Fажайып жан

0
720

Бұл адамды танығалы біраз жылдың жүзі болды. Содан бері оның есімін де ел аузынан жиі еститін болдым. Көп ішінде елеулі орны бар аяулы жан деуге болады. Оның көмегін көрмегендер аз-ау! Инсульт, қан қысымы, неврологиялық кеселдер, жүрек, жан дертіне шалдыққандардың қарасы оның емінен кейін сырқатынан айығып, жазылып жатады. Есімін елі сүйініп айтатын дәрігер бұл мамандықты жан қалауымен таңдап, бүгінге дейін ақ халатын кірлетпей, ел денсаулығы жолында аянбай тер төгіп келеді.

Сарқаннан ұшқан салиқалы жан туралы сөз қозғай қалсаңыз оны аңыз адамға теңейтіндердің қарасы көп екенін аңғарасың. Ал осындай болуына жанкешті еңбегі, өмірден жиған мол тәжірибесі, мамандығына деген ерекше сүйіспеншілігі – себеп. Адам жанын сөзбен де емдей алатын білікті маманның жүріп өткен жолы – көпке үлгі. Медицина мерекесі қарсаңында ақ параққа ақ халатты абзал дәрігер туралы дәріптеп жазудың реті келгендей.
Басқа-басқа, медицинада осындай мықты маманның болуы қуантады. Ол жай дәрігер ғана емес, ғалым да. Невропатолог дәрігер 2004 жылы Ресейде мамандығы бойынша кандидаттық қорғап, медицина ғылымының кандидаты атағын алды. Оның өзі айтқанындай-ақ, арман адамды қанатты құсқа айналдырып, жігерін жаншып, алға жетелеп, мақсатқа талпындырады. Сарқанның тумасы бала арманын жүзеге асыру жолында Семей қаласындағы медициналық институтқа түседі. Аталмыш оқу орнын қызыл дипломға тәмамдап, ординатурада оқиды. Мұны да ойдағыдай бітіргенде оқытушылары мен басшылық тарапы оған институтта қалуға ұсыныс жасайды. Бірақ, бала кезінен адам жанының арашашысы боламын деген ол ғылым жолынан бас тартып, еңбекті практикадан бастауды жөн көреді. Осылайша, Алматы облысына жолдама алып, туған жерге бет түзейді.
Содан бері аттай зулап қаншама жыл өтті. Бала кезіндегі ақ халат кигенді ғажайып адамға балаған оның өзі де бүгін сондай ғажайып жанға айналды.
Бар өмірін медицина саласына арнаған жан бұл саладағы түйгендерінен өзінше тұжырым жасауды әдетке айналдырған. Сол тұжырымның бірі ретінде қазақ ұлтына тән кемшілікті тілге тиек етеді. Оның сөзінше, қазақ денсаулығын сақтауға ешқашан көп мән бере бермейді. Сырқатына төзіп, жүре береді. Әбден асқынғанда ғана дәрігерге жүгінеді. Асқынған дерттің бетін қайтару өте қиын деген білікті дәрігер елімізде орын алған бүгінгі пандемия кезінде де халықтың денсаулыққа аса мән бермей, той-тойлап жүргені жөн іс еместігін айтады. Сондай-ақ, коронавирусты жеңудің жалғыз жолы – жаппай вакцина салу екенін де еске салды.
Тәуелсіз мемлекеттің басты байлығы ұлттың саулығы болса, дәрігерлер сол ұлы мақсат үшін күресіп келеді. Неврапотологтың пайымы: адам дені сау болғанда ғана бақытты.
Көп балалы отбасынан шыққан ғажайып жан үйдің тұңғышы. Бала кезінен Жібек әжесі бауырына басып, аялап өсірді. Немересінің бойына адалдық деген құрметті сезімді дарытты. Ал, әкесі Жексенбек пен анасы Жанаттың тәрбиесі терең білімге ұмтылуға, кітапқа деген құштарлығын оятты. Осындай абзал жандардың арқасында өзінің феноменін қалыптастырды.
Дәрігерлік жолында талай қиын сүрлеуден өткен жан облыстың қай елді мекенінен шақыру келсе де жол азабына шыдап, қол ұшын беруге әзірлігін білдіріп, құстай ұша жөнеледі. Күн-түн демей өз мамандығының қиындығына төзе білудің арқасында білімін де жетілдіріп, шеберлігін шыңдауды да бір сәт естен шығарған емес. Облыстық инсульт орталығының меңгерушісі болып еңбек етіп келетін ғажайып жан дәрігердің борышы халықты сырқаттан айықтырып, ұлт саулығын сақтау екенін тағы еске салды.
Шипагерлік ісін уақытпен санаспай, ой мен қырға шапқылап, жанкештілікпен атқарып, мамандығына адалдық танытқан, елдің сүйіспеншілігіне бөленген ғажайып жанға алдағы өміріңіз де ғажайыпқа толы болсын дейміз. Мерекеңіз құтты болсын!

Сарби ӘЙТЕНОВА


ПІКІР ЖАЗУ