Мектептегі былық пен шылық немесе иі қамбаған идеология

0
1087

Білім ошақтарын былық-шылық жайлап алғаны туралы ақпарат жиілеп кетті. Небір жаға ұстататын жағдайлар тіркеліп жатыр. Бұған бір ғана мұғалімді кінәлау, «жығылғанға жұдырық сілтегенмен» бірдей. Мәселенің түп төркінін мемлекеттік деңгейдегі идеологиялық жүйенің іріп-шірігеннен көрсек, тамырды басып, кеселді тура тапқан тәуіптің өзіндей болармыз.

Анығы, «көзге шыққан сүйелдей» бадырайып тұрған қоғамдағы індет, ашкөздік, жемқорлық, сұғанақтықтың етек жайғаны, лауазымды тұлғалардың этикадан, эстетикадан ауытқып, қол астындағыларды қойдай үйездетіп, жылқыдай жусатуы қоғамдағы идеологияның кескін-келбетін көрсетіп тұрған жоқ па? Соның бір көрінісі білім ордаларындағы лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері, әдепсіздіктері, қомағайлықтары қоғамда қызу талқыға түсуде.
Интернетті ашсақ, ондағы ауыздарына «ақ кіріп, көк ит шығып» былапыт сөздерді құсып, үстінде лыпасы жоқ, жұрттың алдында именбей кетіп бара жатқан жабайыларды көреміз. Адам баласы мұншалықты анайы болады екен-ау деп жағамызды ұстап, басымызды шайқайтын болдық. Ең, өкініштісі, өзекті өртейтіні, іріген ауыздарынан, шіріген сөз шығарғандардың, жалаңаш тәнін көрсеткендердің тәрбиесіздігін жас өркендер бойына жұқтыруда. Осының бәріне қотыр болған қоғамның кері кеткен идеологиясы кінәлі. Технологияның дамыған заманында, жақсылық та, жамандық та лезде тарап, көптің көкейінде қалады. «Өлең деген өсекші жұртқа жаяр» деп Абай дана айтқандай, аузыңнан шыққанды, қолыңмен жасағанды әп-сәтте әлемге таратын интернеттің икемділігіне ешкім өкпе арта алмайды. Осының арқасында әдепсіз әкімдерді, погонды полицияларды, ауызымен орақ орған талай шенділердің лас іс-әрекетін көріп, осындай есерлер де ел басқарып жүр-ау,-деп налитын болдық. Мемлекеттік қызметтің қадірін қашырғандарға қарап, «іс тетігін кадр шешеді» деген кешегі кеңестік идеологияның тәлімін-тәрбиесін аңсайды екенсің. Тәуелсіз мемлекетіміздегі іріген идеологияның солқылдаған соқтасы білім ошақтарында қан-жыны араласып, шашырап жатыр. Басқа-басқа, әйел қауымның аузынан шыққан былапыт сөзді білдей бір мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасы дауылдай боратып тұр. Тіпті, айналамда адамдар бар-ау деп именбейді. Анайы сөздермен айбарланып кеткендей. Ол Түркістан облысы, Ордабасы ауданының Бадам ауылындағы, мектеп директоры орынбасары Ұлжан Елмұратова болып шықты. Қызметке орналасуы да тамыр-таныс арқылы жүзеге асқан оны мектеп директоры жұмысқа амалсыз алдым. Әкімдіктің тапсырмасынан аса алмадым-дейді. Міне, біздің қоғамдағы, идеологиялық тәлім мен тәрбиенің көрінісін, әрі кадр мәселесін кімдер шешетінін пайымдай беріңіз. Жарайды, қолдап қолпаштағандар арқасында қызметке қолы жеткен екен. Әрі қарай, « Екі елі аузына төртелі қақпақ қойып», өзін осы қызметке жетелегендерді де ұятқа қалдырмай жүрмеді ме. «Шешесінің, әкесінің күн тимес жерін аузын толтырып айғайға басқан ұстаз, ер адамға қол да көтерді. Бұл әйел адамға тән қылық па? Жаман аты жалпақ жұртқа жария болған ұстаз, бүкіл Түркістан обылысының ұстаздар қауымына кір келтірді. Өзі де жұмыстан қуылып, ең сорақысы зейнетке шығуға бір жыл қалған мектеп директорына да зиянын тигізді. Енді, ауылдағы бүкіл ұстаздар қауымы ереуілдеп, «директорды жұмысқа қайтарыңдар» деп ұлардай шулауда. «Бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» деген осы. Шықпаған сұмдықтың бәрін, мектептерден көретін болдық. Жұдырығына сенген директор қол астындағы мұғалімге қол жұмсайды. 2017 жылы Сарыағашта білім ұясының басшысы, қолайына жақпаған мұғалімді шақырып алып, кабинетін кілттеп соққыға жыққаны туралы ақарат желіні жарды. Махамбет Өтемісов атындағы мектепте болған бұл оқиғада мектеп директоры әйел мұғалімді талдырып тастаған. Ақыр соңы білім ошағына полиция келген. «Бақсам бақа екен» демекші, директор мен мұғалімдер арасындағы бұл алғашқы дау емес екен.. Білім ұясындағы ұстаздар мұның алдында басшысын жемқор деп айыптаған. Өйткені білім ұясында ұстаздардан еш себепсіз үнемі ақша жиналып, олар директордың сорақы әрекетін әшкерлеу үшін талай есікті тоздырғандарын айтқан. Міне, іркіттей іріген идеологияның нәтижесі. Балаларға тәлім-тәрбие беретін ұстаздардың ұсқынсыз әрекеті күн сайын емес сағат сайын әшкерленуде. Сонда біз, балаларды кімдерге сеніп тапсырып жүрміз. Үлкеннен именудің, әдепті болудың, тәлім мен тәрбиенің жауынгері саналған ұстаздардың аузы боқтыққа толы болса, жұдырығына сенсе, әрі жемқорлықтан жемсауынан босамаса, мұндай ұстаздардың алдын көрген шәкірттер қандай маман болып қалыптасады. Ырыққа көнбей, індетке айналған жемқорлық білім ошағында өрттей қаулап тұр. Мектеп ұстаздарына, ақ жол көрсетеді деген білім басшыларының өзі, жемқорлықпен шатылып жатқан соң, не сорым. Ақиқатын айтсақ, табалағандай боламыз. Мұндай, ерсі қылықтан Алматы облысының білім жүйесі де құр қалып тұрған жоқ. Мектеп директорларының араны ашылғаны сондай, қыл аяғы еден жушылардың болар-болмас, жалақыларына көз алартады, жұмысқа алар кезде пәре дәметуі, одан қалса өзінің туған-туыстарының үйлерін тазалатуы, кірін жудыруы қандай ақылға сияды.
Алматы облысындағы Кербұлақ ауданында мектепте еден жуатын әйел, мектеп басшысының үстінен шағымданып видеоүндеу жариялады. Ел құлағын елең еткізген жағымсыз бейнебаянда еден жуушы Ұлбосын Қыстаубаева ай сайын жалақысының бір бөлігін мектеп директорына беріп келгенін айтады. Тіпті бұл үрдіс соңғы бес жылдан бері жалғасқан. «Мен 2016 жылдан бастап 2021 жылға дейін Күреңбел мектебінде еден жуушы болып жұмыс істедім. Осы уақытта Күреңбел қазақ орта мектебінің директоры Кәмшат Болатханқызына 2016 жылдың қараша айынан бастап 2020 жылдың желтоқсан айына дейін 12 мыңнан 20 мың теңге аралығында ақша беріп отырдым. Соны не үшін бердім? Бұл ақшаны менен не үшін ұстап келді, соны бухгалтериядан анықтауын талап етемін. 12-20 мың теңгесін бересің дегенін неге орындағанымды әліге дейін түсінбеймін. Сол себепті бухгалтериядан менің қанша ставкада жұмыс істегенімді, қанша жалақы алуым керектігін тексеруін сұраймын. Мен қазір жұмыс істемеймін. Себебі, енді ақша бермеймін дегенім үшін жұмыстан шығарды. Еңбегімді жеді, бұл ақша сонда маған тиесілі емес пе? – дейді. Осы істің ақ-қарасын нақты білу үшін Кербұлақ аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлжанат Сағатованың денсаулығына байланысты емделіп жатқанына орай білім бөлімінің бас маманы Әлихан Ерғалиұлымен тілдесіп, жазбаша жауап алдық.
1. Қыстаубаева Ұлбосын Кербұлақ ауданы Күреңбел орта мектебіне еден жуушы болып мектеп директорының 2016 жылғы 1 қараша күнгі № 27 бұйрығымен қабылданған.
Ұ.Қыстаубаева 2020 жылдың 1 қыркүйегінде өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш беріп, мектеп директорының 2020 жылғы 1 қыркүйек күнгі №12 бұйрығымен жұмыстан босатылған.
2020 жылдың 9 қазанында аталған мектепке еден жуушы ретінде жұмысқа қайта қабылдау туралы өтініш беріп, декреттік демалысқа кеткен кіші қызметкердің орнына уақытша жұмысқа қабылданған (09.10.2020ж №34 бұйрық). Негізгі кіші қызметкердің өз орнына жұмысқа шығуына байланысты мектеп директорының 2021 жылғы 2 наурыздағы №42 бұйрығымен Ұ.Қыстаубаева жұмыстан босатылған, Ұ.Қыстаубаеваға жұмыс жасаған аралығына сәйкес 27660 теңге көлемінде толық есептік төлем берілген ( аудандық есеп бөлімінен анықтама алынды).
2. Кербұлақ аудандық орталықтан-дырылған есеп бөлімінің берген анықтамасы бойынша жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдері мен кіші қызметкерлердің айлық еңбек ақысы уақытылы жеке есеп шотына аударылады.
Ұ.Қыстаубаеваның «қанша ақша алуым керектігін тексеруін сұраймын» дегеніне байланысты кіші қызметкер Ұ.Қыстаубаеваға 2020 жылы қараша айындағы есеп бойынша 57462 теңге тағайындалған. Зейнет ақы қорына 5746 теңге, медициналық сақтандыруға -492 теңге, «Нұр Отан» партиясының жарнасы-298 теңге, кәсіподақ жарнасы-575 теңге, ал қолына алатыны -50351 теңге болған.
2021 жылғы қаңтардағы тарификациялық тізім бойынша 57 462 теңге тағайындалған. Аталған сомадан зейнет ақы қорына 5746 теңге, табыс салығы -81 теңге, медициналық сақтандыруға -1149 теңге, «Нұр Отан» партиясының жарнасы-298 теңге, кәсіподақ жарнасы-575 теңге, ал қолына алатыны -49613 теңге (аудандық орталықтандырылған есеп бөлімінен анықтама алынды).
4. Күреңбел қазақ орта мектебінде 2021 жылдың 10-11 маусым аралығында Алматы облысы әкімі аппараты ішкі мемлекеттік аудит қызметі тексеріс жүргізген. Тексеріс нәтижесінде Күреңбел қазақ орта мектебінің алаңы 9859, 4 шаршы метр құрғандықтан ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысына сәйкес әрбір еден жуушыға 500 шаршы метрден тиесілі екені, мектеп алаңына сәйкес бекітілген штаттық бірлік толық қамтылғаны, артық немесе кем кіші техникалық (еден жуушы) қызметкерлер анықталмағаны нақты көрсетілген.
Мектеп директоры К.Қыстаубаева осы уақытқа дейін ешкімнен ақша алмағаны туралы түсінік беріп, «Азаттық рухы» kz тілшісінің мақаласында дәлелденбеген фактілердің жазылғаны ар- намысын қорлап, іскерлік беделіне нұқсан келтіргені туралы түсінік бергенін мәлімдейді. Енді кімге сенеміз, ай-сайын 12000-20000 директорға бердім деген еден жуушыға ма, жоқ әлде, Алматы облысы әкімі аппараты ішкі мемлекеттік аудит қызметі тексерісіне ме? Әрине тексеру комисиясына сенеміз. Еден жуушы карточка арқылы уақытылы жалақысын алып тұрып, неге өз қолымен ақша жинаушыға апарып береді. Бұл парақорлықтың нақ өзі. Сыбайлас жемқорлықпен күресетін құзырлы органға неге шағымданбаған деген сауал санаға салмақ салады. Журналистік сараптама жасап, жан-жақты сұрау салу барысында еден жуушы мен мектеп директоры бір рудың, анығын айтқанда, жақын туыстар болып келетін білдік. Оны мектеп директоры Кәмшатта жоққа шығармайды. «Өте жақын туыстығымыз жоқ, былай бір рудың баласымыз» дейді. Содан болар екі мәрте жұмысқа қабылдапты. Наурыз айында өз өтінішімен жұмыстан кеткен руласы араға үш-ай салып, видеоүндеу жасауы көңілге қонымсыз. Ең сорақысы, бұл арада екінші бір мектеп директорының да дау-дамайға қатысы бары айтылуда. Бұл жағдайдан, облыс әкімі де хабардар екенін, Кербұлақ ауданы білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлжанат Сағатова мектеп директорларының әрекетінен шаршағанын айтады. Жіптің ұшығын тарсаң, деректер жинап, бір-бірін қаралап жатқан мектеп ішіндегі былықты көресің. Масқаралығы сол, әлем желісінде атақтары шығып «Хит» болып жатқандар ортаға еден жуушыны салып қойып, тәлімі теріс идеологиялық бағыт ұстанып отыр. Директор деген мектептегі ұстаздардың, шаруашылық саласындағы қызметшілердің басын үйлестіруші, және сол мектептегі оқып жатқан балалардың әрі ата-аналардың бет айнасы! Айна кірлесе кім сүртеді? Мектептегі «мылтықсыз майдан», екі тарапқа бөлінген директорлардың айқасы сотқа да барып тіреліпті. Камшат Болатханқызының айтуынша, Малайсары директорымен бұрында соттасып, бірінші, екінші сатыдағы сотта шешім менің пайдама шешілді. Бұл кісіге не жазып қойғанымды білмеймін, аудан әкімінің алдына дейін бардық. Татуласуға бірінші болып қолымды да создым. Көнбеді. Енді араға уақыт салып, арыма қайтадан дақ салуда. Мен қайтадан сотқа жүгініп отырмын. Тексеру қортындысы шықты. Еден жуушының шағымы дәленденбеді. Мен, мұғалімдерден де, еден жуушылардан да, ақша жинаған емеспін. Еден жуушы Ұлжан Қыстаубаева шаруашылық саласындағы әріптестерімен тіл табыса алмады. «Мен директордың жақынымын маған ештеңе істей алмайсыңдар»-деп, міндетті шаруа-сына немқұрайлы қараған. Үш еден жуушы бір-біріне сілтеп мектептегі судың кранын жаппай кетіп, мектекті су басты. Үшеуінде жұмыстан шығардым. Біраз уақыт өткен соң кешірім сұрап келген соң, жаным ашып үшеуінде қайтадан жұмысқа алдым» дейді. Енді кімнің ақ-қарасын сот анықтайтын болады.
«Бір қызым, бір қызымнан өткен сорақы болды» дегендей, Кербұлақтағы мектептердің дауынан кейін Қаратал ауданындағы Ілияс Есенберлин атындағы орта мектеп директорының ерсі қылығы туралы айтқан бір топ ұстаз бен еден жушылар аспандағы айды жерге түсірді. Мектеп директоры қол астындағы педагогтар қауымымен техникалық қызметкерлерді құлдай жұмсапты. Бай-бағландар үйлеріне қызметшілер ұстайды ғой. Ал, мектеп директоры мұғалім мен шаруашылық қызметшілерін өзінің ұлының үйін күтіп ұстап, одан қалды құрбысының үйіндегі кілемді мектеп ауласына әкеп жуғызғанын видеомен дәлелдейді.
«Маған өзінің үйін әктетті. Сосын ұлының үйін, сіңлісінің үйін де ақтатты. Құдаларының үйіне барғам жоқ. Кейде жалғыз барам, кейде ұжым болып қыздармен бірге барып үйінің жұмысын істейміз. Мен еден жуам. Негізгі жұмысымнан бөлек медбикенің де кабинетін жуам. Ол үшін маған қосымша 0,5 ставка қосқан. Алайда, негізгі жұмысым үшін төленетін 50 мың теңге айлықты өзіме қалдырам да, 22 мың теңгені директорға апарып берем. Еденді тазалайтын директор емес, мен ғой, ақшаны мен алуым керек. Ол өзі 3-4 ай алып келді. Нұр-Сұлтан қаласындағы оқу орындарында да еден жудым көп жыл. Бірақ бұндай бассыздықты көрмеппін. Жұмысқа тұрар кезде де менен ақша алды. Жасым 57-де, жетіскеннен еден жуып жүргем жоқ. Амалымыз таусылған соң арыз жаздық. Мектептің тазалығына 7 әйел жауаптымыз. Қыста қарын күреу, қоршаудың сыртындағы арам шөптерді жұлу да біздің мойнымызда болды. Кейін білдік, бұл жұмыстар құжат жүзінде бізге міндеттелмеген екен», – дейді Айнагүл Жәнібекова «Азаттық рухына» берген сұхбатында. Директордың жеке үй шаруасын жайғастырумен амалсыз айналысқан әйелдер бұл іске бастықтан сескенгендіктен барғанын айтады. «2019 жылдың қаңтар айында жұмысқа тұрғанмын. Жас маманмын. Содан бері талай қиындықты көрдім. Мен бастауыш сыныптың мұғалімімін. Аяғым ауыр кезде мектеп директоры өзінің үйін әктетті. Екінші баламның декретінен шыққан соң жұмысқа алмай әбден қинады, жылатты. Мына мектеп ауласындағы көк кілем бастықтың құрбысына тиесілі. Кіші қызметкерлер мен аула тазалаушы ағай да әлгі кілемді тазалады. Өзге де құрбыларының үйіндегі кілемдерді мектептің ауласына әкеліп, жуғызып, тазалатқызады. Мені ғана емес, өзге де жас мамандарды қинайды, сыйлық алғызу, алтын әперу сынды талай нәрсені істетті. Аяғым ауыр кезде де ұлының үйін әктедім. Өзіме тиесілі кезекші сыныпты бермеген соң мектеп директорының үстінен облысқа арыздандым.  Комиссия келген соң ғана айлығымды толық ала бастадым. Бірақ мектептегі өзге де қызметкерлердің шыдамдары таусылды», – деді І.Есенберлин атындағы орта мектебінің мұғалімі Гүлнара Сейсембаева. «Мектепте кілем жуатын аппарат, өзге де қажетті заттар бар. Сондықтан үйлеріндегі кілемді мектепке әкеліп жуғызады. Құрбысының кілемін тағы әкелгенде шыдамы таусылған техқызметкерлердің біразы оны тазалаудан бас тартты. Бірақ мен соңына дейін шыдап жудым. Еден жуатын 7 әйел де арыз жаздық. Жоғарыдан бүгін комиссия келгенде бізді жан-жаққа жұмсап, жиналысқа кіргізбеуге тырысты. Біз бәрібір амалын тауып жиналысқа қатысып, ойымызды ашық айттық», – дейді шағымданушылар. Міне, білім саласындағы былық-шылықтардың бірсыпарасы осылар. Бас ұстаздардың қам-қарекеттері, білім саласындағы «иі қанбаған» идеологияның жемісі.
Тексеру нәтижесінде Есенберлин атындағы директор қызметінен босатылған. Алматы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлсара Исағұлова тексеруге барған комиссия фактілерді анықтағанын, директордың орынбасары еңбек демалысынан әрі қарай өз еркімен жұмыстан кетуге арыз бергенін мәлімдеді.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ