран қалдырған. Химия саласында оқыған, көкірегіне түйген білімін іс жүзінде жүзеге асырып, ғылыми салаға ден қояды. Еңбек жолын кіші қызметкер болудан бастап, мұнай ашу жөніндегі ғылыми жетістіктерге жетеді.1987 жылғы бүкілқытайлық мұнай ашу жөніндегі ІІІ симпозиумда І дәрежелі тапқырлық жүлдесін алады. Райыс ғалымның қатысуымен жүргізілген мұнай құдығынан үшінші мәрте мұнай алу жөніндегі табысы 1991 жылы Шыңжаң өлкесі ІІІ дәрежелі «Ғылыми техникалық прогресс сыйлығына» ие болады. Ғылыми мақаласы 1991 жылы Ләнджоу қаласында өткен Батыс-солтүстік өлкелер жас ғалымдарының симпозиумында таңдаулы ғылыми еңбек болып бағаланған. Ғылымдағы елеулі еңбектері үшін 1991 жылы Бүкілқытайлық ғылым қоғамының және ғылым-техника қоғамының тұрақты мүшелігіне қабылданады. Ілім-білімнің телегей теңізіне сүңгіп, ғылымның қыр-сырына қаныққан жас ғалым 1992 жылы осы қоғамның ең үздік «Жастар сыйлығын» олжалайды. Ғылымға деген құштарлық, туған ел, ата-қоныс, Қазақстанға деген сағыныш Райыс Арипжанұлын 1991 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының А.Бектуров атындағы Химия ғылымдары институтына аспирант болып қабылдануына жол ашады. Онда академик Е.Ерғожинның тікелей жетекшілігінде ғылыми зерттеу жұмысын жалғастырып, жетекшімен бірге 6 ғылыми мақала жариялап, 2 бірдей тапқырлық өнері үшін Қазақстан Республикасы патент мекемесінен авторлық куәлік алады. Бұл тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне еңбегімді сіңірсем деген ғалымның басты арманы болған. 1995 жыл «Бірнеше комплексондар негізіндегі селективті йон алмастырғыштар» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап, химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алып, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі-Ғылым Акемиясынының үздік Жас ғалым сыйлығын иеленген Райыс ғылыми ізденісі орта жолдан күрт тоқтағанына өзі де өкінеді. Себеп, нарықтық жүйеге көшкен Қазақстанда, тіпті күні бүгінге дейін ғылым саласына аса зор көңіл бөлініп жатқан жоқ. Оны өмір жолдарын ғылыммен байланыстырған жастардың шет мемлекеттерге кетіп жатқанынан көруге болады. Түбі бір ғылымға айналып келерміз деген үмітпен «Жанел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, «Нұрлы-Арасан» атты сумен ем жүргізетін сауықтыру орталығын ашады. «Жанел» деп айдарлап ат қоюыңызға не себеп болды?» деген сауалымызға, туған елдің, бір жұтым ауасына, туған жердің бір уыс топырағына зарығып қаншама жан жат-өлкеде жүрген «шілдің қиындай шашыраған» ата-апаларымыз, бақилық болып кетті. Солардың арман тілегін Алла бізге көруге нәсіп еткен екен. Сондықтан «Жаным-Елім» деген мағына беретін осы атауды лайық көрдім деп ағынан жарылды ол.
– Иә, Отанның қадірін шетте жүрген шерменделер және ата-жұртына оралғандар жақсы түсінеді. Оның айқын көрінісі, сартап болған сағынышын, қобыз кеудесіндегі күйікті басу үшін, кәсібінің атауына «Жаным-Елім» есімін беріп, бой-тұмардай қастерлеуінен көруге болады. Сабырлы сарқылмайтын, қара бойлы, қарапайым қазақ баласының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұрлы ауылының Сарбұлақ мекеніндегі қараусыз қалған, кешегі кеңестік кезеңде арнайы зерттеулерден өтіп, шипагерлік емі өте зор арасан суын халық кәдесіне жаратуда. Жер астынан қайнап шығып жатқан 40- 45 градустық ыстық судың құрамында фтор мөлшерінің жоғарлығы (-11,5мг/л) жүрек қан тамыр, тұз байлану, құяң, жүйке-жүйелері тері буы ауруын емдейді. «Бұл арасан қайдан көзіңізге түсіп жүр?» деп сұрадық. Бірде, Құранды қазақшаға аударған Халифа Алтай ақсақал «Шелекке апарып келсең» деген өтініш айтты. Сол кісіні осы маңға алып келіп «Нұрлы» ауылына тоқтадық. Бала-шағаға орнығуға қолайлы жер деп үй алды. Айналамен танысып жүріп осы ыстық су шығып жатқан жерді көрдім. Иесіз жатқан жерден шығып жатқан ыстық судың тегін емес екенін білдім. Өзім химик болған соң тәпіштеп сұрай келе, кезінде геологтардың зерттеуінен өткен, емдік қасиеті бар су екенін біліп, дереу сол кездегі аудан әкімі болған Құдайберген Орынбетовке барып, «осы жерді маған беріңіз, мен кәдеге жаратайын, кәсіп ашайын» дедім. Ол кісі дереу қолдап, жер бөлімінің маманын шақыртып, жердің картасын көрсек, бір ұйғыр азаматы сатып алыпты. Оған іздеу салсақ, Панфилов ауданында тұрады екен. Не керек, екі жыл соңында жүріп, сұраған қаражатын беріп сатып алдым. Мен алғанда бұл жер иен дала еді. Қазір келіп емделушілерге арналған үш бірдей қонақ үй, және екі қазақ үй тігілген. Мұнда су құбыры арқылы ашық алаңда екі бассейн бар. Біріншісі 45 градуста егде және орта жастағылар, ал екінші бассейін +40 градус сәл салқындау онда көбіне бала-шағалар түседі. Бұдан бөлек, жеке-жеке камералық ванналар бар. Суға түсушілер үшін белгілі уақыт шектелмеген. Барлық жағдай жасалған, келушілерге арналған асхана, қажетті заттары мен азық-түлік, өнімдерін алатын дүкен күндіз-түні қызмет жасайды. «Әу баста, келушілер аздау болатын. Тек, Алматы және осы төңіректегі адамдар келетін. Қазір емдік шипасын естігендердің бәрі ат сабылтып келуде. Тіпті Ресейден Қазақстанның барлық аймағыннан келушілер бар. Қона жатып емделушілердің жамбас ақысы және суға түсуімен есептегенде 4000, ал күнбе-күн, тек суға түсіп қайтушылардың сағаты 500 теңге» – дейді шипажай иесі.
«Мың рет естігеннен бір рет көрген артық қой, Айтеке, жүрсеңші кабинетке тығылып отыра бермей» деп қолқалап апарған Құрметбек Сансызбайұлына мың бір алғысымды жаудырып, шипалы арасаннан құрысып жүрген жон-арқамды жазып қайттым. Расында иегіміздің астында тұрған шипасы бар суға түспей, дәрігерлер жазып берген химикат дәрілерді нан жегендей күйсеп, іш-құрылысымызды бүлдіріп жүрміз ғой. Аузын ашса, көмекейі көрінетін Райыс бауырымда, жұбайы Жанай, Қаһар мен Бақыт, Тілепалды тағы басқалары «ауылымызға ақын келді» деп төбелеріне көтерді. Құрметбектің арқасында құрмет көріп, «хәйләйім» деп сайрап, еріп барған немерем екеуімізде жайнап қайттық. Себебі «Нұрлы-Арасан» деген айтулы шипажайдың есімі болса, меніңде немеремнің есімі Нұрлы еді. Ыстық судың буына масаттанған немерем «ата менің атыммен аталатын суға тағы барайықшы» деп жүр.
Жарнамасы жаңғырса, «Сарыағаш», «Керімағаш», «Жаркент-Арасан-мен» иық тірестіретін үлкен шипажайға айналары сөзсіз. Өйткені, дертіне шипаны осы судан тауып, сонау Ресейден келетіндер қарасы да көбейген.Әттең, арасанға апаратын 9 шақырымдық жолға мемлекет қолұшын созып жіберсе, шипалы суға түсушілер жылдың төрт мезгілінде толастамас еді. Жолдың жобалық сметасы түгел жасалып, орта жолда тоқтап қалыпты. Ғалым, шағын кәсіптің иесі Райыс бауырымыздың «Жанел» ЖШС-інде 100 гектар мал жайылымдық жері, 30 шақты ірі қара жөне 110 тұяқ ұсақ мал бағылуда. 30 гектар суармалы жерінің 5 гектарына 2009 жылы алма бақ, 1 гектарына қытай кұрмасын егіп жемісін теруде. Биыл алма бақтан 10 тонна алтын алма (золотое превосходное) алған… Қытай құрмасы, Алла бұйыртса биылдан бастап жеміс береді. 2000 жылдан бері Нұрлы ауылында «Жанел» атты азық-түлік дүкені мен дәріхана уақытша тоқтап тұрғанын айтты.
Иә, «қолы қимылдағанның аузы жыбырлайды» демекші, кәсібінен нәсіп тауып, жұмыс көзін ашып отырған Райыс Арипжанұлының елеулі еңбегінде ескерусіз қалмапты. Жеке кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін 2002, 2009, 2011 және 2014 жылдары Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің марапатына, белсенді қоғамдық қызметтері үшін 2012 жылы Алматы қаласы әкімдігі тарапынан марапатталған. Ғылым-ілімді жанына серік еткен азамат 2011 жылы қажылық парызын орындаған. Алланың ақ жолынан адаспай, маңдайын бес уақыт сәждеген қойған бауырымыз Алматы облыстық қажылар қауымдастығының бірінші орынбасары қызметін қоса атқарып келеді. Ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырған кәсіпкер бауыр еті балаларынан немереде сүйіп отыр.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ