Қазақ елі- көпұлтты қасиетті

0
2811

Қазақстан көпұлтты мемлекет. Елбасы   Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазір Ассамблеяның барлық жұмысын басқарудың тиімді механизмін жасайтын сәт туды» деген болатын.

Елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті тұрады. Бірлігі жарасқан қоғамға ел сүйсінетіні рас. «Ұлты басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір» деп бекер айтпаған шығар. Соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміздің бірі. Өзге ұлт өкілдері тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын   құрметтейді. Әрбірінің тіл үйренуге қатысты бір әңгімесі бар. Осы орайда, өз тілін менсінбей жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірнешеуін оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.

Бала кезден достарының арқасында қазақ тілін меңгерген  Юлия  Обухова бүгінде  Алматы облысы, Көксу ауданының Балпық би ауылындағы Медеубай  Құрманов атындағы №2 мектепте қазақ тіл мен әдебиет пәнінен  сабақ  береді.

– «Кішкентайымнан қазақ балаларымен жақсы араластым. Олар маған қазақ тілін үйретсе, мен оларға орыс тілін үйреттім. Тіл меңгеру барысы кезінде ешқандай қиыншылық тумады. Себебі, олар маған қолдау көрсетті. Тілімнің икемі келмейтін «қ, ң, ғ, ә» сияқты төл дыбыстарды үйрену барысында дұрыс айта алмай жатсам да, олар маған күлмеді. Керісінше, қателігімді түзеп отырды.  Содан кейін  мектепте қазақ тілінен өтетін конкурс тіпті олимпиадаға дейін қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Досаева Гүлмира, Жанар Батырғалиқызына деген  ұстаздарыма алғысым шексіз. Олар мені «өзге ұлт өкілісің» деп бөлген емес.  Қанатымды кеңге жая отырып, «Білім»  гуманитарлық-техникалық  колледжінде дәріс алдым. Қазақ тілі мен әдебиет мамандығынның хас шебері атанып, Медеубай Құрманов атындағы №2 мектепте білім берудемін. Мектебіміздің директоры  Нурила  Дінислямқызы  мамандығым бойынша өзімді көрсетуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда  декреттік демалыстамын.

Мен үшін қазақ тілі тек жұмыс құралы емес. Қазіргі таңда, балаларыма қазақша ертегілер оқып, қазақ тіліне деген махаббатты оятып келемін. Себебі, болашағымды Қазақстанмен ғана байланыстырамын» – дейді ол.  «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Жастар» орталығының басшысы Бархудар Гусенов бүгінгі таңда ұлттардың бірлестігіне өз үлесін қосуда.

– Қазақ жерінде тұрғандықтан  ұлтым әзірбайжан деп бөлінген емеспін.  Әуелде қазақ тіліндегі кейбір сөз тіркестерін дұрыс айта алмайтын едім, кейін барлығын да үйреніп алдым. Бүгінде «жастар» орталығында жұмыс жасағандықтан маған артылар жүк екі есе. Сондықтан  менің әлі де мемлекеттік тілді өте жоғары деңгейде меңгергім келеді. Қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқып, тілдің қыр-сырын үйренуге деген құлшынысымды арттырсам деймін. Бұрын білімгерлер арасында орыс тілінде көп сөйлесе, қазір қазақилыққа көшіп келеміз», – деп өзінің ішкі ойымен   бөлісті Бархудар.

Өзге мемлекеттерде мемлекеттік тіл мәселесі деген мүлдем жоқ. Ал бізде мемлекеттік тіл әлі де өзекті мәселе болып тұр. Десек те, қазір жағдай біршама өзгерген сыңайлы. Өзі өзге ұлт өкілі болса да, қазақ жігітіне тұрмыс құрып, сол елдің салт-дәстүрін, тілін сыйлап келе жатқан Зоя     Габуева ханымнан  көптеген  адам үлгі алса екен.

– «Ата-анам  Кавказ жерінен көшіп келген. Ұлтымыз Балкар. Отбасымызбен үйде қазақша сөйлесеміз. Қазақ тілінде білім беретін 10 жылдық мектепті бітірдім. Біздің үйде ұлтқа бөліну деген сияқты түсінік жоқ.  Қай жердің ауасын жұтып, қай жерде тұрмыс-тіршілік жасап жатырмыз сол елді құрметтеуге міндетті екенімізді ата-анам үнемі айтып отыратын. Қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Қазіргі уақытта екі қызымыз бар. Олар қазақ мектебінде дәріс алады. Үйде тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрлерін де жақсы білемін. Себебі, қазақ елінде тұрып, ұлттың салт-дәстүрін мен әдет-ғұрпын білмеу ұят деп санаймын».

Қазақ тілін дәріптейтіндердің қатарында Эмиль  Курбанов  та бар.

–  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде журналистика мамандығын қазақ тілінде оқып бітірдім. Дәл қазір «Огни Алатау» газетінде журналистік қызмет атқарамын. Қазақ тілін жетік меңгеруімді өміріме ғана емес қызметіме пайдаланамын. Себебі, бір кісіден сұхбат алар кезде тек қана  қазақ тілінде меңгерген болса да сұхбат ала беремін. Нәтижесінде құнды мақала туындайды. Ол жерден шынайлықты да көресіз. Тілді жетік меңгеру үшін  ең алдымен қажеттілік керек. Өйткені, сол тілге күнің қарамаса, оны үйрену де мүмкін емес. Одан соң оны қолданысқа енгізбесеңіз, тілді үйренуге жұмсалған күш пен уақыт құр босқа кететіні белгілі. Сонымен қоса, сол тілде көп  кітаптар оқып, аудармалар жасаумен айналысу қажет. Біртіндеп шағын мәтіндер жазудан бастап, маңыздысы сөйлесетін орта табу керек. Өйткені сөйлесетін адам болмаса, әрі қарай даму да мүмкін емес. Мен мектеп қабырғасынан бастап, бұл тілге деген сүйіспеншілігім оянғандықтан, еш қиындықсыз меңгеріп алдым», –  дейді  ол.

Көпшілік жерде орыс немесе өзге ұлт өкілі қазақша сайрап тұрғанын көргендердің ішінде  әлі де таңғалатын азаматтар  бар. Таңғалаудың еш қажеті жоқ дер едім.Керісінше қазақ тілін меңгеріп, құрметтегеніне риза болғанымыз жөн сияқты. Өзге ұлт өкілдері өз тілін құрметтесе де тұрып жатқан елдің дамуына үлес қосқаны жанымызға жылулық сыйлайды.

Қазақ тілі былай тұрсын, қазақ жерін менсінбей шетелге кетіп жатқан әрбір қара домалақ қазағым жоғарыда аталған жандардан үлгі алса екен.

Ұсынылып отырған өзге ұлт өкілдерінің барлығы да  өмір сүріп жатқан елге құрмет мемлекеттік тілді үйренуден басталатынын айтты. Ендеше алдағы уақытта  ана тілімізде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері  көбейіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.  Қазіргі жаһандану заманында әлемді ақпараттар ағыны жаулаған кезде көп тіл білудің өзектілігі де артып келеді. Сондықтан қазақ тілін дәірптеп қана қоймай оның қолдану аясын кеңейтуде барынша үлес қосып келе жатқан әрбір жанға алғысымыз шексіз.

Ардагүл ӘСКЕРБЕК


ПІКІР ЖАЗУ