Дәрігерлер әулеті – Лигузовтар

0
1448

Династия – бұл мамандықтың түрі емес, династия – бұл әулеттің имиджі, оның атағы мен даңқы. Династия – бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан белгілі бір мамандық иелерінің кәсіби шеберлігі десек те болғандай. Мақаламызға арқау еткен әкелі-балалы Лигузовтар дәрігерлік мамандықтың қыры мен сырын терең меңгерген отбасы.

Олар Талдықорған қаласының облыстық ауруханасында дәрігер-патологоанатом болып қызмет етеді. Екеуінің еңбек өтілін бірге есептесек сексен жылға жуық уақыт екен. Яғни, олар медицинаға осынашама жылын арнапты. Дәрігерлер әулетін тек отбасылық байланыстар ғана емес, сонымен қатар адамдарға көмектесуге деген үлкен ұмтылыс байланыстырады.
Петр Лигузовтың сөзінше әкесі – Александр кезінде фельдшер болып еңбек еткен. Енді міне, әке жолын жалғастырып өзі де медицинадағы гистопатология мен патоморфологияға жарты ғасырдан астам уақытын арнап келеді. Оның жалпы еңбек өтілі алпыс жылды құрайды. Жоғары кәсіби дәрігер өзінің әріптестері арасында үлкен беделге ие. Қызметтік жылдарында ол жаңадан бастаған патологоанатомнан жоғары санатты дәрігерге дейін өсті.
«Клиникалық диагностикалық зертханада жұмыс істеу терең білімді қажет етеді. Көп жылдық тәжірибеме қарамастан әлі күнге дейін үйренуді, оқуды жалғастырып, еңбек ұжымының өміріне белсене араласамын. Қазіргі кезде әріптестеріммен бірге коронавирустық инфекцияның әлемдік пандемиясымен күресудеміз. Еңбек еткен жылдар ішінде Мәскеу, Киев, Харьков, Астана, Алматы қалаларында біліктілікті арттыруға арналған әртүрлі курстардан өттім» – деген Петр Александрұлы облыстық аурухананың клиникалық диагностикалық зертханасында жұмыс істей отырып, патологиялық диагностика, гистологиялық зерттеулер, сонымен қатар операциялық биопсия материалдарын зерттеу саласындағы жетекші мамандардың бірі болып табылатынын да тілге тиек етті.
Ұлы Дмитрий Лигузов та атасы мен әкесінің ізін жалғастырып медицинаға бет бұрды. Ол 2017 жылдан бастап Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханасында патологоанатом-дәрі-гері болып жұмыс істейді.
«Мектеп бітіргеннен кейін қандай мамандықты таңдарымды білмедім. Содан әкем жетектеп Семей қаласындағы медициналық институтқа алып келді. Емтихан тапсырып, еш қиындықсыз оқу орнына түстім. Жиырма екі жылымды әскери медицинада қызмет етуге арнадым» деп ағынан жарылған Дмитрий Петрұлы әскери дәрігерлік еңбек жолын ҚР ҚК ӘҚК авиация мамандарын даярлау жөніндегі оқу орталығының медициналық орталығының бастығы ретінде бастағанын айтты. Сондай-ақ, 2001 жылдан ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық сот сараптамасы зертханасының криминалистика бөлімін, ҚР ҚК бас патологоанатомы болды, медициналық зерттеулер бөлімінің бастығы, 2017 жылы әскери мансабының соңына дейін ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығының білікті дәрігері ретінде жұмыс атқарған. Медицина полковнигі шенін алған соң лайықты демалысқа шықты.
Бүгінде диагностикалық бөлімде әкесі Петр Александрұлымен бір-ге жұмыс істейді. Ашық мінезді, коммуникативті, тәжірибесі мол дәрі-гер әріптестері арасында беделге ие.
«Патологоанатом мамандығы – жауапкершілік және жоғары біліктілік талаптарын қажет етеді. Кейде дәрігердің зейінділігі мен білімі қауіпті ауруды уақытында анықтауға мүмкіндік береді, мысалы, онкология немесе қауіпті инфекция», – дейді жоғары санатты дәрігер Петр Александрұлы Лигузов.
Әкелі-балалы Лигузовтар тек әріптестер ғана емес, керемет дос-тар да. Дмитрий Петрұлы үшін – әкесінің алар орны ерекше. Ол оны үлкен еңбекқорлығы, білімі, жоғары кәсібилігі үшін бағалайды.
Отбасында олар әзілдегенді жақсы көреді. Сүйікті істері – бірге көкөніс бағын отырғызу, бақшаға күтім жасау, жидектер өсіру.
Медицина қызметкерлерінің әулетін немересі Сергей жалғас-тыруда. Ол Новосибирск мемлек-еттік университетінің стоматология факультетінің студенті. Петр Александрұлы немересімен ерекше мақтанады және одан керемет дәрігер шығатынына сенеді. Біздіңше де, Лигузовтар отбасында басқалай болуы мүмкін емес. Төл мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті дәрігерлер әулеті!

Сарби ӘЙТЕНОВА


ПІКІР ЖАЗУ